ЖАНАШЫРЛЫҚ ҚАЖЕТ

Уақыты: 10.08.2019
Оқылды: 857
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл – Жастар жылы. Қандай керемет, иә? Бұрын-соңды болмаған бұл жаңалыққа қазақ-стандық өрендер риза. Алайда Елбасының өзі тікелей жастарды қолдап жатқанда біз сол сенім үдесінен шыға аламыз ба деген сұрақ санама жиі оралады. Енді қысқаша өзге емес, өзіміздің жетісулық жастарға тоқталсақ. 


Жалпы, әлеуметтік желі пайда болғалы талдықорғандық жастар бірін-бірі жақсы таниды десем көпшілік келісер. Өйткені, алақандай қаладан бір көргендер таныс, екі көргендер біліс болып кететіні шындық. Оның да қоғамға тигізер тиімді тұстары бар. 

Соңғы бес жылда қаламыз едәуір дамып, жаңа нысандар бой көтерді. Тіпті, басқа қалаға еніп кеткендей күй кешеміз. Барлығы халықтың игілігі үшін жасалуда. Ертеңгі болашақ үшін. Әрине, болашақ – жастардың қолында. Ал, біз, жастар алдыңғы буын ағаларымыздың бізге жасаған қамқорлығын қаншалықты сезініп жүрміз? Аманатқа қиянат жасап қоймадық па деп ойландық па? 

Мәселен, қаламызда көрген адамды сүйсіндіретін аялдамалар салыну үстінде. Бұрынғысымен салыстырудың өзі артық. Біз су жаңа аялдаманы аядық па? Шынысын шағып, суретін жыртып, қор еттік. Саябаққа қойылған орындықтарға неше түрлі сөздер жаздық. Түнгі қаламызды жарықтандырып тұратын шамдарды да сындырдық. Қысқасы, ел қызығатындай дүниелерді тас-талқан еттік. Әлеуметтік желілерден бұзылған, қираған, сынған аялдамалар мен жарық шамдарының суреттерін көргенде ішің ашиды. Тек пікір жазумен ғана шектелеміз. Құзырлы органның да бұл істі соңына дейін апарғанын естімедік. Жоқ деген күннің өзінде бір кінәліні ұстап, тәртіпке салса, екінші рет қайталанбас па еді?..

Ұят болады. Обал болады. Жаман болады. Осы үш-ақ ауыз сөздің қадіріне терең бойлай алмайтынымыз алаңдатады. Енді келіп Жастар жылынан көп үміт күтеміз. Әуелі өзіміздің көшті түзейік. Ұятқа қалмайық. Өз байлығымызды өзіміз аяққа таптамайық. Ел ағалары артқан сенімге селкеу түсірмейік. Мемлекетке алақан жайып, көп дүние тосып отыра бермейік. Мемлекеттің мүлкін, халыққа деген ыстық ықыласын қор етпейік, құрметті замандас. 

Жанель КАДЕНОВА, 
Н. Островский атындағы №8 мектептің оқушысы 
Талдықорған қаласы