ЖЕТІСУДЫҢ ЖАҢА БРЕНДІ

Уақыты: 10.07.2019
Оқылды: 976
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы «Сана» халық- аралық жекеменшік корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрғақ құрылыс қоспаларын шығарумен айналысатын кәсіпорын. Бұл өндіріс ошағын бизнес саласында жиырма бес жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер Сайлау Ахметжанов ашқан. 


Зауытта күніне 50 тонна өнім шығарылады. Дайын өнімдердің алты түрі «Sanamix» брендімен сатылымға шығарылуда. Олар цемент сылауы, гипс сылауы, кафельді желім, құйма еден, теңдестіруші тегістеуіш және көмбе тегістеуіш деп аталады. Отандық өнімнің жоғары сапасын неміс және швейцариялық технология қамтамасыз етеді. 

Өнімнің тағы бір ерекшелігі – оның бағасында. Тауар құны нарықтық бағадан төмен. 

«Қазіргі өндіріс көлемі алдағы уақытта өңірді құрғақ құрылыс қоспаларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сапасы жағынан «Alinex» немесе «Rotband» сияқты танымал брендтерден еш кем емес. «Sanamix» олармен тең дәрежеде бәсекелесе алды. Сонымен бірге біздің өнім 700-800 теңгеге арзан», – дейді «Сана» ХЖК» басшысы Сайлау Ахметжанов. 

Өндіріс орнында он екі адам жұмыс істейді. Бәрі жергілікті тұрғындар. Қазіргі таңда кәсіпорын болашақ серіктестерімен тауарды өткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Ендігі кезекте «Sanamix» отандық брендін құрылыс дүкендерінің сөресінен көретін боламыз. Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасы аталмыш серіктестікті отандық тауар өндірушілер тізіміне енгізіп, кәсіпорынға мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік сатып алуға қатысу, өнімдерді нарыққа шығару, тағы басқа бағыттар бойынша сүйемелдеу жүргізбек.

Айгүл Байжұмақызы