ҚАЗАҚ ШИПАГЕРЛЕРІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН

Уақыты: 10.07.2019
Оқылды: 1761
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1997 жылдың көктем айының бір күні «Жас Алаш» газетінің редакциясында өз бөлмемде отырған едім. Дәлізде абыр-сабыр болып, адам дауыстары естілді. «Не болды екен?» деп дәлізге шықтым. Сөйтсем, бөлім редакторлары жиналып, әңгімелесіп тұр екен. 


Солардың бірінен не болып жатқанын сұрадым. Ол: «Көрмедің бе, редакциямызға танымал емші, ақын-сазгер, республикадағы халық емшілерінің басшысы Зядан қажы Қожалымов ағаның келгенін, әрі ол кісінің «Құдірет» әні, сөзі мен нотасы  газетімізде жарияланған»,–деді.  «Ол кісі қайда?», – деп сұрадым. «Қазір шығады, бас редактордың бөлмесінде отыр. Бәріміз сол танымал ағаның қолын ұстап, батасын алайық деп күтіп тұрмыз», – деді. Мен қалың ойға шомдым.

Зядан қажыны жастайымнан білуші едім. Өйткені, Сарыжаз ауылында бірге тұрдық. Нарынқол ауданына қарасты Сарыжаз ауылы мыңдаған тұрғыны бар, тоғыз жолдың торабында орналасқан үлкен орталықтың бірі еді. Осы ауылда ағаның Ләззат, Гүлзат есімді қыздарымен бірге мектепте оқыдым. Зайыбы Түймекүл Құлмаханқызы дәріханада меңгеруші-провизор болып жұмыс істеді. Ол кезде балалары – Мақсат, Аршат, кенже қызы Гүлшат та кішкентай болатын. Бәрі көз алдымда өсті. Зядан қажы сол кездері аудандық электр жүйесі орталығын басқаратын. Сол ағамызбен араға біраз жыл салып кездескелі тұрмын.

Зядан қажы бас редактордың бөлмесінен шықты. Жиналып тұрған журналистердің бәрі амандасты. Мен де жақындап барып қолын алдым. – Аға, қалайсыз, саламатсыз ба? – дей бергенім сол еді, – әй, сен Әлғожа ағаның інісі, Қоржынбай ағаның баласы емессің бе, осында істейсің бе? – деп күлді де жөн сұрады. Әңгімеден соң мені құшақтап, ұжым алдында беделімді бір көтерді. 

Содан редакция ұжымы Зядан қажының құрметіне орай кездесу ұйымдастырды. Онда емшілік, ақындық, сазгерлік, жазушылық жайында әңгіме өрбіді. 1998 жылдың күз айында «Шапағат-Нұр» республикалық діни ислам журналына бас редактордың орынбасары қызметіне тұрдым. Бірде Зядан қажы аға редакцияға келді. «Құдай атаққұмарлардан сақтасын!» атты мақала жазыпты. Онда елдегі атақты шипагерлер әбден сыналған. Сол жылдары «сәуегей емшілер» қаптап кеткен еді. Өзін пайғамбар санап, «әулиемін» дейтіндер де кездесті. Ағамыз соларға заңды түрде тосқауыл қою туралы мәселе көтерген. Мақала жарыққа шыққаннан кейін де біраз емші редакцияға келіп, қарсылық білдірген еді. Бірақ, бұл мен үшін емшілермен бірге қызмет етудің басы болатын. Себебі, мен көп ұзамай Райымбек батыр қоғамдық қорына меңгерушілікке қызметке тұрдым. 

Бірде  Райымбек баба кесенесіне Зядан қажы тәу етуге келді. Сол жердегі кездесуде көп әңгіме айтылды. Халық емшілерінің жағдайымен таныстырып, өзі басқаратын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығына» баспасөз хатшысы қызметіне шақырды. Аға ақылын тыңдап, соңынан ердім. Содан бері сол кісімен біргемін. Зядан қажы 1944 жылдың шілде айының 1-жұлдызында Хан Тәңірі баурайындағы Текес деген ауылда дүниеге келген. Райымбек ауданының  Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ғылыми атақтары да бар. Академик, халық медицинасының профессоры, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым, философ-психолог, шежіреші, дінтанушы, ақын-сазгер. 2005 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Алғыс хатымен  марапатталған.

Сондай-ақ, халықаралық ұйымның «Қазақстанның даңқы», «Халық мақтанышы», «Экономика мақтанышы» ордендерімен және «Сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін», «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» медальдары мен республикалық марапаттау комиссиясының «Еңбек үздігі», «Медицина саласының үздігі» медальдарымен, «Жылдың үздік басшысы» Халықаралық Ұлттық сертификатымен марапатталған. Көптеген халықаралық ұйымдар мен Ресей және Қазақстан халық медицинасы ұйымдарының сертификаты мен медальдарының иегері. 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, ҚР Халық медицинасы және Ғарыштыққуат академиясының президенті әрі академигі, Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтар мен емшілер қауымдастығының президенті, Халықаралық «Экология» академиясының академигі, Халықаралық «М. Нострадамус атындағы  тылсым ғалымдар Академиясының»  академигі, «Әлемдік рухани және халық емшілері Академиясының» академигі, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет  медицинасы журналының редакция мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің ақылдастар алқасының төрағасы әрі газеттің бас редакторы. Әлемдік емші, халықаралық дәрежедегі парапсихолог.

Зядан қажының есімі «Жетісу» энциклопедиясына, «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» жинағына, «Қазақстан қажылары» кітабына енген. «Батыр баба Әлмерек», «Албан шежіресі», «Хан Тәңірі қырандары» атты кітап авторларының бірі. 30 кітаптың авторы, оның ішінде 13 монографиялық еңбекті жазса, 700-ден аса ғылыми-танымдық, тәрбиелік, рухани шипагерлік жайлы мақалалары 60-тан аса газетке және 15-тен аса журнал мен қазақ энциклопедиясы мен ғылыми журналдарға жарияланған. 70-тен аса автордың Зядан қажы жөнінде зерттеулері мен оң пікірлері де баспасөзде жарияланды. 40-қа жуық әннің сөзі мен сазының және бірнеше арнау-толғаудың авторы. Осыншама еңбек иесін ел есінде мәңгі қалдырып, алтын әріппен жазсақ та артық болмас деген ойдамын.

1991 жылы 22 желтоқсанда Қазақстан халық емшілері қауымдастығын құрып, президенті болып сайланғанда жоғары биліктегі әлдекімдердің кесірінен 20 жылға жуық уақыт қысымға ұшырады. Сөйтіп, қауымдастықтың қызметі 1992–1993 жылдары үш айға тоқтатылды. Моральдық, материалдық жағынан қанша шығынға ұшыраса да халық емшілерінің ұйымын қорғап, қайта қызметке кірісуіне жол ашты. 

Ағаның тағы бір жетістігі – ХV ғасырдың қараүзген жаһангер шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабаның рухын тірілтті. Ұлы шипагердің «Шипагерлік баян» атты еңбегін Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының басшылығымен зерттеп, әлемдік ғылыми айналымға енгізді. Аталған университеттің ғылыми кеңесінің бекітуімен «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми-монографиялық диссертациялық еңбегі баспадан шықты. Бүгінде Өтейбойдақ баба жазған құнды еңбек «Шипагерлік баян» кітабы Зядан қажы жазған 30 кітаппен толысып, сырқат жандардың ауруын емдеуде таптырмас құралға айналды. Осылайша, талай жылғы еңбектің нәтижесінде «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» қызметін сырт елдерге де танытып, халық медицинасының ғылыми орталығына айналдырды. 

Осындай еңбек иесі Зядан қажы аға биыл 75 жасқа толады. Абыройлы ел ағасы бүгінде зайыбы Түймекүл апай екеуі немерелері мен шөберелерінің қызығына бөленіп отырған өнегелі отбасы. Ағаның есімі халық емшілігі саласының биік шыңын бағындырып, қазақ шипагерлігін әлемге танытқан зерттеуші ғалым ретінде тарихта қалды. Десек те алар асу әлі алда.  Деніңіз сау болып, армандарыңыз орындалып, Түймекүл апа екеуіңіз ұрпақтарыңыздың қызығын бірге көріп, бақытты ғұмыр кешіңіздер   деген ақ тілегімізді білдіргіміз келеді.

Жанболат СӘРСЕНБАЙ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 
Алматы қаласы