БИДАЙ ТҮРЛЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 09.07.2019
Оқылды: 1519
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қарабұлақ ауылындағы «Хильниченко және К» жеке шаруашылығы аумағында тұқым шаруашылығына қатысты семинар-тренинг өтті. Шара барысында күздік бидай түрлерінің агротехнологиясы таныстырылды.


«Хильниченко және К» «Tukum.kz» және «Щелково агрохим-kz» серіктестіктерінің ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров арнайы қатысты. Облыстың әр өңірінен келген қатысушылар алдымен «Безостая-100» күздік бидайын өсіру, күтіп-баптау технологиясымен танысты.

Бірінші болып сөз кезегін алған Серікжан Іслямұлы жаңа технологияларды қолданудың артықшылықтарына тоқталды. Сондай-ақ, сауда кеңістігінде бәсекелес бола алатын өнімдердің санын көбейту қажеттігін де қозғады. Ал аудан әкімі Бағлан Тәнекенов агро шаруашылықтағы жеткен жетістіктерге тоқталды.

Өткен жылы ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 28 млрд. теңгені құрады. 50116 гектарға өнім себілді. Қант қызылшасын жинап-өсіру бойынша шаруашылықтарға барлық мүмкіндіктер жасалынып, бақылауға алынып, 2236 гектардан 120 мың тонна тәтті түбір жиналды. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 2600 гектарға жеткіздік. 2022 жылға дейін ауылшаруашылығы өнімін өндіруді 2,5 есеге дейін өсіру жоспарда бар, – деді Б. Сағындықұлы.

Өз кезегінде баяндама жасаған «Адал» АҚ кеңесшісі Керімтай Абдрахманов Краснодар қаласына барып-келгендегі тәжірибесімен бөлісті. Ол «Адал» шаруашылығы үшін жүгері тұқымы гибридін іздестіру барысында «Кубан», «Пионер» сынды кәсіпорындардың жұмысын зерттеген.

Одан бөлек, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов «Безостая-100» сортының агробиологиялық мінездемесіне тоқталды. «Хильниченко және К» серіктестігінің жетекшісі Виктор Хильченко дәнді дақылдар, жүгері, сояны өсірудегі тәжірибесімен бөлісті.

Соңынан дәнді және басқа да сортты жаңартудың, алмастырудың өзектілігі, жоғары әрі сапалы егін өсіруге қатысты сауалдар қойылды.

Еңлік ҚАБДЕШ
Ескелді ауданым