ЖАС ЖҰПТАР ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 09.08.2019
Оқылды: 906
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Жастар жылы» аясында кейінгі толқын өкілдерінің арасындағы достық қарым-қатынасты бекіту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаздың жайма-шуақ күндерін көңілді өткізу және айдынды Алакөл ауданының туризм саласын дамыту мақсатанда Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Alakol TV» ақпараттық-танымдық телестудиясының ұйытқы болуымен көл жағалауында орналасқан Ақши ауылы, «Аяжан» демалыс орнында «Alakol Life» реалити-шоуы жалауын желбіретті.


Аталмыш іс-шараға Алматы, Талдықорған қалалары мен Алакөл, Сарқан аудандарының жұптары қатысты. Олардың басты міндеті бір-бірлеріне деген сенім мен сезімнің арқасында байқаудың бас жүлдесін иемдену болды.

Үш күнге созылған шараның әр тәулігі таңғы жаттығумен басталды. Бұл алдағы сайыстарға сақадай дайындық пен сергектік сыйлау үшін жасалған дүние.

Жұптар арасындағы жарыс екі кезеңге бөлініп, қатысушылар алдымен демалыс орнының аумағында сайысқа түсті. Бұл жердегі додалар «Жұптар жарасымы», «Тәтті дәурен», «Терең тыныс», «Кім мерген?», «Ойлан тап», «Тапсырма хат» сынды арнайы бөлімдерден тұрды.

Тарқата кетсек, «Жұптар жарасымы» бөліміне қатысушыларға серігі жайында сұрақтар қойылып, олардың өз жұптарын жіті танулары таразы басына түсті. Келесі төрт бөлім үміткерлердің көңілін көтеру мен жұптық жұмыстың маңызылығын көрсетуге бағытталды. Ал соңғы «Тапсырма хат» сынында қатысушылар қарсыластарына арнайы тапсырма беріп, олардың сол міндетті орындау шеберліктері сараланды.

Екінші кезең көл бойындағы көңілді сайыстармен жалғасын тапты. Бұнда жас жұптар алдымен «Кім бірінші?» атты сында көлден су тасып, арнайы ыдысты толтырса, «Кім жүйрік?» кезеңінде катамарандарды тізгіндеген жастар белгіленген межеге дейін жарысып, мәреден бірінші көріну үшін барларын салды. Сонымен қатар «Селфи» кезеңінде қатысушылар арнайы уақыт ішінде демалушыларме ең көп селфи жасау бойынша тартысқа түсті. Ал бұл додалардың ең қызықтысы жұптар арасындағы арқан тартыс болды. Артынша жас жұптар су көліктеріне отырып, күннің қалған бөлігін көл бетінде өткізді.

Сайыстың соңғы күні Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Жайық Тазабекұлы арнайы келіп, марапаттау рәсіміне қатысты. Жұптар жарысының қорытындысы бойынша Арнай Жәнібек пен Мадина Мауленова үшінші орынға жайғасты. Ал ең көп ұпай жинаған екі жұп тең түсіп, «Қомағай» кезеңінде бас жүлдені сарапқа салды. Сөйтіп, екінші орынға Ерлан Мұқатай мен Қымбат Тілемісова ие болса, байқаудың бас бәйгесі жуырда ғана шаңырақ көтерген Ғабит Сабитұлы мен Жібек Кәрімнің жанұясына бұйырды.

Жүлдегерлерге арнайы диплом, бағалы сыйлықтар табысталды.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл ауданы.