ЖҮЙІРІКТЕР ЖҮЛДЕ АЛҒАН КҮН

Уақыты: 09.08.2019
Оқылды: 797
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұқаралық спорт түрлерімен айналысатын халықтың үлес салмағын кем дегенде отыз пайызға жеткізу керектігі мемлекеттік саясаттың бір бағыты болып есептеледі. Осы міндетті мінберіне көтеру мақсатында ел аумағында ауқымды дүниелерге дем бітіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында бірталай жұмыс атқарылуда. Соның бір дәлелі – осымен үшінші мәрте Алакөл ауданындағы көл жағалауында жалауын желбіреткен «Дуатлон» додасы. 


Республикалық дәрежеде ұйымдастырылған бәсекеге ел тізгінін ұстаған атқамінер азаматтар және спортқұмар жандар жиналды. Құрметті қонақтар қатарында каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов, қазақ күресінен Азияның екі дүркін чемпионы Нұржан Жұмажан, еркін күрестен әлем біріншілігінің жүлдегері Дәурен Жұмағазиев, самбодан Азия чемпионы Болатбек Жұмагереев, бокстан студенттер арасында әлем чемионы Дархан Амиров, грек-рим күресінен Азия чемпионы Дархан Керімбаев болды.

Сөз алған Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев дуатлонның түндігін түрген «Алакөл – 2019» ашық республикалық турнирінің қатысушыларына сәттілік тілеп, «Төзім, талап, бап пен бақ сынды қасиеттер таразы басына түскен жарыста шын жүйріктер аламан басынан көрінсін» деген ниетін жеткізді.

Ізгі тілектің тізгінін ұстаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев адам өміріндегі спорттың орны, денсаулықтың маңызы хақында сөз қозғап, сайысқалы келген саңлақтарға алғысын білдірді.

Келесі кезекте ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту коррекциясы спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Ермағанбетов пен ҚР спортты дамыту дирекциясының директоры Самат Ерғалиев байрақты бәсекенің өту тәртібі мен ережелері жөнінде мағлұмат беріп, қатысушыларды сапқа тұрғызды.

Аталмыш шараның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін құрметті қонақтар мен қатысушылар волосипедтеріне мініп, жарыс жолына шықты. Алғашқы сынақ – төрт айналымнан тұратын  20 шақырымды еңсеру.  

Артынша ерлер (5 км. жүгіру, 10 км. веложарыс, 2,5 км. жүгіру) мен әйелдер (1 км. жүгіру,         10 км. веложарыс, 1 км. жүгіру) арасында дуатлон жарысы басталып, спортшылар сөре бойына жиылды. Төрешінің ысқырығы беріліп, үміткерлер мәреге қарай ұмтылды. Оңайлықпен жарыс жолынан шығар ешкім жоқ. Барлығының көксегені бір, мұраттары ортақ. Ол көш басынан көріну. 

Жарыстың қорытындысы бойынша 14-16 жас аралығындағы ұлдар арасында Е. Жұмамұратұлы, қыздар арасында А. Нұрмәмет, 17-18 жастағы ұлдар арасында Т. Баймұрат, қыздар арасында М. Керимова, 24-35 жастағы ерлер арасында  А. Абраман, 36-44 жастағы ерлерден Қ. Шаймурдан, әйелдерден А. Нұрғазина, ал 45 жастан жоғарылардан Ж. Мұсабаев бірінші орынды иеленді.

Сонымен қатар, жиналғандар арасында асық ату, ләңгі тебу сынды ойындардан сайыс ұйымдастырылды. 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ