МӘДЕНИЕТ - ӨРКЕНИЕТ ӨЗЕГІ

Уақыты: 09.08.2019
Оқылды: 1004
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіл сарайында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жартыжылдық жұмысын қорытындылаған алқа мәжілісі өтті. Оған облыстық басқарма, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, Мәдениет үйлері мен кітапханалардың директорлары қатысты. 


Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев ашып, жарты жылда атқарылған жұмыс бойынша есеп беру үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаевқа сөз берді. 

– Бүгінде облыстағы мәдениет және архив мекемелерінің са­ны 577-ні құрап, был­тырғы жылмен салыс­тырғанда 11 ны­санға артты. Жыл басынан Панфилов ауданындағы Головацкий ауылдық Мәдениет үйі қайта іске қосылды, – деп бастады сөзін басқарма басшысы. – Мәдениет үйлерінде 88 «халықтық», «үлгілі» атағы бар ұжымдар мен 1415 көркемөнерпаздар үйiрмесi жұмыс iстейдi, былтырғы жылмен салыстырғанда үйірмелер саны 61-ге артты.  

Мәдениет саласының жыл басындағы бюджеті 6 685,1 млн. теңгені құрап отыр. Биыл Жамбыл ауданындағы Үңгіртас Мәдениет үйіне қайта құрылымдау жұмысы, Қарасай ауданындағы Шамалған ауылдық Мәдениет үйі және Балқаш ауданындағы Құйған ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу, Ақсу ауданындағы Ақсу, Алакөл ауданындағы Ынталы, Балқаш ауданындағы Жиделі, Еңбекшіқазақ ауданындағы Сарыбұлақ, Ескелді ауданындағы Көкжазық, Кербұлақ ауданындағы Шанханай, Панфилов ауданындағы Үшарал ауылдық Мәдениет үйлеріне және «Батыр бабалар» мемо­риалды, І. Жансүгіров атындағы әдеби мемориалды музейлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Баяндамашының ары қарайғы сөзіне жүгінсек, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға 168 млн. теңге бөлініп, бұл орайдағы қаражат былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан. 1 маусымнан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 15 және 30 пайызға көтерілген.
Облыстағы кітапханалар саны 278-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10 кітапханаға артқан. Оқырмандар қатары да көбейе түскен. Кітап  қоры 94 940 данаға толықтырылып, бүгінгі күні қордағы кітап саны 5 316 166-ға жеткен. 

Биыл облыс әкімі  А. Баталовтың қолдауымен кітап қорын толықтыруға  60 млн. 750 мың теңге жұмсалып, 41 автордың  кітабы жарық көрген. Оның ішінде 20 кітап жас ақын-жазушылардың үлесінде.

Бүгінгі күні музей жұмысы бойынша Есiк археологиялық-өлкетану, Қарасай аудандық  тарихи-өлкетану, “Жаркент мешiтi” сәулет көркем музейлері жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. 

Есепті кезеңде Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында 61 рет спектакль қойылса,  І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында 78 мерекелік іс-шара өткізіліп, филармония ұжымдарының қатысуымен 120 концерт ұйымдастырылған.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында 26 жоба бекітіліп, іске асырылуда. Сонымен қатар,  «Архивтер сөйлейді», «Электрондық архив» және «Тарихи тұлғалар»  атты жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жиын барысында сөз алған облыстық көркемөнер галереясының директоры Қайрат Қаблисанов, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Шоқпаров,  Сарқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жалел Құдияров өз жұмыстарын ортаға салып, кейбір мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін де білдірді. 

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев мәдениет ошақтарының құрылыс жұмыстарына, заңсыз орнатылған ескерткіштер жайына, кадрлық мәселелерге тоқталып, олардың шешілу жолдарын көрсетті. ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкіметтің берген тапсырмалары бойынша орындалатын жұмыстарды нақтылап, жаңа жобалар қарастыру қажеттігін алға тартты.

Алма ЕСЕНБАЕВА