БАСПАНА БАҚЫТЫ

Уақыты: 09.07.2019
Оқылды: 1008
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астана күніне орай Мұқаншы, Балпық, Жарлыөзек, Айнабұлақ және Еңбекші ауылдық округтерінде 13 көпбалалы отбасына тұрғын үй кілті табысталды.


Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Алмас Әділ баспаналы болған отбасыларды қуанышымен құттықтады.

Бүгінде өңірде мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй құрылысы қарқын алғаны байқалады. Көпбалалы отбасыларын баспанамен қамту бағытында 123 миллионнан астам теңге бөлінді. Қаражатқа 21 үй сатып аламыз. Қалған 8-і конкурс негізінде сатып алынып, тамыз айының соңында табысталады. Балпық би ауылында 50 пәтерлі үй қараша айында қолданысқа беріледі. Одан бөлек, 20 пәтерлі баспананың құрылысы басталды, – деген А. Қабдулұлы «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында да тұрғынүй құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Мұқаншы ауылдық округіне қарасты Көксу бекетінен үйге ие болған Қойлыбаевтар отбасы қуанышты жаңалықты бір күн бұрын естігендігін айтты. Нұрым, Сырым, Назым, Арсен, Дәрия есімді балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы 8 жылдан астам уақыт пәтер жалдап тұрған.

Өз үйіміз болатынын естігенде сенбедік. Шын ба деп қайта-қайта сұрадық. Қолымызға кілтті табыстағанда ғана сендік. Балаларымның қуанышында шек жоқ. Өз баспанаң болғанға не жетсін?! Осындай шараның басы-қасында жүріп, көмек қолын созып жүрген басшылыққа алғысымыз шексіз, – дейді көпбалалы ана Ботагөз Қойлыбаева.

Ал, Қартбаевтар отбасы Балпық би ауылында 90 шаршы метр баспанаға қол жеткізгенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.

Біз 13 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрдық. Өзіміздің баспанамыз болмады. Кезекте 9 жыл тұрып, өз үйімізге қол жеткіздік. Бүгін – отбасымыз үшін ең бақытты күн. Хабарласып, сіздер үйлі болдыңыздар дегенде қуаныштан көз жасымызды жасыра алмадық, – деді Мерует Қартбаева.

Ауданда 936 көпбалалы отбасы тіркелген. Сондай-ақ, 634 «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бар.

Игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 

Еңлік ҚАБДЕШ

Көксу ауданы