БІРЛІК ТҮБІ БЕРЕКЕ

Уақыты: 19.06.2019
Оқылды: 960
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, ортақ кооператив құру міндеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылы жарияланған Жолдауында Үкімет пен әкімдерге тапсырма ретінде берілген болатын. Содан бері Жетісу жерінің бірқатар шаруашылықтары өзара бірлесіп, ауылшаруашылық саласының жұмысын жандандыруға кірісіп кетті.


Сондай кооперативтің қатарына Ұйғыр ауданы, Шарын ауылдық округінде орналасқан «Албеков» өндірістік кооперативі жатады. 

Негізінен туған топырақтың құнарлылығын пайдаланып, егіншілікті өркендетіп отырған кооператив мал шаруашылығымен де айналысады. Өндірістік кооператив жетекшісі Сырым Омаровтың айтуынша, қазақтың «бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөзі рас. Өйткені, кооперативке бірлескелі шаруалар жыл сайын мемлекеттен субсидия, лизинг сынды жеңілдіктерден бөлек тыңайтқыш пен жанар-жағармайды маусым кезінде арзандатылған бағамен алады. Соның арқасында шаруашылықтың жұмысы қарқын алып, диқандардың табысы ұлғайған.
– 4 шаруа қожалығының басын біріктірген өндірістік кооперативте 1 мың 200 гектар жер бар. 740 гектар жерге жүгері егеміз, қалғанын жоңышқа алқабы құрайды, – деген кооператив жетекшісі Сырым Жомартұлы жылына қанша адамды жұмыспен қамтитынын атап өтті. – Одан бөлек, мал шаруашылығымен де айналысамыз. Құдайға шүкір, 240 бас сиыр, 200 жылқы, 700-ге жуық қойымыз өсіп келеді. Жаз жайлауға шығып, қыста қыстауға түсу малшыларымыздың сүйікті ісі. Солардың бәрін қосқанда өндірістік шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Одан бөлек егістік, шабындық, мал төлдету сынды әрбір науқан сайын тағы 30 адамды жұмысқа аламыз. Оларға берілетін айлық жалақы 70 мың теңгеден басталады. Жалпы, шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, ортақ өндірістік кооператив құрудың тиімділігін алғашқы жылдан-ақ сездік. Өйткені, қажетті техника мен құрылғыларды бірлесе қолданудың пайдасы шаш етектен. Оның үстіне жыл сайын бір жерге белгілі бір дақылды себе беру топырақтың құнарын қашырып, өнім мөлшері мен түсімге қатты әсер етеді. Сол себепті, ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша жүгері алқабын әр 4-5 жыл сайын ауыстырып отырамыз. Мына алқапқа бұған дейін жоңышқа өсірілген болатын. Биыл жүгері өсірмекшіміз.

Егістіктің ылғалын сақтау үшін арнайы топырақ қопсытқышпен кесектерді уата жүруді қадағалаған «Албеков» өндірістік кооперативінің жетекшісі Жомарт Омаров механизаторларға нақты тапсырма бере отырып, өз өмірінен сыр шертті. Бес ұлдың әкесі тілшілер қауымына жақындығын білдіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргенін атап өтті. Тіршіліктің түйткілімен ауылшаруашылық саласын өркендеткен кейіпкеріміз бізбен осылай қоштасты.

Мәди АЛЖАНБАЙ