ЖЕҢІС БІЗДІҢ ҚОЛДА

Уақыты: 09.08.2019
Оқылды: 790
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Семей қаласында 2003 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.


Аталмыш жарысқа еліміздің барлық аймағынан команда келіп, дода тартысты өтті. Жаз бойы жасыл алаңда доп тепкен жас футболшылар намысты қолдан бермеуге тырысты. Алматы облысының құрамасы алты ойын өткізіп, бесеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түсті. Жарыс барысында біздің футболшылар қарсыластар қақпасына он жеті доп соқса, өздеріне небары үш гол ғана жіберген. Осылайша кескілескен ойында қоржындарына мол ұпай жинап, чемпионаттың алтын медалін иеленді. Нақтырақ айтқанда, бірінші орынды Алматы облысының құрамасы жеңіп алса, екінші орынға Ақтөбе облысының командасы жайғасты. Үздік үштікті Қарағанды облысы құрады. Чемпионаттың қорытындысы бойынша Бақыт Қалибай үздік қорғаушы атанса, Абылай Орынбай үздік ойыншы деген атаққа қол жеткізді. Аталмыш додаға команданы жаттықтырған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты колледжінің жаттықтырушысы Е. Омаров пен Жамбыл аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Е. Алыбековтың еңбегі орасан. Сонымен қатар, жарысқа қатысуға мүмкіндік жасаған және үнемі қолдау білдіріп отырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымызды білдіреміз. 

Е. ОМАРОВ, 
облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты колледжінің 
жаттықтырушысы