Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ: "САЙЛАУДА ДҰРЫС ТАҢДАУ ЖАСАДЫҚ"

Уақыты: 12.06.2019
Оқылды: 1584
Бөлім: МІНБЕР

Бүгін Қазақстан Республикасы үшін тарихи күн. Сонау ата-бабалардың заманында ақ киізге көтеріп хан сайлағанындай Қазақ елі жаңа Президентін ұлықтады. Бұған дейін де талай тарихи кезеңдерді бастан өткерген Тәуелсіз мемлекет тағы бір жаңа кезеңнің парағын ашып отыр.

Ол - Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлауы. Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Конституциясына қолын қойып, Қазақ халқының алдында ант берді. Біз ежелден антқа берік халықпыз. Халықтың үмітін арқалаған әрбір қазақ баласы сенімді ақтай білетінін көзіміз көріп жүр. Тарих бетін парақтайтын болсақ, елдің жүгін арқалаған барлық азамат халықты күрделі кезеңдерден алып шығып, жақсылыққа қол жеткізді.

Олай болса, бүгінгі ант қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев та халықтың сенімін ақтайтынына мен толық сенемін. Ішкі және сыртқы дипломатияны сақтай отырып, Қазақстан Республикасын әлемдік көшбасшы елдердің қатарына қоса білетін тұлға деп атауға толық негіз бар. Ұлықтау рәсімінде өзінің Президент ретінде атқаратын жаңа бағдарламаларын атап өтті.

Мұның барлығы ел игілігі үшін істелетін істер. Халықтың әлеуметтік жағдайы мен елдің экономикасын нығайтуға өз септігін тигізетіні анық. Бағдарламасының әрбір тармағы бүгінгі кезеңнің негізгі міндеттері. Инвестиция, ауылшаруашылығы, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі және сыбайлас жемқорлықпен күрес - біздің болашағымыздың нақты қадамы.

Осындай міндеттерді жауапкершілікке алған Қасым-Жомарт Кемелұлына біз де сенім артамыз және сол сенім үдесінен шыға алатынымызға толықтай көзіміз жетеді. Осындай тарихи шарада қатысып тұрып, шынайы тебірендім. Қазақ халқы өзінің дұрыс таңдауын жасай білді. Тұлғалы азаматын таңдаған Қазақ халқын да, Президенттікке сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевты да шын жүректен құттықтаймын!

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, ҚР Еңбек ері