АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ

Уақыты: 12.08.2019
Оқылды: 740
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Апат айтып келмейді» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Пенжім ауылында орын алған апатты ойласақ, қабырғамыз қайысатыны анық. Аяқасты мінез көрсеткен табиғат елді біраз әбігерге салды. Ауылдағы күре жолдың орталық тұсы «Жібек жолы» мен тас жолдың астыңғы көшелерін лезде су басып қалды.


Тұрғындар бас амандығын ойлап, барынша қашуға тырысты. Бала-шағасы мен қажетті құжаттарын алып, туған-туыстарын жағалап кетті. Берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары бір-біріне барынша демеу бола білді. Осындай қиын-қыстау күнде көмек қолын созған ауыл азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Не істерін білмей, есеңгіреп қалған жұртқа ауыл азаматтары, аудандық мәслихат депутаты Әділжан Ходжамберидиев, Махирам Ниязбекова, жеке кәсіпкерлер Мұрат Изимов, Иолдаш Беширов, Бақыт Көншібаева және ауыл молдасы Рамазан Сатпанов сынды қайырымды жандар көмектесті. Бірі бөгетті жөндесе, бірі тамақпен қамтамасыз етті. Осы азаматтарға аналық жүрегіммен алғыс айтамын.

«Көптің ісінде береке бар» деген осы болса керек. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, көмектескен жандарды аудан әкімі Темірлан Бектасов Алғыс хатпен марапаттады. Айта кетерлігі, «Болат Өтемұратов» қоры мен «Қызыл Ай» қоғамдық қоры зардап шеккен 176 отбасының әр мүшесіне қаржылай көмек көрсетті. Бұл үлкен жомарттық. Бірінің басына іс түссе, қарап қалмайтын, жүрегі мейірімге толы жандар әлі де болса қатарымызда баршылық.  Қол ұшын созған әр азаматқа Алланың нұры жаусын дейміз. 

Тоқтаргүл КИІЗБАЕВА, 
зейнеткер ұстаз