ҚАСИЕТІҢНЕН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРАҒАШ

Уақыты: 10.08.2019
Оқылды: 1847
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті, оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», – деп  «Айқап» газетінің 1912 жылғы  №3 санында  Сабыржан Ғаббасов «Қапалға да ай туды» мақаласында  жазған екен. 

Қазақтың   асыл азаматтарының біразы білім нәрімен сусындаған,  ұстаздық етудің үлгісі  саналған "Мамания" мектебінің орнын көріп, ұлылардың табанының ізі қалған аумаққа тәу етіп, сол маңда жерленгендеріне Құран оқыту мақсатында Қарағашқа бет алдық. Жол бастаушымыз аудан әкімінің  баспасөз  хатшысы Құрмет Досжанова  мен «Мамания» мектебінің директоры Алпамыс Қазбанбетов. Біраз жылдан бері көлік қатынауы қиындаған  аумақтың  қара жолын ауданның елжанды азаматы Берікбол Қасымов биыл көктемде жөндеген еді.


Жұлдыздар 
із тастап ағады

  «Мамания» мектебінің аты қойылған  «Маман қажы кім?» деген сұрақ төңірегінде бірер сөз. Қажының төртінші атасы Бөрібайдың есімі  Қаптағай елінің ұранына айналған.  Бөрібайдан тараған ұрпақтың барлығы сен тұр мен атайын деген мықтылар. Елді аузына қаратқан шешен, билер.  Бөрібайдың Тәнеке деген ұрпағы патша өкіметінен үлкен шен алған. Маманның төрт әйелі болған. Бірінші әйелінен Тұрысбек, Бейісбек, Сейітбаттал, екінші әйелінен Анғабек, үшінші әйелінен Құттыбек, Құрманбек, төртінші әйелінен Есенқұл деген балалары дүниеге келген.Ол ірі бай болған. Әндіжан, Тәш­кенге, бір жағы Қоянды жәрмеңкесіне  отарлап қой апарып сатқан. Жол бойында бірнеше жерден дүкен ашқан. Керуен сарайын салдырған қазақтың ең ірі байларының бірі. 

Қалашық орнының  жайқалған ағаштары бұл маңда бір кезде бақуатты тіршілік болғандығынан сыр шертеді.  Атшаптырым алаңқайда әлі де қарағаштар мен теректер жайқалып тұр. Тіршілік заңы бойынша, кәрі ағаштың  тамырынан жас көшеттер бой көтеріпті. Әр жерде бұрынғы үйлердің іргетасын қалаған жақпақ тастар жатыр.   Байқажы әулеті салтанат құрған аумақта бірнеше кәусар бұлақ  бар. Өткеннің сырын ішіне бүккен бұлақтар мөп-мөлдір болып ағып жатыр. Тіршіліктің жалғасатынын, орнында бардың оңалатынынан сыр беріп, үзіліссіз сырғуда. Шыжыған ыстық күні барғандықтан алақан толы суды армансыз сімірдік.  Бұл бұлақтан  қазақ зиялылары Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлейұлы және басқа Алаш арыстары шөлін қандырған.  Қарағаш бұлағының маңында  Алаш арыстарының табанының ізі бар-ау деген ой келген сайын  топырағын аялай бастық.  Елегізіп жан-жағыма қарай бердім.  Білім мен өнердің ордасы болған мектептің орны да жоқ. Мыңды айдаған байлардың  салтанаты көрінбейді, сәйгүліктерінің дүбірі естілмейді. Маман-Тұрысбек байдың көк үйлері де көз қуантпайды.  Қарағаш қалашығының болғанын  тек жайқалған ағаштар ғана дәлелдейтіндей. «Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ» дегенді айтқан  қазақ қандай данышпан еді дейсің!  Саясының рахатын  аптапты ыстықта аталарымыздың ізін іздеп барған біз көрдік.  Иен далада аталардың өзі болмағанымен рухы бары байқалды. Жанға жылы шуа­ғын шашты. Қиял емес, шынымен де жылылық сезілді. Ағаларымыздың кеңпейілі туып-өскен жерде де  қалып қойыпты. Темір қоршаумен қоршалған қорымда  елге  мәрттігімен танылған Ма­ман Қалқабайұлы, Медетбек Қалқабайұлы,  Сейітбаттал қажы, Маманның әйелі, Есенқұл қажының анасы  Жаңғақ анаға  белгітас қойылған екен. 

Қарағашты 
тұрғызғандар

Маман ұрпақтары Қарағашты жан-жақты дамытады. Көрікті қала дәрежесіне жеткізу үшін сәулеті келіскен үйлер салдырып, ағаштар отырғыза бастайды.  Үй салу үшін Семейден қызыл кірпіш, Омбы, Керекуден есік-терезе алдырады.  Наманған, Әндіжаннан бағбандар шақыртып, жеміс-жидек ағаштарын отырғызады.  Бірнеше жылда  Қарағашта көк шатырлы 50 шақты үй бой көтереді. Көрікті қаладағы тұрмыс, өнер-білімнің дамуы қанат жаюы  ел-жұртқа тез таралады. Арасан, Қапал, Ақсу, Бақалы, Сарқан, Лепсі жұрты  Маманның бастамасына еліктей бастайды.   

Бай, қажы әулетінің дәулетті балалары  Есенқұл немере ағасы Құдайберген екеуі  1904 жылы  Уфаға барып,  «Ғалия» медресесінің оқу жоспарын, білім шаңырағының ережелерін үйреніп келеді. Тұрысбек қажы дүниеден өтіп, оның  мешіт пен медресе салу ісін інілері  іске асырады. Мешіттің құрылысын Сейітбаттал, мектеп салуды Есенқұл жалғастырады. «Мамания» мектебінің сабақтары «Ғалия» медресесінің  кестесімен өткізіледі.  Білім шаңырағының қасынан орыс тілін оқытатын кешкі мектеп ашылады. Істің бірден жүріп кетуіне «орыстанудан» сескенгендер кедергі жасайды. Бірақ, Сейітбатталдың ықпалының арқасында оқу-білімге бет бұрады.  Сейітбаттал 1913 жылы дәм-тұзы таусылып, қайтыс болады.  Ары қарай бүкіл шаруаны жүргізу  Есенқұлдың  басқарушылығына өтеді.  Аманатты арқалаған Есенқұл білім алушыларға жатақхана, асхана, монша және мұғалімдер  үйін  салып береді. 

«Қарағаш» бағындағы мектепті тұрғызу, ұйымдастыру жұмыстары  1899 жылдан басталады. Мешіттің молдалары Хасен мен азаншы Омар оқушыларға  Құран сүрелері, дін және жадитше дәріс береді.  Адай Есенқұловтың «Ғасыр ғұмырлы мектеп» атты мақаласындағы (Қазақстан Республикасы Орталық тарихи архивтегі  90-ф, 1-тізім, 373-іс, 14-15 бет) жазбада  «Мамания» медресесінде қазақ тілі, есеп, иман-шарт, Құран, орыс тілі, пайғамбарлар тарихы, жағрапия, зоология, ислам діні тарихы, татар тарихы, хадис (Пайғамбарлар өсиеті) оқытылғандығы туралы жазылғандығын келтіреді.  Есенқұл «Мамания» мектебін Ғалия медресесі сияқты  сапалы білім беретін  ордаға айналдыруды мақсат етеді. Төрт кластық мектепке Қарқаралы уезінің қаракесек руынан Мұстақым Малдыбаев меңгеруші болып тағайындалды.  Қарағаштағы Маман әулетінің қаржысына салынған «Мамания» медресесі   3 жылдықтан басталып, 1904 жылы 6 жылдыққа, кейін 1909 жылы 8 жылдыққа ұзартылып, мектеп дәрежесін иеленеді. 

Қарағаштағы «Мамания» мектебінің ашылу салтанатына Барлыбек Сырттанов пен Мұстақым Малдыбаевтың арнайы шақыртуымен атақты әнші Майра Уәлиқызы келеді.  Ол бір жылдай  оқушыларды өнерге баулып, содан кейін еліне қайтады. Сол кезде:
«Хош боп тұр, 
          туған жерден алыстағы ел,
Мектеп ашып, той жасап, толысқан ел.
Лепірген асау Ақсу өзеніндей,
Әндері дәулетімен молысқан ел.
Қарағаш ән шырқадым баурайында,
Сөзімді ізгілерге арнадым да», –
деп кетерінде «Қоштасу» әнін арнайды. Сол кезде жиналған қауым Ілияс Жансүгіровке  Майра апаңа жауап қайтар деп қолқалайды. 

«Майра апай, бізді де сіз ұмытпаңыз,
Көңілді бізге деген суытпаңыз.
Көгімде әніңізді қалықтатып,
Ақсуды тағы келіп қызықтаңыз»,
– деп  жауап қайтарады.   Тойға Шәуешектен Әсет Найманбаев та шақырылады.  Бірақ, ақынның аяғы ауырып,  келе алмайды. 

Шәуешектегі хатшы-тәржімеші Тұрлыбек Сырттанов арқылы халыққа сәлем хат жолдайды.  
Уа, халқым, құтты болсын медресең,
Бек жақсы, жеміс ексең, теріп жесең.
Немерем тәлім алып, тәрбие алып,
Оқыса –  өтелгені менің есем.
Шіркін-ай, ашылса ғой баяғыда,
Көнер ме ед Әсет ақын аяғына.
Көрдің бе өкіндіріп отырғаны,
Кез келіп, сүйенгенде таяғына.
Дауысым естіле ме Шәуешектен,
Еңбегің өтеледі келешекпен.
«Иллахи» кейінгі ұрпақ теріп жесін,
Жемісін аталары егіп кеткен»,
– деп өлең арнаған екен. Өңір тарихының сырын ақтарып,  Алаш арыстарының өмір жолын зерделеп жүрген өлкетанушы Жемісбек Толымбек жазбаларында  мектептің қалай ашылғандығы, онда кімдердің басшылық, оқытушылық қызметте болғандығы жайлы мол мағлұмат бар. Мектеп ашылған жылдары 8 оқу бөлмесі, 4 үлкен зал, 60 орынды интернат үйі болған. Маман құттың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есен­құл қажылар білікті мұғалімдерді «Қаз­ақ» және «Айқап» журналдары арқылы мек­тепке  шақырады. Білім-білігі жоғары, жа­ңа­ша дәріс беретін, бірнеше тіл білетін мұ­ғалімдер әлеуметтік жағдайының жан-жақ­ты жасалатынын естіп, көптеп келеді.  Олар­дың барлығына үй салып береді.   Білім ша­ңы­рағына ұстаздар  Түрік, Қазан, Уфа қала­ларынан шақырылады. Файзрахман Жихангеров,  Мұхаметқали және Фатима Есенгелдиндер өте білімді дәріскерлер еді.  Ал Ғабдолғазиз Мұсағалиев ұстаз Каир университетін бітірген заң қызметкері, сегіз елдің тілін білген ғалым, ойшыл-философ, шығыс елдері тарихы мен әдебиетінің зерттеушісі. Ғабдолғазиз Мұсағалиев Барлыбек Сырттановтың шақыруымен келеді.   Барлыбек Сырттанов қазақ уставын бірінші болып жазған адам. Қазаққа тәуелсіздік сұрап ақ патшаға барған. Барлыбек Сырттанұлы мектептің оқу бағдарламасын, қандай пәндер оқытылатынын Уфадағы «Ғалия» медресесінің ағарту бағдарламасына сай жа­сайды.  Атауына да сол себепті «ия»-ны қосады. Мектептің дәрежесін «Ғалия» медресесінің дәрежесіне жеткізуге күш салады.  «Мамания» мектебін тамамдаған шәкірттер басқа қалалардағы оқу орындарына еркін түсе алған.

Арда туған азаматтың аты ардақталып, жақында Талдықорғандағы №25 мектептің есімін Барлыбек Сырттановқа беру туралы мәслихат депутаттарының шешім шығарғаны, ұлыларға жасалған құрмет.

 «Мамания» мектебінің алғашқы түлек­тері: Біләл Сүлейұлы, Әбубәкір Жайшыбек- ұлы, Ыбырайым Маманұлы, Ілияс Жансүгіров, Бейсенбай Кедесұлы  сынды тұлғалар. Ұйымдастыру жұмысының жақсы жүргендігінен 1918 жылы 200 шәкірт пансионда жатып білім алған.  Мектеп жанынан орыс тілін үйрететін кешкі курс ашылған. Оған Есенқұл қажы өзі де барып, дәріс алған.  

Қыздарды оқыту үшін Уфадан Фатима Есенгелдина ханымды алдыртып, оларға арналған оқу орнын Мамания мектебінің жанынан аштырып, онда 30 қыз оқыған. Қыздарға арнап ашқан оқу «Женс­кое училище» деп аталады. Бұл туралы Шәкен Күмісбайұлының редакторлығымен жарық көрген «Мамания» атты кітапта кеңінен жазылған.  Есенқұл қажы қазақ балаларының жоғары оқу орындарында оқып жүргендеріне қаражат беріп, көмек қылуды аямаған. Өз қаражатымен Біләл Сүлеевті Уфадағы «Ғалия» медресесінде, Орынбордағы мұғалімдер семинариясында оқытқан.  

Мақаланы жазу барысында  Қарағаштағы коммуна мектебінде (школа коммуна молодежи) оқыған 97 жастағы Алтынай Ес­болатова апамен әңгімелестік. Алтынай апа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берген. Елбасы  апаны соғыста паравоз жүргізгендігіне байланысты «Паравоз апа» деп атайтын. Ашаршылық пен жетімдіктің азабын көп тартқан апам балалар үйіндегі өмірін қаз-қалпында айтып отыр. Ол кісі оқуға барған 30-шы жылдары «Мамания» мектебі жоқ еді. Қарағаш ауылы мен Мамания мектебінің ғимараты 1918-1920 жылдары  ақтардың бекінісіне айналады Ақтардың атаманы Анненков қарамағындағы Бедарев пен Осиповтың отрядтары Қарағашқа бекініп, 1920 жылы Қытайға асарларында мектепті өртеп кетіпті.

Ал, 1924 жылы осы мектепті, үйлердің өртенбей қалған жерлерін қайта қалап, мектеп-интернатқа айналдырады. Сол кезді еске алған Алтынай апа:  «Мәкей Еркінбеков, Төтенов деген директорларымыз бол­ған. Мәкейдің әйелі Сара тәрбиеші еді. Абдоллаев, тараншы Қасым Мәсімов, Немеребаев, Төребаев, Үсенов, Прошунин деген ұстаздарымыз болды. Қасым Мәсімовтың әйелі Қанипа Қызылтаң ауылынан, қайнардың қызы еді. Оны Қан апа дейтінбіз. Керемет кішіпейіл кісі еді. Саусағын бір ұстауға таласатынбыз, дәреже санайтынбыз. Маман-Тұрысбектердің 12 бөлмелі үйінде оқыдық.  Атала, қаракөже қайнатып беретін. Бір күні орыстар келіп, трактор әкеліп,  Қарағаш мектебін салған  Маман қажыға арналып қойылған құлпытасты құлатты. Бір жеті жүріп, қақ ортасынан бөлді, бөлініп қалғырлар. Күміспен латынша жазылған жазуы болған.  1930  жылы қызылдардың осындай оспадар қылықтарына ренжіген  тұрғындар көтеріліске шықты. Көтерісшілер «Бөрібай, Бөрібай» деп атпен шауып келгенде  көпшілік бір орынға жиналатын. Сол жерде ақылдасу, қару-жарақ жинау, міне­тін ат беру мәселесі айтылатын. Олар­дың келгенін айту маған да жүктелген. Үйдің төбесіне шығып оты­ра­мын, көтерілісшілер келе жатса бар даусы­ммен әндетемін. Сонда ауылдағылар бөрібайшылардың   келе жатқанын білетін.  Балалар үйінің тәрбиеленушілерін жазда Бала­саз жайлауына апаратын. Бүлдірген жейтінбіз. Сол кезде арбаның қара майын алып, дәу қойтасқа «Алтынай» деп жазып кетіп едім, бар ма екен, ә» деп қояды апам.   Кейіннен 32 жылы  балаларды Қарағаштан  Тақыртұмаға жаяу апарды. Неге үйткенін  білмедім. Шыққанда  қырық адамға бір адам жетпейтінбіз (39).  Тақыртұмаға 18-і ғана жетті. Ірілеу едім «тәте, тәте» деп жылаған бір қызды өзім арқалап бардым.  Қалғаны жүре алмай жолда қалды. Сол жылы қараша, желтоқсанда аштық басталды. Бірақ, мұғалімдер бізді аш қалтырмады. Қатты ашыққанда «Қаракеней» деген шөптің тамырын, «Жаужұмырдың» пиязын жейтінбіз. Балалар үйінің алдында аш адамдар жүретін. Шықсақ қолымыздағыны  тартып алатын. Енді аштық пен соғыс болмаса екен. Басқасының бәрін орны­на келтіруге болады. Ол кезде де бәрі бар еді ғой. Бірақ, өкіметтің аштыққа ұрындырғаны дұрыс болмады. Қазір қарамыз бұ­дан да көп болар еді», – деп көз жасын сығып алды. 

 

  
Әдебиетке 
көрсеткен қолдау

  Есенқұл қажы  өзінің  дәулетті туған туыстарымен «Қазақ» газетіне жәрдем бер­ген.  Ол жайында  «Қазақ» газетінің 1912 жыл­ғы 24 сәуір  №11 «Семиречинский облысынан  Би-қажы Маманов, Құдайберген Тұрысбеков, Есенқұл қажы Маманов, Ғайтмұхамбет Тұрысбековтердің «Қазақ» газетінің пайдасына жіберген жәрдемі мұғалім Ғабдулғазиз Мусин арқылы жеткізілгенін хабарлап,  басылымның басқарушысы атынан ризашылық білдірген. Маман әулеті қаржылай көмекті «Айқап» журналына да жасаған. «Айқап» журналының  1915 жылғы 7, 9 нөмірлерінде  «Роман жарысы туралы»  атты мақалада Есенқұл Мамановтың  мәрттігі, жомарттығы жайлы кеңінен жазылады. Есенқұл қажының қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет роман бәйгесін жариялағаны айтылады. Мақаланың ауаны  Есенқұлдың  әдебиетке жасаған қамқорлығын басқаларға да үлгі етеді. «Қазақ» газетінің 117-санында: «Былтырғы роман жарысының мезгілі жақындады. Бәйгеге қосыламыз деген талапкерлер «Қазақ» басқармасына білдіріп тұрса керек. Енді солардың жазғандарын қарау жұмысы сыншы азаматтардың мойнында.  Сыншылар бір жерге  жиылып, кеңеспей болмас. Жиылуға Семей шаһарын ыңғайлы көрдік. Өйткені, сыншылыққа шақырып отырған  мырзаларымыздың бірсыпырасы  сонда көрінеді. 

Ардақты азаматтар! Жаңа жетіліп келе жатқан әдебиетімізден бір қызмет бола ма деп бастаған ниет еді, бұған әрқай­сыңыз ілтипат етіп, ұлт әдебиетінің құрметіне сыншылдықты қабыл етуіңізді өтінемін. Есенқұл Маманов». «Қазақ» газетінің 1914 жылы 24 мамырдағы № 24 санында, «Ашық хат азаматтарға» деген хабарламасында Маманұлы Есенқұл қажы: «Бәйгеге түскен романдарға сыншылыққа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Марсеков, Шәкәрім Құдайбердиев, Яқұп Ақбаев, Нармамбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов деген ардақты азаматтарды лайықтаймын», – деп жазады.  Есенқұл қа­жының осы өнегесін  бүгінгі таңда қазақ­қа белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов жаң­ғыртып келеді.  Ол балалар әдебиетінің өр­кендеуі үшін  Есенқұл Маманов атында­ғы бәйге жариялап, жыл сайын қомақты қар­жы бөлуде. Халыққа пайдалы  кітаптарға бәйге жа­риялау Европада бұрыннан бар үрдіс. Мыса­лы, Альфред Нобель тау-тасты жара­тын динамитті ойлап тапқан адам. Мұ­най­дан керосин бөлуді зерттеп, іс жүзі­не асырған.  Сол адам өмір бақи жиған-терге­нін шығармашылықпен шұғылданған  адам­дарға берген.  «Шығармашыл адамдар халық­қа еңбек етіп, ғұмырын  арнайды, сон­дықтан кедей болады.   Жәрдем етуші болмайды. Сол үшін менің  бергенім олар­дың игілігіне жұмсалсын» дейді.

Бүгінгі байлар да  мал табуды,  тапқан мал­­­ды болашақтың еншісіне жұмсауды қа­зақ­­тың бай қажысы Маман-Тұрысбектен үй­ренсе нұр үстіне нұр болар еді-ау. Биыл мек­тепке – 120 жыл. Соған орай  ауданның атымтай жомарт азаматы Молдияр Нұр­­баев оқу ғимаратының кем-кетігін қал­­пына келтіріп, жоғын түгендеп берді.  Бай­­лық пен дәулетті игілікті іске арнауды Бауыр­­жан мен Молдияр бауырымыздан үй­ренсе құба-құп.

Гүлжан ТҰРСЫН