ЖҮК КӨТЕРЕР НАРДАЙ БОЛ

Уақыты: 14.08.2019
Оқылды: 810
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сан түрлі себеппен ауылдан қалаға ерте кеткен адамдардың қанша уақыт өтсе де туып-өскен өңірін ұмытпай келіп,  қызмет ететіндері бар. Жақсы ісі, адал еңбегімен халықтың құрметіне бөленіп, алғысын алып жүрген азаматтар баршылық. Солардың бір тобы Сағабүйен ауылының тумалары Асқарбек Мылтықбаев, Ерлан Рамазанов, Болат Шегебаев, Мейрамбай Әміров сынды азматтар. Ақсу ауданына қарасты осы бір шағын ауылдың барынша көркейіп, дамуына күш- жігерін салып жүрген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.

Кіндік кесіп, жетіге жеткенше құлап, тұрып өскен туған жердің қасиеті мен құдіретіне әрбір адам баласы бас иіп, құрмет тұтары анық. Дана халқымыз: «Таға тұяқты сақтайды, тұяқ атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды» деп бекер айтпаса керек. Қанша алыс жүрсең де сол жердің топырағы сағындырып тұрмай ма? Аты аталған азаматтардың ауылға жасап жатқан еңбегі көп. Ел игілігі үшін ауылды көгалдандыру, түрлі ағаш көшеттерін егіп, туған жердің табиғатын жасыл желекке айналдыруда еткен еңбегі ауыздан-ауызға тарап жүр. Одан бөлек, соғыс ардагерлері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап белгітас орнатқандары тіптен басқа әңгіме. Кез-келген тұрғыннан сұрасаңыз алғыстан басқа ештене айтпас.

«Кеңесуге келгенде – жүз жасаған шалдай бол, ауырлыққа келгенде жүк көтерер нардай бол» дейді атам қазақ! Қара бастың қамын емес, қарашаның жайын ойлап, көпшіліктің жүгін көтерісуде мойымайтын білімді де білікті жігіттерге халық қошемет көрсетіп, есімдерін әрқашан құрметпен атайды.

Бас болып, көш бастап, ел басқарып, көпке көмегі тиген осы азаматтар өсіп келе жатқан ұрпаққа, баршаға үлгі. Халықтың қамын ойлап, ел бесігін түзеймін деген, "ел ағасы" деген атқа лайық  ағалар көп болғай!  

 

                                                                           Жанат ҚАЛИАҚБАРОВ,
                                                                             
 ұстаз
                                                                              Ақсу ауданы