ТҰРҒЫНДАР НАЗАРЫНА: КӨЛ ЖАҒАЛАУЫН ТАЗА ҰСТАЙЫҚ

Уақыты: 13.06.2019
Оқылды: 1920
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы - Қаратал инспекциясы бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Таза су» акциясы өтті.

Шара ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын өткізу туралы бұйрығына сәйкес ұйымдастырылды. Акция барысында «Қаратал – Балық», «Рыбпром», «Бақытбек – Қаратал», «ТКМООиР» ЖШС, «Жусы», «Ақмарал» ШҚ жұмысшылары, Қаратал мен Сарқан ауданының тұрғындары  Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің Балқашқа құятын сағасын тазалады. Сондай-ақ, Балқаш көлінің бірнеше телімдеріндегі ескі ауларды алды.

Тұрғындар көл жағалауын тазалауға білек сыбана кірісті. Жұмыс өте қызу жүргізілді. Өзен жағасындағы күл-қоқыстарды шығару үшін «КамАЗ», кеме, қайықтар жұмылдырылды. Көл жағалауынан 15400 метр аймақта 154 дана ескі ау тазаланып, оларды арнайы орында өртеді. Акцияға жиналған тұрғындарға тазалық жұмыстары жиі жүргізілу керектігін түсіндірді.

Жиында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Қаратал инспекциясы бөлімінің басшысы Батырғазы Сейітжапаров: «Бүгінде Балқаш көлінің түбінде жатқан ескі аулар шығарылды. Жағалаулар тазаланды. Көліміздің айналасы лас болса, балыққа зиянын тигізеді. Қазір уылдырық шашатын ай. Сондықтан су айдындарын барынша таза ұстауға тырысамыз. Тазалық акциясына атсалысып жатқан жандарға алғысымды білдіремін. Игі іс тек мамыр, маусым айында ғана емес, жиі жасалып тұруы қажет. Өзен-көлдеріміздің табиғи байлығын жоғалтпай сақтап қалу – біздің парызымыз», – деп атап өтті.

Иә, су – тіршілік нәрі. Қолда бардың қадірін біліп, өзен-көлдерімізді таза ұстап, іргеде жатқан айдынымызды аялай білейік.

Айдар ҚАЛИЕВ

Қаратал ауданы

Фото ғаламтордан алынды