БАСТЫ МӘСЕЛЕ - ДИАЛОГ АЛАҢЫН ҚҰРУ

Уақыты: 19.06.2019
Оқылды: 1811
Бөлім: МІНБЕР

Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» облыстық коалициясы Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында кезекті рет бас қосып, ел тізгінін ұстаған жаңа Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, сайлау жұмысының жемісті нәтижелері, ортақ жұмыстарға баға беру, алдағы жоспарлармен бөлісу сынды тақырыптарды талқылады.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған аймақтық коалиция жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев:

– Біз барша қазақстандықтарды тұтастыққа, бірлікке және біздің негізгі құндылықтарымызға ұқыпты қарауға шақыруымыз керек. Қазақстан жолының сабақтастығы баршамызға байланысты. Өз сөзімізбен және әрекетімізбен Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған елдің стратегиялық басымдықтарына абсолютті қолдау көрсетуге және Елбасының Тәуелсіздікті нығайтуға, елді жүйелі жаңғыртуға және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағытын бірге жалғастыруға тиіспіз, – деп  әлемдегі және еліміздегі саяси үдерістердің тиімділігі мен зиянын әңгімеледі.

Отырыста «Ақ Жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының төрайымы Мейраш Шынасилова, «Бірлік» саяси партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дамир Боранбай, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Сәуле Бигарова, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, аймақтық коалициясының мүшесі Атсалим Идигов, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров өз ойларын ортаға салып, бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты ту еткен еліміздің өркендеуі жолында атқарылуы тиіс мәселелерге тоқталды.

– Бүгінгі күннің басты мәселесі – ашық диалог алаңын құру, халықтың көкейінде жүрген маңызды мәселелердің шешілуіне белсене атсалысу, – деген Садық Әбдіқадыров өз ойын ашық білдірді. – Коалиция мүшелері көпшіліктің мұң-мұқтажын, талап-тілектерін осындай алаңда айтып, талқылап, ұсыныстарға енгізілсе, кез келген күрделі, күрмеуі шешілмеген проблемалардың жолдарын бірлесіп қарастырамыз. Алдағы уақытта әрқайсыңыздан ұсыныстар күтеміз. Біздің коалиция мүшелерінің ішінде облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де бар. Ол жердегі маңызды жұмыстардың бағытын осындай жиындарда да жалғастырып, ортақ іс атқарсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Жиын соңында аймақтық коалиция мүшелері бірауыздан жалпыұлттық  үндеуге қосылып, қолдау танытты.

Мәди АЛЖАНБАЙ