АЛМАТЫ АГЛОМЕРАЦИЯСЫН ДАМЫТУ ЖОСПАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 13.08.2019
Оқылды: 871
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жұма күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Үкімет басшысы қала мен Алматы агломерациясын дамыту мәселелері жөнінде екі бірдей кеңес өткізді. Жиынға салалық министрлік өкілдері, облыс, қала әкімдері және  аудан басшылары қатысты.

Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен алғашқы кеңесте Алматы қаласын дамыту жоспары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, қолжетімді тұрғын үй, халықты жұмыспен қамту, көлік және жол инфрақұрылымы, кәсіпкерлікті дамыту және туризмді жандандыру мәселелері кеңінен сөз болды. 
ҚР Премьер-Министрі қаланың одан әрі өркендеуі мемлекеттің басты назарында екенін атап көрсетті.
– Алматы – еліміздің ірі қаржы орталығы. Сондықтан Мемлекет басшысы қалалық инфрақұрылымның сапасын жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, көлік жүйесін, медицина мен білім беруді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстардың орындалуын мемлекеттік органдар ерекше бақылауында ұстауы тиіс, – деді Асқар Ұзақбайұлы.
Үкімет басшысы қатысқан келесі жиын Алматы қаласының шеткері аудандары мен оған іргелес жатқан облыс аумағын үйлестіре дамытуға арналды. 2019 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен ірі қалалардың шеткері аймақтарының мәселелерін жыл сайын оңтайлы етіп шешіп отыру үшін қазынадан 30 млрд. теңге бөлінген. Оның 10 млрд. теңгесі Алматы қаласына арналды.
Соңғы он жыл мерзімді сараптағанда, Алматы қаласының аумағы айтарлықтай ұлғайған. Қазіргі таңда оның жалпы көлемі 700 мың гектарды құрайды. Тұрғындар саны 1 миллион 800 мыңнан асып жығылады. Алматыға іргелес жатқан облысқа қарасты Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласының тұрғындары ірі мегаполиспен тығыз қарым-қатынаста. Ресми мәліметтерге сүйенсек, күніне қалаға келіп-кететін автокөліктердің саны 250 мыңға дейін жететінін көруге болады. Осындай өзекті мәселелер Алматы қаласына үлкен салмақ түсіретіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан мұны қала мен облыс басшылары өзара бірлесіп реттеуге тиісті. Уақыт осыны талап етуде.
– Алматы қаласы мен Алматы облысында бірлескен жобаларды іске асырудан тиісті нәтижелерге қол жеткізу үшін Алматы агломерациясын дамыту бағдарламасын әзірлеу қажет, – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша жуырда ғана облыс әкімі Амандық Баталовпен кездескенін айтты. Кездесу барысында екі тарап өзара ақылдаса келе атқаратын жұмыс жоспарларын белгілеп, мезгілі жеткен мәселелердің дұрыс шешім табуына күш салатындықтарын айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері облыстағы кейбір елді мекендер қала аумағына өтті. Бұл қатарда Наурызбай және Алатау аудандарын атауға болады. Мұндағы инфрақұрылым мәселелері бірте-бірте өз шешімін тауып, қалыптаса бастады. Десек те облыспен тізе қосып істейтін жұмыстар әлі де жеткілікті, – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Өз кезегінде сөз алған облыс басшысы Амандық Баталов Алматы қаласының шеткері аудандарының дамуы облыстың да басты назарында екенін тілге тиек етті. Әсіресе, тұрғын үй, азық-түлік, жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер күн тәртібінен түспейді. Сондықтан бірлескен істің берекесі мол, оның екі жаққа да тиімді болатынын атап көрсетті.
– Алматы қаласының тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге біздің толық шамамыз жетеді. Қаладағы сауда нүктелеріне ауылшаруашылық өнімдерін арадағы делдалсыз, яғни, тікелей жеткізуге күш салатын боламыз.  
Облыс аумағында жүз пайыз инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдері  бар. Сол орындарға қала басшылығымен бірлесіп көп қабатты үйлер салуды жоспарлап отырмыз. Бұл қала мен облыс халқын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жол ашып, септігін тигізетіні анық. Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына қатысты жұмыстарды да осындай мазмұнда атқаруға тиістіміз. Облыс Алматы қаласының дамуына мүдделі және ол іске әрқашан қолдау көрсетеді, – деді Амандық Ғаббасұлы. 
Жиын соңында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тиісті министрліктердің қала маңындағы аудандарды дамыту істері бойынша Алматы қаласы және Алматы облысының әкімдіктерімен тығыз байланыс орнатуы қажеттігін айтып өтті. Аталған іс-шараларды жүзеге асырудың оңтайлы жолдарын іздестіріп, оны қаржыландыру мәселелерін пысықтауды міндеттеді. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының жобалық офисін құруды тапсырды.

Болат МӘЖИТ
Алматы қаласы