Жемқорлықпен күрес ортақ міндет

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 1312
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қоғамның жегі құрты – сыбайлас жемқорлықты болдырмау бүгінгі күннің басты талабы. Алайда мемлекеттің қаржысын қарпып қалуды көздейтін ниеті бұзықтардың қадамы көптеген зиян келтіріп, жоспарланған жобаны аяқсыз қалдырады. Дегенмен, құқық қорғау органдарының қырағылығының арқасында сыбайлас жемқорлық әшкере болып, кінәлілер жазаланады. Осындай өзекті мәселелер «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында өткен партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің бейнеконференциясында айтылды.

Алдымен сыбайлас жемқорлықтың зардабына арналған бейнеролик көрсетілген жиынды «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Жарасов ашып, жүргізіп отырды. Бейнероликте Талдықорған қаласының 6,7 ықшам аудандарында салынуы тиіс көпқабатты 5 үйдің құрылысын жүргізу үшін «ИшедоЭнерджи» компаниясы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамынан келісімшарт арқылы 709 087 311,38 теңге алғандығы, алайда «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингіне қарасты құрылыс компаниясы бес үйді тек тұғырын ғана тұрғызған күйде қалдырғаны көрсетілді. Сонымен қатар, Алматы – Өскемен автожолын биыл толық пайдалануға беруі тиіс «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының жобаны тағы бір жылға кешіктіруі сынға алынды. Өйткені, республикалық жол Көксу ауданының орталығы Балпық би кентіне келгенде тоқтап қалған. 12 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенді кесіп өтуі тиіс автожол бойына жолаушыларға арналған жерасты өткелдері не көпірлері қарастырылмаған. Осыған жауапты тұлғаларды сынға алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Василий Олейник баяндама жасап, облысымызда орын алған кемшіліктерді тізіп шықты. Оның айтуынша, бір апта бойы жүргізілген жұмыс тобы көптеген кемшіліктерді анықтаған. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015–2016 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыны қадағалауға облыстық партия филиалы жұмсақтық танытқан. Шындығында мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалауды қатайту партия филиалына жүктелген басты міндет. Ал, Алматы облысында тұрғын үй алудың кезегіне тұрғандардың саны жыл өткен сайын артып отыр. Мысалы, биылғы есеп бойынша 304 мың 316 азамат мемлекеттік қордан үй алуға кезекке тұрған. Одан бөлек, жер телімін алуға өтініш білдіргендердің де саны азаймай отыр.
Одан кейін мінберге шақырылған «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов есеп беріп, қордаланған мәселелерді тарқатты.
– Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – Болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру барысында Ұлттық Қордан бөлінген қаражат негізінде Алматы облысында жүзеге асырылып отырған жұмыстардың барлығы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басты назарына алынып, қадағалануда. Елбасының қолдау көрсетуінің нәтижесінде қолға алынып жатқан мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуы облысымыздың тұрақтылығы мен өркендеуіне оң әсерін тигізуде, – деген Амандық Ғаббасұлы Жетісу жерінде іске қосылып жатқан ауқымды жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты іске қосылып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің «Алматы – Қорғас» бөлігінің құрылысы аяқталып қалған. Келер жылы республикалық «Талдықорған – Өскемен» және облыстық «Үшарал – Достық» автожолдарының құрылысы жалғаспақ. Облыстың инфрақұрылымын дамыту үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 400 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынбақшы. Одан бөлек, 15,7 мың жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту жоспарлануда. Бұдан да бөлек, халық үшін көптеген игілікті істер жүзеге асырылып, мүмкіндіктер берілуде. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының жұмысы жанданып, жаңадан нысандар салынбақ.
Одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Кенжеқұлов баяндама жасап, мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсағандардың әшкереленген әрекетін, басқа мақсатқа жұмсалған бюджет ақшасын қайтарғандарды, парақорлық үшін сотталғандарды таныстырды. Атап айтқанда, 1 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысын жымқырған «Жетісу агросауда» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Ақпаев 12 жылға сотталса, Ткачев 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Мүлкі тәркіленген екеудің тағдыры Талдықорған қалалық сотында қаралған. Одан бөлек, «Панфилов аудандық жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Иманғалиева 3 жылға сотталып, мүлкі тәркіленсе, Іле аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аширов 3 жылға шартты жазаға кесілген. Сонымен қатар, сот үкімі шықпаған бірқатар іс тергеуде. Олардың бәрі де сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша қозғалған. Осындай мәліметтерді келтірген департамент басшысын жаңа қызметімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Жарасов жұмысына сенім білдірді.
Тікелей желідегі бейнеконференцияға қатысушылар жиында көтерілген мәселелерге қатысты сұрақ қойып, лайықты жауап алды. Жиынды түйіндеген кеңес төрағасы алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық деректерін, жазалылардың жөнсіз әрекетін анықтау жұмыстарын «Нұр Отан» партиясы жалғастыратынын жеткізді.

Мәди Алжанбай