АБАЙДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ТУРАЛЫ ЖАРЛЫҚ ШЫҚТЫ

Уақыты: 18.07.2019
Оқылды: 1676
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Абай туғанына 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 500-ге жуық түрлі шара қамтылған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындалу мен өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасы қаралды.

Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Абай» көркем фильмінің шығарылымы, Абай шығармаларының шет тілдеріне аударылымы ескерілген. Сонымен қатар, Абай үйі-музейінің жан-жақты тыныстырылымы шарасын өткізу, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ғылыми-реставрациялық жұмыстарын жүргізу, Құнанбайдың тұлғалық маңыздылығы мен тарихи-мәдени рөлін арттыру шараларын қабылдау қамтылған.

Бұған қоса, бүгінде әлеуметтік желілерде сәтті іске асырылған #Abai175 челленджі жаһандық форматта жалғасын табатын болады.

Мемлекеттік комиссияның отырысында Г. Әбдіқалықова мерейтойды ұйымдастыруға қатысты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Айта кетейік, 30 мамырда «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шықты. Осы ретте дайындық жұмыстары мен мерейтойды өткізуге байланысты мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, көрнекті жазушылар мен қоғам қайраткерлері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шығармашылық қоғам өкілдері енді.


Inform.kz