МЕНІҢ АТЫМ - ШАЛТАБАЙ

Уақыты: 11.08.2019
Оқылды: 1467
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әндерінің көбі күрескерлік рухқа толы ақын-композитор Шалтабай Алпарұлы шамамен 1830-1900 жылдар аралығында өмiр сүрген. Туған жері Кеген ауданының Қарқара жайлауы. «Жылдың қай мезгілінде өмірге келді екен» деген сұраққа ел ақсақалдарының жауабы бойынша, жәрмеңкенің нағыз қызған шағында дүниеге келіпті.


Ақселеу Сейдімбектің «Даланың ауызша тарихнамасы» теориясы бойынша дәйек пен дереккөздерінің бірі ататек шежіресіне иек арта тарқатсақ, Шалтабайдың ауызша жеткен шежірелік дерегі мынадай: Ұлы Жүз – Албан. Әйгілі Әлмерек Жаншықұлының кіндігінен тарайтын бес баланың бірі, «қабырға жетпес» атанған Құрманның – Қара деген батыр ұлынан ордалы Орынтай, одан Түменбай әулие, одан айбынды Алпар. Алпардан осы Шалтабай.  
Менiң атым – Шалтабай, 
әкем Алпар,
Өтiп кеттi Тазабек – 
қайран сұңқар.
Сары қымызбен аузымды 
шайқаушы едiм,
Бiр қасық қара суға болдым iңкәр.
Менiң атым – Шалтабай,
Асылдан соққан балтадай.
Шалтабайдай жалғызды,
Кiм iздеп арттан қайтады-ай?! 

– деген әнінің мазмұны өзі секілді ел мен жердің азаттығы үшін билікке қарсы шығып, ақыры құрығы ұзын патшаның бұғауына ілініп, өзегін өрт шалған өзге де ақын-композиторлардың  туындыларымен өзектес, сарындас келеді.  Мысалы,  Арқада ән кептерін әуелеткен Сары Батақұлының:
Баласы мен Батақтың, 
атым – Сары,
Құрысын мендей болса 
жұрттың бәрi.
Он екi ай абақтыда жатқанымда,
Қара шай бiр қайнатым болды дәрi.

Күз болса құс қайтады жайлауына,
Дұшпанның бiздер түстiк 
байлауына.
Артымнан iздейтұғын кiсi жоқ боп,
Сiбiрдiң кеттiм қапы айдауына,

– деп екпіндеген өлеңінің мазмұнымен үндес.  
Болмаса қырғыздың дүлдүл ақыны Тоқтоғұлдың:
Шылғи тартқан қыл арқан,
Сайлағанда, кербезім,
Екі қолым артыма,
Байланғанда, кербезім.
Екі солдат, бір майор, 
Айдағанда, кербезім,
Екі көзім түрмеде 
Жайнағанда, кербезім, 

– деген ырының мазмұнымен сабақтас.  
Патшалық Ресей қазақ халқына геноцидтік саясатты бірте-бірте жүргізіп келе жатты. Әуелі ақындардың айтқандарын еске алып көрелік:
Талдыбұлақ, Көкқырқа,
Қызылқия белді алды.
Бағанмен тірек тірелген,
Шаппатұздай кенді алды.
Қарабұлақ, Саржазық, 
Текесті де енді алды.
Ойқарағай, Дартамты,
Үшқақпақ деген төрді алды.
Есекартқан, Сүмбе мен
Қоныстың шеті Өрді алды. 
Жақсы жерден айырылып,
Қысылмаған нең қалды?

– деген Асан молда Барманбекұлының жырындағы  айтылғандар айдай ақиқат-тұғын. Шындығында 1864 жылдан кейін-ақ отралау одан сайын үдете жүргізілді. 1867 жылы патша үкметі қазақтың барлық жерін өз иелігіне алғаны жөнінде құжат қабылдады. Арнайы жабдықпен «жер қоры» құрылды. Бұл қорға қазақтың кенді, шелді, шұрайлы жері түгел тартып алынды. Құнарлы егістік пен шабындық казак-орыстарға күшпен кесіп берілді. Қарқара  жайлауы мен жазығы саудагерлердің, орыс көпестерінің малын жайып тұруға алынды. Жерді түгел алған соң ондағы елді қайтпек? Елді құлдыққа салу, көнбесе жерден бездіру керек. Қазақ өзіне-өзі қожа болудан қалды. Онымен қоса өз мүлкіне өзі ие болудан айырылды. Осының бәрі тұла бойында атадан дарыған елдік намыс, ұлттық рух, батырлық ождан, азаматтық ар тулаған Шалтабайды тыныш жатқыза ма? Жоңғарлардан әріде Әлмерек, беріде Түменбай аталары азат етіп берген жерге енді орыс келімсектері қоныстанған соң қазақ елінің, жерінің азаттығы үшін күрескен Саурық пен Алпар, Тұлпар әкелерінің асыл арманы аяқсыз қала ма?! Ата-бабалар аманатындай болып санасына сінген азатшыл рух Шалтабайды атқа мінгізді. Ол бірде-бір ұлыққа мойынсұнған жоқ. Шалтабайдың аталары да, әкелері де, өзі де  «патшалық Ресейге қарадық» деп 1864 жылдары ғана амалсыз құжатқа қол қойғанмен, өмірінің соңына дейін отаршылдық саясатқа қарсы күресіп өтті. Осы күрескерлік рух Шалтабай арқылы Қарқара елінде оқтын-оқтын бас көтертіп жатты.

Шалтабайдан бізге жеткен әні тегінде жалғыз болмаса керек. Әнші Тілеулес Құрманғалиев Шалтабай мұраларын сақтап, жеткізуші Тілектес Намазбаев ақсақалдан бір нұсқа жазып алып,  диплом жұмысына қосқан. Әрине, ол әндердің табиғатынан гөрі Шалтабайды әншілік композиторлық биікке көтерген «Жетісу әуендері» жинағындағы  ән – бағалауға, саралауға Хантәңірі баурайындағы  әншілік-композиторлық дәстүрді айқындауға мүмкіндік беретін шығарма.
Бұл әннің шығу тарихы мынадай. 300 жігіттен құралған Шалтабай бастаған жасақ 1871 жылы Құлжа қаласы үшін соғыста жеңіліс тауып, шегінуге мәжбүр болады. Өзі қашып барып Құлжада бір тараншы досының үйіне тығылады. Бірақ ол ақшаға сатылып ұстап береді. Верныйға әкеліп соттаймыз деген жолда оны жігіттері құтқарып алады. Содан соң Шалтабай Үш Қақпақтың қойнауына жасырынады. Калпаковский оның соңына мықтап түседі. Бір күні «Верныйдан қырық казак-орыс Шалтабайды ұстауға шықты», – деген хабар жетеді. Шалтабай Текестің бойына жағалай қырық үй тіктіріп, қырық үйге қырық келіншек, қырық жігіт күтуші тағайындап, әскердің алдынан адам жібереді. Өзінің ең сенімді  жігіттеріне тапсырма береді: – Ешқандай қарсылық білдірмей күтіп алыңдар. Мені алып келуге олар екеу болса, сендер үшеу болып шығыңдар. Мені қол-аяғымды байлап әскер басы түскен үйдің керегесіне байлап бересіңдер. Бірақ таң атқанша қырық солдаттың бірде-бірі тірі қалмауы керек, – дейді. Әскер Шалтабайдың Текестің бойына тіккен ауылына келеді. Тінтеді. Шалтабай жоқ. «Қайда?» «Тап!» дейді. Әрі қарай тұп-тура Шалтабайдың айтқанындай іс болады. Шалтабайлар қырық ат, қырық мылтық иеленіп, қайта жасақтана бастайды. Патша ұлықтары бұдан кейін Шалтабайға тым өшігіп алады. Артынан тыңшы қояды. Ол таниды деген адамдардың бәрін жеке-жеке ұстап сұраққа ала бастайды. Кетпен деген жерде Шалтабайдың дос келіншегі болыпты. Ол өзі ұйғыр екен. Ақылы мен ажары үйлескен  келіншекті де ұлықтың адамдары ұстамақ болып үйіне келеді. Күйеуінен сұрайды. 

Сен Шалтабайды білесің бе? –деп.
Анау:
– Білем, – дейді. 
– Қайдан білесің?
– Шалтабайдай жақсы адамды білмейтін адам жоқ.
– Оны неге «жақсы адам» дейсің?
– Өйткені ол адамдарға жақсылықты көп жасайды.
– Сонда қалай, сенің сұлу әйеліңмен ашына болғаны да саған жасаған жақсылығы ма?
– Ол мүмкін емес.

Көзім жетсін десең, әйеліңе хат жаздырт. Қонаққа шақырт. Егер келсе, сөзіміздің рас болғаны. Келмесе айыбымыз мойнымызда. 
Мұны естіген соң ешнәрсе білдірмей қатынына:
Менің Шалтабай досымды қонаққа шақыр. Қақпақ жақты орыс әскері тінтіп жүр. Онан да ел көзінен тасалау осы жаққа келсін. Қазір ол ауызбен айтқанға сенбейді хат жазып жібер, –дейді. 
Әйелі шынымен хат жазып жасырын беріп жібереді.

Хат алар күні Шалтабай түс көреді. Түсінде Кетпен тауын қаптаған қалың қарға басып кеткен екен. Ортасында жалғыз сұңқар. Қаумалаған қарғаның ортасынан әрең сытылып шығып, қырғыз жақты шарлап, Қақпақтың үстін барлап алып, Хантәңірінің шыңына қарай шарықтап барып жоқ болыпты. 
Шалтабай ұйғыр келіншектен хат алағаннан кейін қасына отыз серігін ертіп, Кетпен асуына келеді. Сол жерде көрген түсін айтады. «Бармай-ақ қойсам» дегенде серіктері: 
Ақ патшаның құрығы ұзын. Қашан, қай жерде болса да ұстайды. Өзегіңізде өкініш қалмас үшін барғаныңыз дұрыс. Құтқаруға біз бармыз. Бармасаңыз, «Шалтабай батыр жанынан қорқып келмеді» дейді. 

Шалтабай әрі ойланып, бері ойланып, ақыры баруға бел буады. Отыз жігіттің 28-ін етекте қалдырып, екеуін ғана ертіп тауға кіреді. Таудан шығарда әлгі екеуін де қалдырып, ауылға жалғыз өзі жақындайды. Бір мезетте шақырған әйел үйінен жүгіріп шығып қолындағы орамалын бұлғап «Қаш!» деген белгі бергендей болады. Аңдап қараса есгінің алдында орыс ерлі ат тұр екен, түсіне қояды да кері шаба жөнеледі. Бірақ сай-сайға қарауыл қойып қойған екен. Жан-жақтан анталап келіп құтқармай ұстап алады. 
Сонда итжеккенге айдалып бара жатқандағы айтқаны дейді:
Шалтабай – менің атым, елім Құрман,                
Отырған өңкей жақсы мойын бұрған.                 
Құлжаға кіргенімде дінім ұшып, 
Тараншы ұстап берді ит, құдай ұрған. 

Шалтабай – менің атым, әкем – Алпар, 
Құтылды көп қарғадан жалғыз сұңқар. 
Қатықсыз қара суын адал берген,  
Көре алмай мен елімді болдым іңкәр. 

Шалтабай – менің атым, 
«аға-ай» болды,  
Орысқа ит тараншы малай болды. 
Арбаның күн жағына таңып алып, 
Ашуы бұ кәпірдің қалай болды. 

Шалтабай, айырылдың Шалтабайдан, 
Қонысым аударылды жақсы жайдан.
Барамыз енді кетіп Сібір жаққа, 
Бұйырар дәм-тұзымыз әлде қайдан?.. 

Осы өлең өз кезінде белгілі бір әуенмен айтылған. Кейін әнге айналған. Сонда оның мәтіндік құрылымына да өзгеріс енген.
Шаба алмады кер бесті майын шайнап, 
Таба алмадым ақылды күн-түн ойлап. 
Үш жүз жігіт қасымда шерік еді,
Ит тараншы ұстатты-ау 
қолды байлап. 
Қайырмасы:
Келерінде дүние, 
Қызыл-жасыл маржан-ай,
Кетерінде дүние, 
Шет тиыннан арзан-ай!  

Е-е-е-е-е-ей!
Жоқ та болдым, бар да болдым, 
Кең де болдым, тар да болдым. 
Артта қалған ел-жұртымды,  
Бір көруге зар да болдым.  

А-а-а-а-а-а-а-й!
Қазаққа аты шыққан қыран едім, 
Бұл күнде жарға қонған қарға  
болдым...  

Шалтабай Алпарұлының бұл әні нағыз кәсіби деңгейдегі шығарма. Әнші шығармашылығындағы музыкалық құралдардың күрделілігі, әсіресе, әннің көлемімен білдірілген. Әдеткі 11-буынды қос тармақ біріне-бірі жалғасқан үш әртүрлі қайырмамен қайырылған. Онымен қоса әннің тақырыбы – өзін таныстыру әні және мәтін сөзінің маңызды серігі – құбылмалы, иірімді, икемді, декламациялық ырғақ сазгер туындысын кәсіби ән шығармашылығында толысқан суреткер екенін айқындайды.

Шалтабай Алпарұлының «Менің атым – Шалтабай» туындысы кәсіби әннің ішінде – өзін таныстыру немесе автопортрет әндер тобын құрайды. Өз тағдырын Шалтабай ән арқылы көркем әсерлі тілмен жеткізген. Мұнда әнші өз өміріне шолу жасап, баға береді, ауыр тағдырымен бөліседі. Мәтіннің көркем тілінде теңеулер, емеурін сөздер көп. Сал-серілердің әдетіндей ақын өзін сұңқарға, «асылдан соққан балтаға», шалқыған көлге, қыранға теңейді. Өлең аллегориялық салыстыруларға, өткір метафораларға құрылған: «Сары қымызбен аузымды шайқаушы едім, Бір қасық қара суға болдым іңкәр», «Ақ сүйек, шұбар балақ сұңқар едім, Қайрылып қанатымнан жерге қондым», «Келерінде дүние қызыл, жасыл маржан-ай, Кетерінде дүние шет тиіннан арзан-ай», «Жоқ та болдым, бар да болдым, Кең де болдым, тар да болдым», «Қазаққа аты шыққан қыран едім, Бұл күнде жарға қонған қарға болдым».

Ел ішіндегі әңгімеге сүйенсек, Шалтабай Алпарұлы – орыс патшасының отаршылдық саясатына қарсы күрескен өз заманының батыры. Үш жүз жігіт жасақтап, патша үкіметіне қарсы астыртын шабуылдар ұйымдастырған. Итжеккеннен еліне оралып, күрес жолын қайта бастайды. Алайда сенімді адам жинай алмай, қырғызға қудаланады.

Алайда бұл мақалада Шалтабайдың күрескерлік болмысына бірер мысал келтіре отырып, көбінесе қазақ ән өнеріне қосқан ақындық-сазгерлік ерекшелігіне тоқталдық.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, 
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология 
ғылымдарының кандидаты, 
өнер зерттеуші.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,
Т. Жүргенов атындағы 
Ұлттық өнер академиясының профессоры, 
ҚР Еңбек сіңірген әртісі, 
музыкатанушы