МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ БОЛСА

Уақыты: 12.08.2019
Оқылды: 1197
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Соңғы жылдары ауылға жаңадан балабақша, дәрігерлік амбулатория, пошта ғимараты және полиция учаскесі сынды халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынды. Кейіндері мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де ерекше атап өткім келеді. Халықты имандылыққа шақырып тұратын мешітіміз де бар. Енді тұрғындарының «ауылға бір Мәдениет үйі салынса» деген басты тілегі бар.


Алмалы ауылында бұрындары Мәдениет үйі болған. Іргесі 1980 жылдары қаланған ғимараттың қазір тек қабырғалары ғана қаусап тұр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мәдениет ошағы 1998 жылдарға дейін жұмыс істеген. Нысан жекеменшікке өткендіктен ғимарат материалдары талан-таражға түсіп, соңында тек қаусаған қабырғалары қалған. Дәл ауылдың ортасында орналасқан Мәдениет үйінің қазіргі күйі айналаның келбетін айтарлықтай бұзып тұрғанына біраз жыл болған. Мәдени ошақ бір ауылға керек-ақ. Осыны қолға алатын азаматтардың болмағаны бізді алаңдатады. 

Түрлі мәдени шаралар мен ұлттық мерекелерді атап өту үшін бір Мәдениет ошағы керек-ақ. Басты тілек – бұрынғы Мәдениет үйінің орнына жаңадан бір нысан салынса нұр үстіне нұр болар еді. Ауыл тұрғындарының осы тілегі аяқсыз қалмаса екен дейміз. Рухани жаңғыруға мәдениет ошағы болмаса қалай қадам басамыз? Дамудың даңғыл жолына қалай көтерілеміз? Осы жайында ойлап, көптің тілегіне құлақ түрер азаматтардан нәтиже күтеміз. 

Данияр САҒЫНДЫҚ
Алмалы ауылы,
Сарқан ауданы