АРЫС ҚАЛАСЫНАН КЕЛДІ

Уақыты: 10.07.2019
Оқылды: 953
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жуырда Арыс қаласындағы апатты көзімен көріп, санасын қорқыныш билеген 140-қа жуық балдырған Жетісу жеріне жеткізілді. Алматыдағы теміржол вокзалынан зор қошеметпен қарсы алынған жас жеткіншектерге  ән мен жырдан шашу шашылды. Салтанатты қарсы алудан соң арыстық балалар Еңбекшіқазақ ауданы Түрген шатқалындағы "Тау-Жаңашар" демалыс орнына жеткізілді.


– Мұнда келген балалардың денсаулығы жіті қадағаланады. Оларды түгелдей клиникалық диагностикалық зерттеуден өткізу жоспарланған. Білікті педиатрларымыз тәулік бойы денсаулықтарын қадағаласа, қосымша психологтар мен дерматологтар қызмет көрсетеді, – дейді Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Алтынбекова. 

– Балалардың көңіл күйі өте жақсы. Демалыс орнында тынығумен қатар оқуға, серуендеуге айрықша көңіл бөлінетін болады. Бұл орайда әлеуметтік педагогтар көмектеседі. "Тау-Жаңашар " демалыс орнында 20 күн демалған соң қалған 10 күнін Қапшағайдағы "Күншуақ" лагерінде жалғастыратын болады. Балалардың толыққанды демалып қайтуына облыстық бюджеттен 30 млн. теңге бөлінді, – дейді облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы Гүлжан Елубаева. 

Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесі кезінде жеткен балаларды Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Ысқақ Бинәлі зор құрметпен қарсы алып, жас жеткіншектерге жазғы демалыстарының көңілді өтуіне тілектестігін білдірді.

Табиғаты көркем Жетісу жеріне, әсіресе, ару Алматыға алғаш табаны тиген балалардың жазғы демалыстарының есте қаларлықтай әсерлі өтуіне спорт және эстрада жұлдыздары да атсалысады деп күтілуде. 

Ал әзірге Алатаудың баурайында демалыстарын бастап кеткен балалардың қуанышты күміс күлкілері көк аспан төрінде қалықтауда. 
Айта кетерлігі, арыстық жас жеткіншектер көркем табиғаттың баурайында 20 күн демалып, Арыстағы апатты жағдайдан жан жарасын жазып, жаңа оқу жылына жақсы көңіл күйімен оралатын болады. 

Ұ. БӨРІБАЙҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы