ӘКІМДЕРДІ СЫНҒА АЛДЫ

Уақыты: 14.08.2019
Оқылды: 940
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел мен жердің өркендеуі мемлекеттік бағдарламалардың толық орындалуымен нәтижелі. Әйтпесе, кемшін түскен тұстар әрбір саланың жұмысын тұралатып, келешектің кемелдігіне нұқсан келтіреді. Сол үшін аудан, қалаларда атқарылуы тиіс жобалар бойынша жоспарланған істер толық орындалуы керек. Облыс әкімі аппаратының кеңейтілген отырысында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ әр салаға жауапты орынбасарларын тыңдап, өзекті мәселелерді шешудің жолын қарастырды.

Алғашқы болып мемлекеттік бағдарламалардың Жетісу жеріндегі орындалу барысын мәлімдеген облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың айтуынша, аймағымыз біраз көрсеткіш бойынша өзге өңірлерден артта қалған. Атап айтқанда, «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламалары бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі кенжелеп тұр. Осыған орай Талғар, Жамбыл, Қарасай, Панфилов, Райымбек, Кеген, Сарқан, Ақсу, Алакөл, Қаратал, Ескелді, Көксу аудандары мен Текелі, Қапшағай қалаларының әкімдерін орындарынан тұрғызған аймақ басшысы салық түсімдерін арттыру, инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарын жеделдету сынды жұмыстарды жақсарту керектігін баса айтты. Өндіріс өнімі бойынша көрсеткіш Ескелді мен Еңбекшіқазақ аудандарында төмендеп кеткен. Одан бөлек, облыста 6 миллиард 906 миллион теңге толық игерілмеуі мүмкін. Атап айтқанда, бюджет қаржысын мақсатты жұмсамау бойынша «алдыңғы орындарды» 421 миллион теңгені игермеген Жамбыл, 369 миллион теңгені игермеген Еңбекшіқазақ, 349 миллион теңгені игермеген Іле аудандары мен құрылыс, ауылшаруашылық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары басқармалары алады. Сонымен қатар, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен қарастырылған 1 миллион теңгенің сертификатына қол жеткізу бойынша Еңбекшіқазақ ауданы соңғы орында тұр. Өйткені, бұл ауданда бірде-бір адам бастапқы жарнаны төмендетуге арналған сертификатты ала алмаған. Әлеуметтік «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін өңірге 4,6 миллиард теңге бөлініп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту ісіне жаңаша серпін беріп отыр. Алматы облысы республикада бағдарлама бойынша 961 өтінішпен екінші орында тұр. Осыған байланысты межеленген міндеттерді мүлтіксіз орындауды тапсырды. Әсіресе, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларды үймен қамтамасыз етуді демеушілердің көмегімен атқаруға болатынын ескерткен Амандық Ғаббасұлы Райымбек ауданын мысалға келтіріп, жаңа ауданның әкімі Жолан Омаровтың бастамасына мақтау айтты. Осыған орай аудан, қала әкімдерінің жұмысына баға берген облыс әкімі:
– Кейбіреулер адал жұмыс істегенімен тәжірибесі, білімі жетіспейді. Енді біреу мүлде жұмыс істемейді, – деп ашып айтты. – Жауапты тұлғалардың бәрі – басқармалар мен департамент басшылары, аудандық бөлімдердің жетекшілері өздеріне тиесілі аймақты жетік білуі қажет. Жылыту маусымына дейін «7-20-25», «Бақытты отбасы» секілді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға уақыт бар. Бөлінген қаржыны мақсатты жұмсауға да уақыт бар. Сондықтан жұмысты жандандыру қажет. Бүгін айтылған мәселелерді бақылауға алып, сараптама жасау керек. Кеткен кемшілікті дер кезінде түзеуге болады деп сенемін.
Одан соң білім, денсаулық сақтау салаларына жауапты орынбасары Ақан Әбдуәлиевті тыңдаған облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің биылғы оқу жылына дайындығын сұрады. Оның айтуынша, облыста 1169 мектепке дейінгі дайындық ұйымдары, оның ішінде 780 балабақша бар. Одан бөлек, 760 мектеп пен 76 колледж оқушыларға білім береді. Жетісу жерінде 11 мектеп пен 1 жатақхана салынып жатыр. Олардың үшеуі Қарасай ауданы Абай, Көксай ауылдарындағы үшауысымды мектеп мәселесін шешуге септігін тигізетін нысандар болса, екеуі Талғар ауданындағы Дәулет ауылдық және Іле ауданындағы Жетіген ауылдық орта мектептері. Сондай-ақ, Кербұлақ ауданының Қосағаш ауылындағы және Көксу ауданының Қызылтоған ауылындағы 2 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ақан Жылқышыбайұлының айтуына қарағанда, оқушыларды оқулықпен қамту мәселесі шешімін тауып, биыл облыстағы 404 мың 221 оқушыны оқулықпен қамту үшін 4,9 миллиард теңге бөлініп отыр. Осыған орай елімізде оқулық басумен айналысатын 12 баспамен келісімшарт жасалған. Оқулықтар тамыз айының 25-не дейін өңірдің барлық мектептеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, республикалық «Мектепке жол» акциясы кеңінен қолдау тауып отыр.


Кеңейтілген отырыста баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов жылыту маусымына дайындық барысымен таныстырып, кемшін тұстарды түзетудің жолын ұсынды. Оның айтуынша, биыл облысқа 1 миллион 400 мың тонна көмір қажет. Одан бөлек, 95 жылу қазандығы жаңартуды қажет етеді. Қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 
Жиында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына сын айтқан облыс әкімі виртуалды қабылдау жұмысын жандандыруды, әлеуметтік жәрдемақы төлеуді, Талғар, Панфилов, Ұйғыр, Алакөл, Қарасай, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласында жұмыспен қамту мәселесін шешуді тапсырды.
Жиында сөз сұраған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы тілсіз жау – өртті болдырмауға қатысты өз ойын ортаға салды. Жетісу жерінің орманды аймақтары мен далалы жерлерін қамтыған өрттің таралуын болдырмауға қатысты жасалып жатқан жұмыстарды сұраған облыс әкімі Фейсбук, Инстаграм секілді әлеуметтік желілердің ақпарат тарату мен мәселе көтерудегі жылдамдығы мен ашықтығын алға тартып, қоғамның дамуына тигізер ықпалын әңгімеледі. Панфилов ауданында өрт сөндіру кезінде қаза тапқан үш маманның әйел, бала-шағасы мен отбасына көрсетілген көмек пен қолдау жайын нақтылады. Осылайша жиынды қорытындылаған аймақ басшысы әрбір саланың жұмысын жандандыруды жауапты мамандарға тапсырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ