"ӘЛІБАЙ АТА" ТҰМАСЫ

Уақыты: 08.08.2019
Оқылды: 1801
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»  жобасының жүзеге асатындығы жайлы сөз қозғаған еді. Біздің қазақ даласында киелі жерлердің қатары өте көп. Оны қадірлеу, сақтау, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеу дәстүрге айналды. Сондай жерлердің бірі  Ақсу ауданының  Көшкентал ауылындағы «Әлібай ата» тұмасы.


Көшкентал ауылы Ешкіөлмес тауының бөктерінде орналасқан. Табиғаты әсем, ауасы таза, суы мөлдір.  Бұдан бөлек шипалы шөптер мен шаян тәрізді ұсақ жәндіктерден бастап, жабайы қасқыр, қоян, түлкі, таулы жерлерде арқар, елікті де кездестіруге болады. 

Табиғаттың тамаша туындыларының  бірі – тұма. 

Өзінің емдік шипасымен танылған ауылымыздың солтүстік батысында  «Әлібай ата» тұмасы бар. Қызығы сол, бұлақ суы қыста қатпайды, жерден қайнап шығып жатады. Құрамындағы көмірқышқыл газының бұрқылдап бөлінуінен су мөлдірлене түсіп,  астындағы құмды көруге болады. Қысы-жазы судағы өсімдік  бір түсте, яғни, жасыл күйінде тұрады.

Ал тұманың «Әлібай ата» аталуының себебі не деген сұраққа жауап берсек.  Өткен ғасырдың орта шенінде Әлібай Шығынсызов  деген кісі осы тұманың бойында, өзінің жер үйінде отбасымен өмір сүрген. Күн сайын тұманың көзін ашып, суын пайдаланып, жан-жағын тазартып, судың шипалы қасиетін насихаттап отырған. Сол кезден бастап тұма суының бас, көз, жүрек, асқазан, қол-аяқтың сырқырап ауруы, тері ауруларына ем екені белгілі болған.  Әлібай ата көз жұмғанша тұманы қамқорлыққа алып, күтім жасаған. Кәрілік жеткенде сол кісінің  тұманың оң жағына жерленуіне байланысты тұрғындар  қайнарды «Әлібай ата» тұмасы деп атайды.  Осыдан  15 жыл бұрын  маусым айында   Әлібай атаның ұрпағы  Бақыт ауыл тұрғындарымен бірге тұманың көзін ашты. Қызы Райхан мен күйеубаласы Тұрсын екеуі қой сойып,  Құран бағыштады. Күндер өткен сайын шипалы суға барып, емделушілер көбейе бастады.  Бұл жердің батпағы  да ем. «Батпағын қолға  ұстап, сәл кептірсе жылтыраған күйге енеді. Оны күнге қаратып ұстаса көзге шағылысып, ұзақ қарай алмайсың.  Бұл да тұма  батпағының ерекше қасиеті», –  дейді ауыл қариялары.

«Әлібай ата» тұма суының биологиялық, химиялық құрамын, әртүрлі ауру түріне ем екендігін  2009 жылы химия-биология пәнінің мұғалімі Жұмагүл Нұрмышева  оқушысы Ержан Әліпбековпен бірлесе жүргізді.  

Зерттеу облыстық аймақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы зертханасында жүзеге асырылды.  Нәтижесінде, судың құрамында кальций, магний, калий, натрий катион, сульфат, гидрокарбонаттардың мөлшері жоғары екендігі анықталды.  Осындай құрам оның емдік қасиетін арттырған.  

Бүгінгі таңда бұлақ суының мөлдіреп ағып жатуына «Жасыл ел» жасақшылар тобы және жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы Жансая Қайсанованың еңбегі зор.  Туған жердің топырағы алтын, суы бал! Оның қасиетін арттырып, елге таныту, күтіп-баптау біздің басты міндетіміз.  

Рысгүл ШЕРУБАЕВА,
Көшкентал ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері
Ақсу ауданы