ДОС БОЛЫП ҚАС ҚЫЛҒАННАН САҚТА, ҚҰДАЙ

Уақыты: 27.07.2019
Оқылды: 2098
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көрген жанның көз жауын алатын көрікті Көлсайымен аты асқақтаған  Кеген ауданындағы  Аспантаулардың сәруәр сiлемiне жамбастап жатқан бiр ауыл бар. Аты – Тоғызбұлақ. Таудың қуысында, Құдайдың уысында жатқан несiбелi мекен. «Жатып қалып бiр тоқты, жайылып мың қой болған жер», – деп қасиеттi қара шалдар сондай мекендi айтқан болар, әсiлi.  37-де тоғыз грамм қорғасынның құрбаны болған жетiсулық әйгiлi ағартушы һәм ақын-композитор Қапез Байғабылұлы 1896 жылы сол өңiрде дүниеге келген. Қыстауы – үш Меркiнiң сағасындағы Ақтоғай. 17 жасында Ыстамбұлға барып, бiлiм тоқып қайтқан. Кейiн ағартушылық жолын таңдап, жүрген жерiнiң бәрiнде мектеп ашып, елдi сауаттандыру iсiмен айналысты. 1937 жылы Коми АССР-нiң Ухта қаласында атылған. Шығыстың қисса-дастандарынан мол хабардар болған кiсi. 


Қапездiң әндерiн жарыққа шығарған талантты әншi  Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегi Ғалымжан Досанұлы едi. 1996 жылы 29 жасында белгiсiз жағдайда Ташкентте көз жұмды.

Қапез 1920-25 жылы Жалаңашта мектеп ашып, сол аймақтағы жастарды оқытты. Әйгiлi академик Ақай Нүсiпбеков ең алғаш Қапезден тәлiм алған. Кейiн аудандық бiлiм беру басқармасын басқарды, үш ауданның (Нарынқол, Кеген, Ұйғыр) ағартушысы болды. Ораз Жандосов Кеген ауданына I хатшы болып келгенде Қапездiң iскерлiгiне, шешендiгiне, ел бастауыш көсемдiгiне айрықша тәнтi болыпты. Бюро мүшесi болды.

1934 жылы қарағайдан қидырып мектеп салды. Алыс түкпiрлерден мұғалiмдер алдырды. Кейiн Қапез Байғабылұлы ұсталып кеткен соң Аралдағы мектептi нөмiрлеп отырып бұзып, Тоғызбұлаққа әкелiп тұрғызды. Қазiр Қапездiң атында. Бұл – ашаршылықтың аяғы, репрессияның басы қылтиған кез. 1931-33 жылдардағы ашаршылық кезiнде Қапез Қарағандыдан ауып келген 60 үйдiң басын қосып, «Облатком» деген ауыл құрды. Алдына мал салып, басына баспана бергiздi. Ол өзiне жүктелген барлық мiндеттi абыроймен атқарып шықты. Ауып келген жұртты құтты қонысқа орналастырды.

Сөйтiп, 1937 жылы 12 желтоқсанда Жоғарғы Кеңеске тұңғыш рет депутат сайлау науқаны өтедi. Жергiлiктi билiк Салиха Оңғарбаева деген сауыншы әйелдi ұсынады. Жоғарыдағылар Жалаңаш аймағындағы сайлау науқанын Қапезге тапсырады. Кiрген жерiн бесiк, шыққан жерiн есiк етiп жүретiн Қапез халықты өз сөзiне тоқтатады. Сөйтiп, сауыншы депутат атанады. Арада төрт күн өткен соң Нүсiпәлi Сыдықов, Қайыпов Қыдық, Әбiш, Саңқай дейтiн ауданның игi жақсылары кешқұрым Қапездiң үйiне жиналады. Қонақтарға арнап қазанға ет салынады. Патефонды ойнатып қойып, бiр бұрышта отырған Қапездiң үлкен ұлы Нұржiгiт апақ-сапақта ауладан шыққан тосын дыбысты естидi. Далаға шықса көршi үйдегi Кеген аудандық атқару комитетiнiң орынбасары Таубек Намазбековтi ГПУ-дiң екi жендетi алдына салып айдап барады екен. Бұл жағдайды көрген Нұржiгiт шешесiне айтады. Екi көзi төрт болып Қапездiң жары отыр. Ет пiсуге тақап қалғанда үй иесi Қапез де келедi. Үйде отырған қонақтардың бәрi жақсы таныс, бiрақ «бiздiң үйге ат iзiн салмайтын Қыдықты мұнда қай Құдай айдап келдi екен?» деген күдiк-күмәннiң ортасында қалғаны да рас. Сол аралықта есiк қағылады. Шалқалай ашылған есiктiң арғы жағынан өңi өрт сөндiргендей екi-үш адам кiрiп келедi. Бiреуi Жаркенттен келген ұйғыр, Әзизов дейтiн ГПУ-дiң нәшәндiгi. Екiншiсi – хатшысы, Қарағанды жақтан ауып келген, кезiнде Қапездiң шапағатын көп көрген адам. Үшiншiсi, Өскенбай Өмiржанов дейтiн Қапездiң үйiнен неше рет дәм татқан азамат. Әзизов «дереу үкiмдi оқы» деп Өскенбайды түртпектейдi. Өскенбай: «Қапез талайларға пана болған, балалардың сауатын ашқан айтулы ағартушы ғой» деп ежiктей бастағанда-ақ көзi қанталаған Әзизов Қапезге өзiн тұтқындау туралы қағазды ұсына қояды. «Бәрiн түсiнiп отырмын, бюродан жаңа ғана шыққам. Дұрыс, құзғындарым, тажал бiзге де таяған екен. Ей, Өскенбай! Мыналардың iшiнде сөз түсiнетiнi сен болуың керек, балаларымды қорқытпа. Дәл қазiр екi қызым, бiр ұлым ұйықтап жатыр. Ал мына Нұржiгiт 17 жаста, ол есейiп қалған, бәрiн көзiмен көрiп тұр. Аман болса келер ұрпаққа ақиқатты осылар айтады. Ал тiнтiңдер, менде қарағайдан ойып жасаған домбырадан өзге қару жоқ. Тек бөрi қайратты жүрек бар. Тәуекел, көрдiк басқа салғанды. Дәтке қуат!» деп Қапез жинала бастайды. Жендеттер қолға iлiккен қағаздарды теңдеп, Қапездi алдына салып айдап әкетедi. Бұл – 1937 жылдың 16 желтоқсаны болатын. 17 желтоқсан күнi Рысбек дейтiн мiлитса Әзизовтың нұсқауымен Қапездiң ұлы Нұржiгiттi айдап әкетедi. Дүниенiң қияметiн көрген сол Нұржiгiт тоқсанның о жақ-бұ жағында Алматы облысы Еңбекшiқазақ ауданында өмірден озды. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы. Көрген-бiлгенiнiң бәрiн көңiлiне жасырған, кесiлген бастың қанымен жазылған тарихтың куәгерi – үкiдей ғана қара шалдан кезінде біраз естелік жазып алған едік. 

Алты шалды бiр түнде айдап әкеттi

– «Халық жауы» деп әкемдi айдап әкеттi. Ендi мұнысы «бөрiнiң бөлтiрiгi» дегенi ғой. Алдарына салып отырып оқалылардың ортасына алып келдi. Әзiрейiлдей болып төрде Әзизов отыр. Екi жағында екi милиция. Ол екi милицияның бiрi – Рабат Мәмбетов, уақытында әкем Қапезден сабақ алған, екiншiсi Мүлкiбай – Жалаңаштың учаскелiк инспекторы. Төрде отырған Әзизов: «Ей, жалмауыз паразит, арабша бiлесiң бе?» дедi. «Бiлемiн, әкем менi ерте оқытқан, артынша латын келдi, оны да бiлемiн» дедiм. «Ендеше оқы мынаны!» деп төтемен жазылған қағазды менiң алдыма тастай салды. Оқыдым. Хат Қытайдан келiптi. Үркiншiлiкте Кеген, Нарынқол аймағынан Қытайға бiздiң көп ағайындар ауған. Үдере көшкен қазақтардың iшiнде Айса дейтiн бiр ұйғыр кетiп едi. Өте қазымыр адам. Тiршiлiгiнде әкеммен әңгiмесi жараспаса керек. Хатты ұйымдастырған сол найсап екен. Хаттың астына «Оразалы» деп жалған қол қойып, тiке Әзизовке жiберiптi. Самауырдан су ақса, «Самарқанды су алды» деп қара түндi қаптататын Әзизовке бұдан артық қандай iлгек керек? Хатпен танысып болған соң менi жендеттер наганымен ұрып-соғып мырзақамауға отырғызды. Ақыр соңында Әзизов «ГПУ-дың басшысы менi ұрып-соқты» деп бiреуге тiс жарып айтатын болсаң мен сенi өзiм атып өлтiрем, шешеңе де айтушы болма» дедi де бес-алты күннен соң босатты. Шешем екеумiздi әкеммен 15 минөт сөйлестiрдi. Iшкi істер министрлiгiнен үлкен пәгөндiлер келдi. Әкем алашақ-берешегiнiң бәрiн қағазға түсiрiп бердi. Сосын шешеме «Ерiңе айтар сөзiң бар ма?» дедi. Шешем: «Балаларды оқудан шығарып жiбердi, ол аздай үйден қуып жатыр» дедi. Әкем: «Үйден қуса ауаткомға бар, балаларды оқудан шығарса аудандық оқу бөлiмiне бар. Қазiр менiң орнымда Мұса Яхияров дейтiн ұйғыр отыр. Айдалып бара жатқанда ақырғы айтқан өтiнiшiмдi жұтпас. Нұржiгiт, ендi сен оқу iздемей-ақ шешеңнiң бiр жағына шығыс, қалғаны Құдайға аманат» дедi. Әкемдi сол айдағаннан Жаркентке апарды, одан Шамалған асырды, кейiн шүйдесiне шитi мылтықты тiреп отырып Коми АССР-нiң Ухта қаласына апарып бiр-ақ жауыпты. Сол кеткеннен мол кеттi. Екi аралықта соғыс басталды, менi соғысқа алмай Қарағандыға, КАРЛАГ-қа айдады. Нарынқол, Кеген және Ұйғыр ауданынан бай-құлақтың тұқымы деп 1500 адамды қойдай иiрiп әкелiп таскөмiрге салды да жiбердi. Сосын бiр күнi шахтадан қашып шықтым. Түкiргенiң – таскөмiр. Нан жеу керек, бiр бөлке – 150 сом тұрады. Еңбек қылып нан тапсам деп базарға бардым. Мына қызықты қараңыз, Қарағандының базарында бiздiң ауылдан айдалып кеткен Сейсебай дейтiн құмалақшы шал отыр. Бұл кiсiнiң қалай қуғындалғанын бала күнiмiзде естiгенбiз. Әйгiлi Мәртөбенiң үстiнде бас қосатын алты шал бар едi. Бiр күнi сол шалдардың бiреуi түс көрiптi. Оны келесi бiр ақсақал «Ендеше түптiң түбiнде совет өкiметi құлап, басқа өкiмет орнайды екен» деп жориды. Қалғандары «Аллаху акбар» деп бет сипап, қоштап бередi. Жотаның басындағы осы әңгiменi iргеде бұғып жатқан орманшы естiп қалып, дереу КГБ-ға жеткiзген. Iле-шала алты шалды қара мәшинеге салып алып кеттi, содан ол кiсiлер iз-түзсiз кеткен. Солардың iшiнде кеткен Сейсебай шал алты жылын өтеп, сол Қарағандыға жер аударылған кезi екен. Қарағандыда кездескенiм сол шал. Әлмерек деген жалғыз баласы «Октябрь» колхозында есепшi едi. Ол менiң әкемдi жақсы бiлетiн. Сосын «Ассалаумағаләйкум, Жәке-ау, мен Әлмерегiңмiн ғой» деп құшақтай алдым. Сейсебай сол жерде талып жығылды. Айналада жүрген адамдар «Мынау бiздiң құмалақшымызды талдырып қойды» деп менi жазғырып, киiмiмнiң дала-даласын шығарды. «Мен бұл кiсiнiң баласымын» дедiм. «Шал айтсын» дедi. Хан базардың iшiндегiлер су бүркiп Сейсебайды тiрiлтiп алды. Сосын ол кiсi: «Ол – менiң ұлым, тимеңдер!» дедi. Сонда Сейсебай 88-де екен. Шал менi жетектеп отырып жататын жерiне алып келдi. Ол үй Қарағандыдан сегiз шақырым жерде, Нұра өзенiнiң жағасындағы Тельман дейтiн колхозда екен, бiр кемпiрдiң үйi. Жол-жөнекей болған жағдайдың бәрiн айттым. «Қайран,  Қапез! Ол да ұсталып кеткен екен ғой...» деп жолда көзiнiң жасын бiр сығып алды. Сосын: «Сен ендi Әлмерексiң, менiң баламсың. Қазiр барған үйде солай айт», – дедi. Солай айттым. Түйенiң сүтiн бердi. Ұстарамен шашымды алып, жуындырды. Шалдың үйiнде 15 күн жатып, тынықтым. Сосын мен: «Жәке-ау, сiз маған ере алмайтын секiлдiсiз. Мен ендi осы Қарағандыдан жаяу тартып отырып Жалаңаштың желкесiндегi Тоғызбұлаққа жетуiм керек. Жол жағдайын қағазға түсiрiп беретiн адам табыла ма?» дедiм. Сейсебай шал тiлдей хат жазып берiп: «Осыдан заулап отырып қашқан бойда Ақтоғайға барасың. Жолда ұсталып қалмасаң, бес-алты қонып Қарқаралыға жетесiң. Қарқаралының бөктерiндегi үлкен тауға шық, аяғың бүлдiрген мен құлпынайға боялады. Күнi бойы сол бүлдiргендi жеп жат, қас қарайғанда таудан төмен сырғанап түссең Қарқаралы ауданының үстiнен шығасың. Ауылдың шетiне iлiккен бетте «Бурабай шалдың үйi қайсы?» десең, кез келгенi көрсетiп бередi. Тоқсанның төртеуiне келiп отыр. Сақалы белуарына түскен, екi әйелi бар көнекөз. Мына хатты сол Бурабай қартқа берсең, саған Жалаңашқа барар жолдың кестесiн сызып бередi» дедi. Бұрын Бурабайда түрмеде болған екен. Құлжаға бірнеше рет барып қайтыпты. Содан жаяу-жалпылап Қарқаралыға жеттiм. Шалдың үйiн тауып бардым. Үйiне кiрдiм. Қазанда сары iрiмшiк қайнап жатыр. Бурабай шал төрде жатыр екен, тiзе бүгiп сәлем берген соң хатты ұсындым. Оқыды. «Арабша бiлесiң бе?» «Бiлем». Сақалы белуарына түскен Бурабай шал сонау Қарқаралыдан Жалаңашқа дейiн барар жолдың жоспарын келiстiрiп тұрып арабша жасап бердi. Кәдiмгi жалғызаяқ, аткештiнiң жолына түзiлген карта. Қолыма төрт тараптың бағытын бiлдiретiн компас бердi. «Қарағым, негiзгi бағытта күннiң шығысын бетке ал, оң қолыңда түстiктi бетке ал, сол қолыңда артыңа қарап батыс бағыттан тайма. Күндiз тынығып, түнде айдың жарығымен ғана жүрiп отыр. Арбаның, көлiктiң жолына түспе, жалғызаяқ жолмен жүр, мiне, жолың!» дедi. Тарттым да кеттiм. 

Соғыстың аяқталғанын Жаркентте жатып естiдiк

Қарқаралыдан шығып, «Жданов» колхозына тақай бергенде бұршақ құйып жiберді. Ағашты қалқалап жата қалдым. Сол сәт ту сыртымнан екi адам келiп қалды. Бiреуi ұзындау, тегi орысқа ұқсайды, екiншiсi аласа бойлы қазақ жiгiтi. Сөйтсем, олар Кузбастың шахтасынан қашып келе жатқан мен сияқты қашқындар екен. Олардың шыққанына бiр айдың шамасы болыпты. Қазақ жiгiтi – Қырғызстаннан, татар жiгiт – Семейден. Бұршақ басыла бере Қарқаралы жақтан үш салт атты көрiндi. Бас киiмдерi жылтылдап келедi, КГБ-нiң адамы екенi алыстан-ақ менмұндалап тұр. Таяп келгенде-ақ қамшыларын үйiрiп салды. «Соғыстың қайнап тұрғаны анау, сендердiң қашып жүргендерiң мынау» деп сабалап ала жөнелдi. «Соғысқа жiбермесе қайтiп барамыз?» дедiм. Алдарына салып алып «Жданов» колхозының бастығының үйiне әкелдi. Қасымдағы екi жiгiттi екi бригадирге бердi. Менi колхоз бастықтың үйiне қалдырды. Сол жерде жиырма күндей болдық. Қырманға шықтық, бидай сапырдық. Қара жұмысқа әбден жегiлдiк. Менi үй иесiнiң бәйбiшесi кiрпiк қақпай бақылап жүредi. Бiр күнi колхоз бастықтың ағайыны, үлкен бiр беделдi адамның асы болды. Сөз ұстаған адамдардың мәзiрiн сауындатып тұрып таратады ғой. Жан-жақтан көп адам келдi. Түйесi де, биесi де сойылды. Қашудың бұдан артық ретi келмейтiнiн сездiм. «Олар тойға айналғанда, бiз қойға айналайық». Әлгi екi серiгiме «бүгiн түнде қашуымыз керек, ас болып жатқан үйдiң төменгi жағында, ақырғы киiз үйдiң iргесiндегi шидiң түбiнен үш рет ысқырамын» деп хабар айтып қойдым. Уәде бойынша үш рет  ысқырған бетте шидiң түбiне арқаларында дорбалары бар, екеуi келдi. Асқа келгендердiң қонаға қалғандары аттарын матастырып байлап қойыпты. «Басқасына тимеңдер, мына торы биенi шешiңдер» дедiм. Алдына мен мiндiм, менiң артыма Тұрапбай, одан соң татар мiндi. Судан өтiп алған соң торы биенiң шылбыр-тiзгiнiн түрiп, қайтып қарсы бетке айдап жiбердiк. Жылқыны алып кетсек, қуғынның көкесi сонда болады. Оларға адам емес, ат керек. Содан түнде айдың жарығымен жүрiп отырамыз, кейде елсiзде күндiз де жүремiз. Сөйтiп Алматыға жеттiк. Қырғызстанның жiгiтiн тауар таситын пойызға салып жiбердiм. Татар Семейде тұратын әпкесiне кеттi. Мен он бiрiншi күн дегенде Шет Меркiнiң қабағына iлiндiм. Сәт Қазақстанның жұрты бiр алаңқайға кәртөшке егiп қойыпты. «Туған топыраққа жеттiм бе?» деп бiр түп картопты қазып жiберiп, қабық-сабығымен шикiлей қаршылдатып жеп жiбердiм. Тоғызбұлаққа, үйге келдiм. «Халық жауының» әйелiне үй-жай бере ме? Бiр лашықта отыр екен. Терезенi шүберекпен түрiп қойыпты. Iштен Мәйкө, Шөке деген екi қарындасымның дауысы шығады. Мәйкө Қарағандының ФЗО-сынан бiр ай жүрiп келiптi. Жылап-сықтап көрiстiк. «Дауыстарыңды қатты шығармаңдар, қашып келдiм. Мен екi шешеме жолығып, беттерiнен сүйем, сосын қайта ұстап әкетсе де өздерi бiлсiн» дедiм. Өз шешем Жiбекке, құлағыма сырға өткiзiп бауырына басқан үлкен шешемнiң алдына келiп жығылдым. «Сенi қайта айдап кетедi ғой» деп екеуi де жылап қоя бердi. Сосын үлкен шешем «колхоз бастық Тұрғанбекке барып амандас, бір алып қалса сол алып қалады» дедi. Iргедегi Жуантөбеге бардым. Көрiстiк. «Қайран Қапезiмнiң баласы-ай! Сенiң де көрмегенiң қалмады ғой» деп ол өксiп кеттi. Шәйдi ауызға ала бергенде сөмкесi мен наганын салақтатып Мүлкiбай дейтiн мiлитса да жеттi. Ол келе сала «Саған iздеу салғалы бiр ай болды, одан берi қайда жүрсiң?» «Жолда жүрдiм, аң секiлдi жорттым, мал сияқты жайылдым. Келдiм, шешелерiмнiң бетiнен сүйдiм. Ендi не iстесең соны iсте». Мүлкiбай: «О, Құдайдың құдiретi, – дедi колхоз бастыққа қарап тұрып. – Әкесiн де айдап апарып өткiзiп едiм, бiрақ Қапездiң баласын айдаймын деген ойымда болып па едi. Ендi, амал жоқ, бұл баланы Жалаңашқа алып кетемiн», – дедi. Тұрғанбек Баймұқан дейтiн шаруашылық бастығына бұрылып: «Жақсы жүрдек атты  ертоқымымен алып кел, Қапездiң баласы мiнiп барсын» дедi. Оның қолынан басқа не келсiн?..

Сонымен тау мен таста қашып жүрген «халық жауларының» тұқымдары Жалаңашта үш ай жаттық. Күнде әкелетiнi бiр қағаз. Кiлең жала. «Басымды алыңдар, тiлiмдi кесiңдер, бiрақ мұндай жалалы нәрсеге қол қоймаймын. Кiнәм болса мойныма қойып тұрып атыңдар» дедiм. Тепкiлеп ала жөнелдi. Содан 1944 жылдың 6 қарашасында қырбақ қар жауған, сол қырбақпен алты адамды этаппен айдап отырып Ұйғыр ауданына қарасты Қырғызсайға өткiздi. Жолда Шошанайға қондық. Әкемдi ұстап әкетердiң алдында көршiмiз Таубек Намазбековтi екi жендеттiң айдап әкеткенi жайлы баяндадым ғой. Сол Таубек ақталып шығып сол Шошанайда колхоз бастығы екен, сол үйге қондық. Менi көрiп шешесi мен әйелi жылады.  Сосын Таубек:  «Әкең айдалып бара жатқанда «елге аман оралсаң ұлымның бетiнен үш қайтара сүйшi» деп аманат айтып едi, ол аманатын орындадым, – деп бетiмнен сүйдi. – Мен ертең бiр тандыр нан пiсiртiп Қырғызсайдағы түрмеге барамын. Мiлитсаның бастығымен сөйлесейiн».  Бiздi Қырғызсайға апарып жапты. Ертесi күнi сағат он шамасында Таубек әйелi екеуi келдi. Нанды молынан әкелiптi. Маған сегiз жыл кесiлгенінен Таубек хабардар. Ол мiлитсаның бастығымен тату көрiнедi, екеуi сөйлестi. Хатшысы менiң аузымнан шыққанның бәрiн жазып алды. Сосын КСРО-ның Бас прокуроры Вышинскийге арыз жазды. Жедел жететiн түрде жөнелттi. Оның ақшасының бәрiн Таубек төледi. Сонымен бiз этаппен айдалған күйi Жаркентке өттiк. Соғыстың аяқталғанын сол Жаркентте жатып естiдiк. Бiр жыл өткен соң Вышинскийден хабар жетiп менi босатты. Ең ақырғы рет Талдықорғандағы қант зауытының iргесiнде колониядан босап шықтым.

Әндер қалай жазылған?

1931-33 жылдардағы сталиндiк геноцид тұсында аштыққа ұрынған халықтың қайғы-қасiретiн Қапез осы «Айхай» әнiне арқау еткен. Әндi өзiнiң сенiмдi достарының ортасында, көбiне үйде жеке отырғанда ғана орындаған екен. Бұл әндi оған Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкiнов, Нұрбек Балабеков, Майлы Ормановтар ғана айтқыза алған. 

1937 жылы күзде бiр-бiрiн сатпауға уәделеспек болған бiр топ зиялылар Қапездiң үйiнде бас қосады. Әңгiменi қалай бастаудың жөнiн таппай отырған жұртқа Қапез «Дүние-ау» әнiн айтып бередi. Сөйтiп, ән арқылы серттескен дейдi сарытап тарих. Бiрақ, 1937 жылы бәрi ұсталып, алды ату жазасына, арты итжеккенге айдалып кетедi.  

Бұл – Қапездiң 1937 жылы айдалып бара жатқанда шығарған әнi. Қапезбен бiрге 300-ге жуық адам Кегеннен Қырғызсайға, одан Алматыға айдалған. Ел-жұрт Қырғызсайға дейiн жаяу ерiп барады, сонда Қапез жол бойы осы әндi айтып барған дейдi көзкөргендер. «Қапездiң әнi» «халық жауы» болып айдалғандармен бiрге Барнауылға, Иркутскiге, Ухтаға, тiптi Мурманскiге дейiн жеткен.  

Бұл – Қапездiң өзiн, елi мен жерiн таныстырған әнi. Әнге арқау болған жер – Жетiсудың қайталанбас ұлы ақыны Iлияс Жансүгiровтiң жырларындағы әйгiлi үш Меркi – Қапездiң туған өлкесi. Бұл ән қазiр ел iшiнде кеңiнен айтылып жүр. 

P.S. Бүгiнгi күнi дәстүрлi әншiлердiң iшiнде Қапездiң қазынасын халыққа жеткiзушi өнер иелерi некен-саяқ. Қапез мұраларын мықтап қолға алған талантты әншілер Рамазан Стамғазиев пен Ғалымжан Досанұлы. Ғалымжан екi жастың бiрiне келмей бақилық болды. Бiрақ Қапездiң әндерiн алғаш кәсiби деңгейде орындап, жаздыртып кеткен сол Ғалымжан. Қазiргi кезде ғажайып әншілер Рамазан Стамғазиев, Тілеулес Құрманғалиев, Ардақ Балажановалар баба мұраларын кәсіби сахналарда орындап жүр. Шүкір!

Жанарбек ӘШІМЖАН, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, 
республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы