БАР ЖАҚСЫЛЫҚ - БАЛАҒА

Уақыты: 11.08.2019
Оқылды: 836
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Жүректен – жүрекке!» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» акциясы аудан орталығындағы Т. Рысқұлов атындағы орта мектебінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қайырымдылық жасауды қайырлы іс деп білген білім мекемесі аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларының жаңа оқу жылына дайындығына жүйелі көмек көрсетуде. 


Мұнда аталған шараны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комитет құрылып, бекітілген. Әлеуметтік қайырымдылық көрсетушілерді іздеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, демеушілерге өтініш-хаттар әзірленіп, таратылды. Комитет мүшелері бастаған топтар үй-үйді аралау барысында көмек қажет ететін отбасыларды анықтап, тізімін нақтылады. Мектепте «Балаға мейірім сыйла!», «Балаларды мектепке дайындаймыз!», «Жақсылық жасауға асығайық», «Мейірімді қолдар», «Тәттілер жәрмеңкесі» атты шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Бұл акциялар аз қамтылған отбасы балаларын қолдауға үлкен септігін тигізді. Сонымен қатар, түрлі әлеуметтік себептермен баланың мектепке бармай қалуының алды алынды. Мектеп ұжымы «Жақсылық жасасаң қайырымын өзің көресің» деген сөздің мағынасын терең түсінеді. 

Акция бастала салысымен мектеп директоры Ақмарал Қалыбаева білім ұясы жанындағы интернаттың бір тәрбиеленушісін 35 мың теңгеге мектепке керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, өзгелерге үлгі көрсетті. Артынша оның орынбасарлары,  психологтар, педагог ұйымдастырушы, әлеуметтік педагог, интернат меңгерушісі, кітапханашылар, логопед-дефектолог сияқты мамандар қайырымдылық жасады. Олар «Балаға қуаныш сыйла!» ұранымен аз қамтылған он жеті отбасы балаларына сабаққа кажетті кұрал-жабдықтар, мектеп формасын беріп, оқушылар мен ата-аналарға қуаныш сыйлады.

Үш айға жалғасатын акция барысында мектепке демеуші боламын деген ата-аналар, кәсіпкерлер аянбай көмек қолын созуда. Мәселен, жеке кәсіпкер Берік Сәрсебеков жыл бойы аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен тегін қамтамасыз ететін болды. Бұл жолы Берік Төлекұлы көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан бір ұлдың үйіне 40 мың теңгенің азық-түлігін апарып берді.

Мейірімді жандардың жүрек жылуына негізделген маңызы зор шараны мектеп ұжымы жыл сайын жоғары деңгейде өткізіп келеді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ