ҮЙ АЛЫП БЕРДІ

Уақыты: 10.07.2019
Оқылды: 679
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Текеліде «Фирма СМР» ЖШС қаладағы бір отбасын қуантып, үй сатып алып берді. Баспананың кілтін табыстауға моноқаланың әкімі Бақтияр Өнербаев пен игі іске себепші болған компанияның директоры Жанболат Піржанов келді. 


Компания әуелі көпбалалы ана туралы және оның отағасы І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан екенін әкімдіктен біліп, көмек қолын созды. Жеті баланы тәрбиелеп отырған Александр Сизиков пен Наталья Мельникованың көп жылдан бері жалдап келген төрт бөлмелі үйін иесінен сатып алып, сыйға берді. Қаратал көшесінде орналасқан үйдің жаңа иесі Александр әуелі үйді сыйға берген жандарға алғысын айтып, «жүзіме келген қуанышты қоя беріңіз, іштегі жанартаудай жарылғалы тұрған сезімімді білсеңіздер ғой», – деп рахметін айтты. 

Демеушілік көрсеткен «Фирма СМР» ЖШС директоры Жанболат Піржанов: «Әр қалталы азамат игі іспен айналысып, осындай мұқтаж отбасыларға көмектессе, еліміздің дамуы ерекше болады. Біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше, қаражатымыз жеткенше көмек беруге дайынбыз», – деді. Отбасының он үш жастағы кенже ұлы Раул көзін ашқалы көрген үйдің өз иеліктеріне өткеніне қуанып, баспана сыйлаған жандарға ізгі тілегін білдірді.  

Қали АСҚАР