СУДЫҢ СҰРАУЫН САЛМАҚТАҒАН ЗЕРТТЕУ

Уақыты: 10.08.2019
Оқылды: 964
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Су – өмір өзегі, тіршілік көзі. Жер – ана жаратылғалы бері оны ауыстыратын балама болған емес, болмайды да. Бірақ, қазір бүкіл  жер бетінде судың тапшылығы айқын байқалуда. Бұл туралы күллі  дүниежүзінің  ғалымдары мен мамандар ескертіп, ұдайы дабыл қағып келеді. Осынау ғаламдық қауіп біздің елде тіптен айқын байқалып, зор қатер төндіріп отыр. Өйткені, біздегі жерасты сулары  тек тау баурайларында  пайдаланылады. 


Қазір  республикамызда суармалы жер көлемін 2 миллион гектарға жеткізу жөнінде  бағдарлама, жасалды. Оны дәйектілікпен жүзеге асыру үшін жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Жапа-тармағай, қауырт-қарбалас қарекет–   тиісті нәтижеге жеткізе қоймайды. Бұл – баршаға түсінікті қағида. Сондықтан «География институтының» осы бағыттағы ғылыми түрде жан-жақты терең зерттеліп, нақты дәлелденген бағдарламасын пайдалану механизмін тиісті билік органдары қолға алу керек деп есептеймін. 

«География институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  еліміздегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жасаған бұл ғылыми-техникалық бағдарламасының мән-маңызы орасан зор. Аталмыш бағдарлама – осы салада ұзақ жылдар бойы ғылыми зерттеу жүргізіп, тер төге еңбек еткен ғалымдар ұжымының  нақты атқарған қызметінің игілікті  нәтижесі. Бұл – бір.  Екіншіден, егеменді ел атанғалы бергі отыз  жылға жуық уақытта  «Судың да сұрауы бар» екенін тұңғыш рет ғылыми негіздей отырып, бүкіл елге байсалды да байыпты түрде ескерткен және нақты  дәлелдеп-дәйектеген өте салиқалы да салмақты еңбек. Бұған  ешкімнің де қылаудай күмәні жоқ шығар, сірә. 

Жасыратын несі бар, бүгінге дейін біз суды табиғаттың берген нәсібі  деп қана бағалап келдік. Ең өкініштісі, сол несібені қорғаудың, сақтаудың және тиімді пайдаланудың тиісті жолдарын іздемедік. Тіпті өз білетінмізді пайдаланбайтын болдық. Болмаса көзі ашық, көкірегі ояу кез келген азамат жақсы біледі: күні кеше ғана тау-тау толқындары жағаны ұрып, «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» ардақты Аралымыз  неге  мүшкіл жағдайда? Еліміз бен жеріміздің көркі әрі байлығының кені болған  Балқашымыздың бағы неге тайып барады!? Күллі құрлығымыздың көзайымына айналған қарт Каспийдің  қазіргі  күйі қандай!? Басқаны былай қойғанда,  осы үшеуінің бүгінгі жағдайын бағамдап-ақ Қазақстандағы су пайдаланудың жай-жапсарын жан- жақты сараптап,  анық аңғаруға болады. «Оян, қазақ, суың сарқылып барады!» деп аттандап,  дүниеге жар салып, дабыл қағуға тұрады.

«География институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, ҚР ҰҒА  академигі, география ғылымдарының докторы, профессор А. Медеудің ғылыми жетекшілігімен осы мекеменің  бір топ ғалымдары  жазған бұл еңбекте осы бағытта қандай проблемалар кедергі келтіріп тұрғаны және  жолын таппай тежеліп тұрған мәселені қалай шешу керектігі туралы   нақты ұсыныстар жазылып,  сызбалары жарияланған. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдарлама – Қазақстанның су ресурстарын бағалаудың, болжау мен басқарудың барлық тетігін толық түгендеген еңбек.

Иә, судың бүкіл әлемде тапшылығы байқалғаны және оның күрделене түсетін қауіп екені айдай әлемге айқын акиқат. Бұған ең алдымен ықпал етіп отырған себеп: климаттың өзгеруі,  дүние жүзіндегі ауа температурасының  көтерілуі мен жауын-шашын көлемінің төмендеуі. Осы аса маңызды факторлар жөнінде  бағдарламада нақты дәлелдер келтірілген. Тіптен, Қазақстан бойынша  өзендердегі су көлемінің әр жылдардағы азаю көлемін зерттеп,  болашақтағы болжамын анықтаған. Енді оның орнын толтыруды іске асыру – басқару жүйесінің қолында  екенін атап көрсеткен. Атап айтқанда, Қазақстандағы  климат өзгерісінің  ұзақмерзімді болжамы жасалып, жер бетіндегі  ауа температурасының 0,8-1,2 градусқа  көтерілуі  байқалатыны,  сонымен қатар,  2035 жылы орташа  көпжылдық  жауын-шашын  көлемінің  өзгерісі 1-3 пайызды құрайтыны дәлелденген. Жаһандық  және аймақтық  жылыну  өзенге келетін  ағын судың  азаюына,  өзен алаптарындағы  ылғалдың  булануына әсер ететіні жазылған.  Ал бұл жағдай өз кезегінде еліміздегі көл қорының азаюына, Арал және Каспий  теңіздері  деңгейінің  одан әрі төмендеуіне, су ресурстарына  шаруашылық сұраныстың  ұлғаюына, сонымен қатар, ауылшаруашылығы  дақылдардың  суару  нормасының  көбеюіне душар ететіні айтылған.

Сонымен қатар, бұл бағдарламада Қазақстанда алғаш рет жерасты суларының барлау-кен орындарын пайдалану кезінде жер беті ағындысына тигізетін залал көлемі зерттеліп анықталған. Бұл – бұрын-соңды су тапшылығы саласында мамандардың зер салып, терең ойланып, көңіл аудармаған түйткіл мәселесі. Бағдарламада  бұл жағдайды  біржақты емес, кешенді түрде қарастыру ұсынылады. Жерасты суы мен ағындық суды пайдалану тәсілдерін тиімді үйлестірудің жолдары ойластырылған. Бұл аталған мәселелерді ұтымды шешу тиісінше халықты таза ауыз- сумен  қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізері сөзсіз.

Қорыта айтқанда, бұл ғылыми еңбек – Тәуелсіз  Қазақстан  тарихындағы  су қауіпсіздігі саласындағы  бірегей  тұжырымдама.  Өйткені мұнда егемен еліміздің су қауіпсіздігі  ұлттық  қауіпсіздіктің, соның ішінде  қоғамдық, экономикалық  және  экологиялық  қауіпсіздіктің компоненті  ретінде қарастырылып, өте маңызды мәселелерді шешу жолдары ғылыми негізде сипатталған. Яғни, бұл – халық- аралық тәжірибеде  қабылданған мемлекетаралық су қатынастарына сәйкес  және    «Қазақстан-2050» стратегиясы контекстінде су қауіп-қатерін сәйкестендіру, «суға деген сұранысты» басқару  мен «ресурс»  басқаруды үйлестіретін   бағдарламалық құжат болып табылады.

Ендеше, мемлекетіміздегі  маңызы орасан зор мәселені шешуге арналған бұл «Қазақстан Республиқасындағы табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклі» мемлекеттік сыйлық алуға әбден лайық деп есептеймін.

Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ,
 Қазақстан Республикасы 
Ауылшаруашылығы 
министрлігі «Қазсушар»  
мемлекеттік мекемесі Алматы облысы 
Панфилов аудандық 
филиалының басшысы