ҚАТЕ ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДІ?

Уақыты: 12.08.2019
Оқылды: 1076
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Аудан көлемінде «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы басталды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының халыққа қызмет көрсету орындарында сақталуын қадағалайтын бұл акция Қазақстан халқы тілдері күніне дейін өз жалғасын табады. 


Шараны өткізу үшін Іле ауданы әкімінің қаулысымен арнайы комиссия құрылған. Осы комиссия мүшелері аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Сатибеков, аудандық кітапхана директорының міндетін атқарушы  Қарлығаш Бұдұғұлова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ардақ Аубакировалар, тіл саласына жауапты маман Арай Абировалар көше бойындағы жарнамалардың дұрыс жазылуына көз жеткізіп,  заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес барлық жарнамалар мен қызмет көрсету нысандарының деректемелері алдымен мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Соған қарамастан аудан орталығындағы біраз нысан әлі де қателіктерін түзеуге асығар емес. Мәселен, «Татьяна» сән үйі мен «Достық» сауда орталығының иелеріне бұған дейін де бірнеше ескертулер берілген. Маңдайшаларына ілінген жазбалары бірнеше жылдан бері өзгерер емес. Сондай-ақ, сұлулық салонындағы жазба әріптерінің толық толмауына байланысты ескерту берілді. Осы тұрғыда қызмет көрсету орындарының аудан көркіне де әсер ететінін ұмытпаған жөн. 

Шара барысында жарнама жасайтын, дайындайтын кәсіпорындарға барып, нысан иелеріне жарнама жасау барысында заңды қатаң сақтауы талап етілді. Мұндай олқылықтарды жіпке тізе берсе, жетіп артылады. Бұл орайда көше кезіп, бадырайған қателерді қағазға түртіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүрген арнайы комиссия жағдайдың түзелеріне үміттеніп отыр.

Мақпал МЫСА