ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ҰЛЫЛЫҚҚА БАСТАЙДЫ

Уақыты: 18.07.2019
Оқылды: 808
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дана халқымызда: «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген нақыл бар. Расында, еліміздің өткен тарихын саралап көрсек, «Күлтөбенің басында күнде кеңес құрған» бабаларымыз ел мен жердің келешегі үшін кемел шешімдер жасағаны анық. Кешегі ел басына күн туғанда билер кеңесінің өзі өркенді елдің бірлігі мен берекесін ұйыстырғаны бәрімізге мәлім. Ендеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Ұлттық кеңестің құрылғаны бағзыздан бергі көшпенділер өркениетінің ұлы бастамаларының бүгінгі көрінісі деуге әбден болады.

Бәріңізге белгілі, Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес туралы алдымен өзінің сайлауалды бағдарламасында айтты және президенттік қызметіне ресми кірісу рәсімінде тағы да қайталады. Мұндағы негізгі мақсаты – билік пен қоғамның түрлі өкілдері арасындағы жаңа коммуникациялық алаң құру. Осы арқылы еліміздегі толғақты мәселелерді шешіп, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалау. Сондай-ақ, бүгінде ел ішіндегі күрмеулі мәселелерді анықтап, оны халықпен бірлесе отырып шешудің жаңа бағытын қалыптастыру болатын. Ұлттық кеңес осы міндетті абыроймен атқарады деген сенімдеміз.

Осыған дейін халық арасында Ұлттық кеңестің құрамына кімдер шақырылады деген сұрақ жиі қойылып келді. Әрине, кез келген кеңесті құру қиын емес, дегенмен, онда қоғамға пайдалы идеяларды объективті, нақты айтып, соны жүзеге асыру жолдарын ұсына алатын адамдарды таңдап алу маңызды. Әу баста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кеңес құрамында тек сөзімен ғана емес, ісімен де қоғамға пайда келтіретін адамдар енеді», – деп атап көрсеткен болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлының тәжірибесі мол дипломат ретінде осынау Кеңесті құрып, оны сәтті жүзеге асыра алатынына сенген едік. Бүгінде сол Кеңестің алғашқы құрамы анықталып, жұртқа жария болды. Байқасаңыз, кеңес мүшелерінің дені елдегі түрлі топтар мен партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен, соның ішінде ісімен де, сөзімен де жұрттың қамын ойлап, оларды ұйыстырып, алға жетелей алатын белсенді адамдар екені көрініп тұр. Олар алдағы уақытта билік пен қоғамның түрлі өкілдері арасында жаңа диалог алаңын құрып, елдің келешегіне кемел жол салмақ.

«Асықсаң жақсылыққа асық» дегендей, жақсы бастаманың елдің жарқын келешегіне  даңғыл жол салатындығы анық.

 

Оралбек ЖАҚИЯНОВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы