ҮШ МАМАНДЫҚ БЕРЕТІН БІЛІМ ОРДАСЫ

Уақыты: 10.08.2019
Оқылды: 1252
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Былтыр І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жанынан колледж ашылған болатын. Колледж бүгінгі таңдағы сұраныстағы мамандықтар бойынша лицензия алып, талапкерлерді қабылдауды бастап кетті. Осыған орай Жансүгіров колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Марат Мәлтекбасовпен сұхбаттасқан едік.


– Марат Жабықбайұлы, бүгінгі таңда колледжге қандай мамандықтар бойынша талапкерлер қабылдануда? Жастардың мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға мүмкіндігі бар ма?
– Әлбетте, жастардың тегін оқуы үшін 200 грант бөлініп отыр. Оның ішінде 175 грант 9-сыныптан кейін келгендер үшін, 25 грант 11-сынып бітірген түлектер үшін. Атап айтар болсақ, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі, бастауыш білім беру мұғалімі, орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, заңгер, қаржыгер, аудармашы, дизайнер, техник бағдарламашы, көркемдік-әсемдік жұмыстарын орындаушы, туризм саласы бойынша саяхат жүргізушісі, турист агенті, менеджер біліктіліктері бойынша талапкерлер қабылдаудамыз. Бүгінгі таңда бастауыш білім беру мұғалімі, аудармашы мамандықтарына үлкен сұраныс байқалуда. Бастауыш білім беру мамандығы бойынша бір орынға 1,4 баладан келсе, аударма ісі мамандығына 1 орынға 2 баладан таласуда.
Оған, керісінше, саяхат жүргізушісі сынды мамандықтарға аса сұраныс болмай тұр. Алматы облысы туристік кластер бойынша мемлекеттік бағдарламаға кіріп отыр. Соған орай туризм саласын дамтытуға ерекше ден қойылуда. Демек,  туристік мамандықтарды меңгерген жастардың болашағы зор болады. Бірақ, осы жағынан насихаттың аздығынан ба, талапкерлер саны да төмен.  Туризм саласы бойынша үш біліктілік алып шығады, ол саяхат жүргізушісі, турист агенті, менеджер. Қазір модульдік бағдарлама бойынша бір емес, бірнеше біліктілік алуға мүмкіндік бар. Осы орайда колледжде қыркүйектен бастап модульдік бағдарлама қолданылатынын айта кеткен орынды. Бұл жастардың болашақта жұмыс табу мүмкіндігін арттырады. Мәселен, жаңағы айтып отырған туризм саласы бойынша оқуға қабылданған студент саяхат жүргізушісі, турист агенті, менеджер біліктіліктерін қатар меңгеріп, болашақта осы мамандықтар бойынша қай жұмыстың ыңғайы бар соны істей алады. Жалпы оқу жүйесінде модульдік бағдарлама мен кредиттік жүйе қатар қолданылуы тиіс. Осы орайда екінші семестрден бастап кредиттік жүйеге көшу жоспарымызда бар. Университет Балон процесіне енгендіктен кредиттік технология бойынша оқытуымыз қажет. Бұл – уақыт талабы.  

– Колледждің университет жанынан ашылу себебі неде? Бұл жастарға қандай мүмкіндік береді?
–    Елбасымыздың өзі балабақшадан бастап, мектеп, колледж, жоғары оқу орны жүйесінде жас ұрпаққа үздіксіз, сапалы білім беруді тапсырған болатын. Осы орайда 9-сыныптан кейін бізге келген талапкерлердің колледжде алған білімімен шектеліп қалмай, ары қарай университетте оқуын жалғастырып, бакалавриат, магистратура, доктарантураны меңгеріп, ғылыммен айналысуға мүмкіндігі бар. 
Жалпы баланың қандай нәрсеге бейімі бар, ол балабақшадан бастап зерттелуі тиіс. Мектепте кәсіби бағдар жұмысына айрықша мән берілуі керек. Мұнда мұғалімдер, психологтар, жоғары оқу орны қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, баланың жан-жақты қырын ашып, мамандыққа бейімділігін анықтауы қажет. Осы орайда биыл колледж қызметкерлері дәстүрлі әдістердің тиімсіздігін ескере отырып, кәсіптік бағдарды анықтауда жаңа инновациялық әдістерді іздестіруді мақсат тұтты. Оқушыларға кәсіби бағдар беру тәсілдерінің бірі ретінде «Люди Х – путешествие в PROFILAND» квест-ойынының жобасы таңдалды. Бұл кәсіби бағдар квестін кәсіби бағдарлау және мансапты жоспарлау орталығы «Didakt-kz» ЖШС-і әзірлеген болатын.
Кәсіптік бағдар беру квестін өткізудің негізгі мақсаты – оқушыларға колледжді, ондағы мамандықтарды таныстыру ғана емес, мамандық таңдау сияқты күрделі және өзекті мәселеде көмек көрсету. Квест ойыны мамандықты сезінуге, маманның рөліне кіруге, оны іс жүзінде көруге мүмкіндік береді. Оның нәтижесіне бүгінде өзіміз көз жеткізудеміз. Облысымыздың аудан-қалаларын аралап, кәсіби бағдар берудің нәтижесі бізге өз қалауы бойынша, саналы түрде, өзіне лайықты мамандықты таңдап келіп жатқан жастар легінен байқалуда. Бүгінде мектепті үздік аттестатпен бітірген 32 талапкер, 4 пен 5 аралас бағада оқып келген 140 бала өз еріктерімен Жансүгіров колледжін және мұндағы мамандықтардың бірін таңдап отыр. Бұл алдағы уақытта колледжде білімді, болашағынан зор үміт күттіретін талапты жастардың оқитынын көрсетеді. Құжаттар 25 тамызға дейін қабылданатындықтан әлі де келетін талапкерлердің қатары көбейе түседі деп үміттенеміз.
Болашақта көңілден шығатын жұмыс тауып,  жақсы маман  атану үшін талапкер мамандықты өз қалауымен, түйсігімен таңдауы қажет. Сонда ғана жұмысын сүйіп істеп, сол мамандықтың шебері атанатын, еліне пайдасын тигізетін жастар қатары көбейеді. Сондықтан да біз үшін талапкердің болашақ мамандығының құндылығын сезінуі маңызды. Студенттердің санын көбейту үшін нашар оқыған оқушыларды жинап алып, білім берсек, колледждің жағдайы не болмақ? Деңгейі қандай болмақ? Сол себепті мамандыққа бағдарлау бойынша квест сынды нәтижелі ойындарды таңдап, облыс мектептерін аралап, оқушыларды мамандық таңдауға баулудамыз. 

– Жалпы оқушыларды мектепте оқып жүрген кезінен мамандыққа баулудың басқа қандай жолдары бар?
– Бұл ретте 12 жылдық білім берудің маңызы зор. Бізде 12 жылдық әлі де эксперимент ретінде қолданылуда. Мұндағы 11-12 сынып профильді сынып болып есептеледі. Ол арқылы баланы мамандыққа баулу жұмысы жүргізіледі. 12 жылдықсыз бұл нәтижеге жетпейміз. Балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орны болып жүйелі жұмыс жүргізсек, көп мәселе шешіледі. Ол – диагностика, кәсіби бағдар, мақсатты түрде мамандық таңдау. Осы жүйеге көшуіміз керек. 

– Жансүгіров колледжінің өзге оқу орнынан айырмашылығы неде?
– Колледж Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты болғандықтан осы білім ордасының оқу лабораториясы мен аудиторияларын, материалдық-техникалық базасын кеңінен пайдаланамыз. Арнайы пән бойынша ғылым докторы мен кандидаттарын сабақ беруге шақырамыз. Ал жалпы білім беру пәндері бойынша Жаңартылған бағдарламаны жақсы меңгерген, жоғары санатты мұғалімдер ғана жұмысқа қабылдануда. Бізде берілетін білімнің  30 пайызы арнайы, 70 пайызы элективті пәндерден тұрады. Демек, студент 3-4 жылдың ішінде 100 пән оқыса, оның 30-ы жалпы білім беру, 70-і таңдау пәні болады. Бұл бойынша студенттің өзіне қажетті пәндерді таңдауына мүмкіндігі бар. Ол әлбетте оқып жатқан мамандығына қатысты пәндер болуы керек.  Мәселен, бір студент ағылшын тілін тереңірек меңгергісі келуі мүмкін, оған сол бойынша қосымша  сабақтар тағайындаймыз. 
Қазіргі таңда дуал­­­ды оқытуға басым­дық берілуде. Біз бұған тағы да элективті пәндер негізінде қол жеткізе аламыз. Демек, студенттер теориялық сабақтардың 80 пайызын тәжірибе жүзінде өткізуіне болады. Сондықтан сабақтарды сол мамандық бойынша тәжірибелік орындар, мекеме, балабақша, мектептерде өткізе алады. Бұл болашақ мұғалім немесе тәрбиешінің нақты білімді тәжірибе кезінде меңгеруіне мүмкіндік ашады. 
Қазір колледждерде оқыту тиімсіз, мекеме-кәсіпорындарда жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу керек деген ұсыныстар айтылуда. Сол филиалдың жарты штаты оқу орнынікі болса, онда нәтиже де жоғары деген сөз. Шетелдерде студенттерге дәріс беретін оқытушы-шеберлерге жалақыны кәсіпорын, мекемелер төлейді. Өйткені, олар жақсы маман даярлап шығуына мүдделі. Сондықтан жұмыс орны, оқытушы, студент арасында үшжақты келісім жасалады. Қаржылық шығындарды кәсіпорын өз мойнына алады. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Үлкен кәсіпорындар да тапшы. Мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілуде. Демек, мектеп, балабақшаларда да қаржы төлейтін мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз кредиттік технология негізінде дуалды оқытудың элементтерін ғана енгізудеміз. 
Бүгінгі таңда оқу орны үшін басты көрсеткіш – бұл түлектердің жұмыспен қамтылуы, меңгерген мамандығы бойынша жоғары жалақылы жұмысқа тұруы. Жоғары оқу орындарын бітірушілердің 50 пайызынан төмені жұмысқа тұрмаған жағдайда оқу орнының лицензиясы алынып қойылады. Ал студенттер бірнеше мамандық алса, оның жұмысқа тұру мүмкіндігі де жоғары болады. Біздің колледж осыны негізгі алып, жастарға сапалы білім беріп, қажетті мамандықтар кілтін ұстатып, қалай да бұл өмірден орындарын  тауып, елі­міздің бір кетігіне кірпіш болып қалануы үшін барынша мүмкіндік жасауды мақсат тұтуда. 
– Әңгімеңізге рахмет. Колледжге келер талапкерлеріңіз көп болсын.

Алма ЕСЕНБАЕВА