ҚОС КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 09.08.2019
Оқылды: 1050
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеген аудандық Мәдениет үйінде Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, қарымды жазушы, таулы өңірдің перзенті Ақсәуле Әбдіхалыққызының «Сағындым, сағым жылдарым!» атты шығармашылық кеші өтті.


Сөз басында айта кеткеніміз жөн шығар. Жазушының жары белгілі тележурналист, айтулы қаламгер Абдолла-Алтый Сүлеймен  небәрі 49 жасында бұл өмірден өткен екен. Осынау мәнді де мағыналы кешке Ақсәуленің және жұбайы Абдолла-Алтый Сүлейменнің республиканың түкпір-түкпірінен жақындары, достары, сыйластары, сыныптастары, жалпы қолына қасиетті қалам ұстаған бір топ қаламгер арнайы келіп қатысты. 

Ақсәуле Әбдіхалыққызы – алыста жүрсе де, жүрегіне қимас мекенін ұялатқан нәзік жан. Сол туған жері үшін тамаша дүниелерін жазып, кітап етіп шығарған қарымды қаламгер. Сүйікті жарынан айырылса да 3 ұлын өсіріп, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты әже. Жазушының соңғы оншақты жыл ауқымында  «Арамыздасың, Абдолла!», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Мәңгілік сағынышым», «Сағындым, сағым жылдарым», «Жұмақ мекен, талбесігім – Тасбұлақ», «Сағыныш екен сол бір шақ», «Тау қызы» атты айтары мол, берері толымды, ғибратты кітаптары жарық көріп үлгерді. Сол үшін де Әлем халықтары жазушылары одағының бір мүшесі болды. Әр туындысының айтар сыры мол. Бәрінен туған елі-жерін, сүйікті  тәуелсіз Отанын жанындай  жақсы көретін ана жүрегінің лүпілі, сағынышы, сезімі, бәрі-бәрі айқын сезіліп тұрады. Жүректен шыққан дүниелер оқырманның ыстық ықыласын алған. 

 Дәл сол күні қос кітабының тұсауы кесілді. Атап айтқанда, қазақтың атын әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергендей таңғажайып үнді, тамаша әндерімен дүниежүзін тамсандырып келе жатқан әншіміз туралы «Димаш» атты кітабы жарық көріпті. Бұл – шын мәнінде қазақтың ән әлеміне жұлдыздай жарқырап шыққан, бір Алламыздың өзі сыйға тартқан әнші ұлымызға, қымбатты перзентімізге деген үлкен құрмет. Одан бөлек «Елік қыз» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Кеште филология ғылымының докторы, профессор Гүлжахан Орда қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы толымды пікір білдірді. Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков аудан халқының атынан лайықты сый-құрметін көрсетті. Сондай-ақ, кеш иесін құрметтеп келген бір топ қаламгер жүрекжарды тілектерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. 

– Туған жерімнен айналайын! Тасбұлағым дәйім жүрегімде тұрады. Әр жыл сайын келіп, көк шалғынына аунап, әсем гүлдерін иіскеп, мөлдір бұлақтарынан шөлімді бір қандырып кетпесем көңілім көншімейді. Тасбұлағымды кітапта қалдырдым. Бұл – менің туған жеріме деген перзенттік борышым. Сол арқылы Тасбұлағымды бір көтеріп тастадым десем артық айтпаймын. Оған ел-жұртым риза шығар. Туған елім-жерім, таулы өлкем аман-есен болсын! Қайта құрылған ауданымда жақсылық мол болсын! Дәйім сол жағымды жақсылықтарына келіп тұрайын. Менің осынау шығармашылық кешімнің өткізілуіне мүдделі болған аудан әкімі Талғат Байеділовке, аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековке, барша жерлестеріме және туған Отанымның түкпір-түкпірінен ат арылтып келген жақындарыма алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді шығармашылық кешінде Ақсәуле Әбдіхалыққызы көңіл тебіренісін жеткізіп.

Әсерлі кеште Ақсәуле мен Абдолланың әулеті туралы түсірілген бейнекөріністер, арнайы телехабарлар көрсетіліп, кеш ажарын аша түсті. Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Жанат Қарман, Бахаргүл Айтбаева, Бақытжан Құсайынов, тағы басқалар әсем әндерімен көп көңілін желпінтіп тастады. Кеш соңы аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбековтың ақ батасымен түйінделді.

Қанат БІРЖАНСАЛ