АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АРЫСҚА БАРДЫ

Уақыты: 12.07.2019
Оқылды: 748
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күллі Қазақстан халқының назарын аударып, ел-жұртты алаңдатқан Арыс қаласындағы жарылыстың салдарын жою жұмыстары қарқын алып келеді. Бүгінгі күні шағын қалада шатыры құлап, терезесі қираған үйлер еліміздің барлық тарапынан келген құрылысшылардың көмегімен жөнделіп, жергілікті халықтың алаңдаушылығы азайып отыр. Қаладағы жағдайды өз көздерімен көріп шығуды ойластырған ҚР Үкіметінің Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған жұмысшы тобы мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектің нәтижесімен танысты. Жұмыс тобының қатарында жүрген облыс әкімі Амандық Баталов Алматы облысына бөлінген №15 аумақтық штабта қолға алынған жұмыстың барысын бақылады.

Арыс қаласының "Задарья" шағынауданына жататын аумақтың жұртшылығы штабқа арнайы келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Амандық Баталовқа өздерін толғандырған жайттарды әңгімеледі. Атап айтқанда, Қажымұқан көшесінде тұратын Гүлбағиза Сұлтанова жарылыс орын алған күні кішкентай баласын көлік қағып кеткенін, соған орай Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бақылауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы аурухананың жансақтау бөліміне алынып, емдеу шараларын алып жатқанына ризашылығын білдірді. Осыған орай кейуананың жағдайын біліп, қажетті көмекті алуы үшін арнайы мамандар жіберетінін жеткізген қос облыстың әкімі №15 аумақтағы жұмыстың жеделдеуіне жауапты мамандардан есеп алды. Бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа нақты тапсырмалар берген Амандық Ғаббасұлы құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысатын мердігер компаниялардың басшыларына жөндеу қарқынын арттыруды тапсырды.

Атап айтқанда, Алматы облысына берілген №15 участокте 854 тұрғын үй зардап шеккен. Қазір арнайы мамандардан құралған комиссия үйлерді тексеріп, қажетті құжаттарын қабылдап алуда. Егер баспана жарылыстан зардап шегіп, үй иесіне айтарлықтай шығын келтірсе, мемлекеттен қажетті құрылыс материалы бөлініп, шатыры мен терезесі қалпына келтіріледі. Яғни, шын мәнінде  зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі.

Қалпына келтіру жұмыстарына бюджет қаржысын тиімді игеруге мүмкіндік беретін арнайы лицензиялары бар жергілікті мердігер ұйымдар қатыстырылады. Бүгінгі күні тексеруден өткен 760 тұрғын үйдің ішінде бір үй ғана толығымен қалпына келтіруді қажет етеді. Осындай мәліметтермен таныстырған облыс әкімі Амандық Баталов:

– Бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстары 159 үйге жүргізілуде. Онда да үйлердің ішкі және сыртқы сылағы қайта сыланып, шатыры, терезесі мен есігі жөнделуде, – деп атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесін айтып өтті. – Алдын ала жүргізілген есеп бойынша №15 участоктағы қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 2 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Оның тең жартысы облыстық бюджеттен бөлінсе, қалған жартысын Үкіметтің қорынан бөлуге өтініш беріліп отыр. Дәл қазір облыстық бюджеттен 251 миллион теңге бөлініп отыр, облыстық мәслихаттың кезекті отырысында бюджет қаржысын бөлу мәселесі қаралады. Сондықтан да, құрметті мердігер ұйымдардың жетекшілері, қажетті қаржы мерзімінде жеткізіледі. Сіздерге жүктелер міндет – межеленген мерзімде тұрғындарды үйлеріне кіргізу. Әйтпесе, шатыры жоқ үйлеріне алаңдаған жұртшылық «Жаңбыр жауса қайтеміз?» деген уайымға ұрынуда.

№15 штабта тұрғындарды қабылдап, түсіндіру жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр.

Мәди Алжанбай

Суретті түсірген Руслан Қадіров