ЕРЛІК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 16.08.2019
Оқылды: 1030
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ тамыз айының басында Панфилов ауданындағы таулы аймақта орын алған алапат өртті сөндіру барысында ерлік көрсеткен азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсыруға және төтенше жағдайда қаза болғандардың отбасына көңіл айту үшін Жаркентке арнайы келді. 

Облыс басшысы алдымен төтенше жағдай кезінде өзгелерді тажалдан құтқарамын деп арпалысып жүріп, өзі от құрсауында қалып қаза тапқан орманшы Еркінбек Оспановтың отбасына барып, марқұмның ата-анасына, зайыбы  мен балаларына, туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтты. ҚР Президентінің Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалін Еркінбектің әкесі Әбілханның қолына тапсырды. Марқұмның рухына бағыштап Құран оқытып, туыстарын сабырға шақырып, басу айтты. 
Амандық Ғаббасұлы аудандық ауруханаға келіп, хирургия бөлімінде емделіп жатқан орманшы Ғабит Мақсұтовтың қал-жағдайын біліп, өрт сөндіру кезінде ауыр жарақат алған азаматтың тез жазылып, қатарға қосылуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар оған ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен берілген «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін тапсырды.
Төтенше жағдайдың түйінділерін қысқаша естеріңізге салсақ, тау баурайындағы мал жайылымында 500 гектарға жуық аумақты қамтыған өрт салдарынан 3 адам қаза тауып, 7 азамат ауыр жарақатпен аудандық ауруханаға түсті. Бірнеше күн бойы бүкіл елді елеңдеткен тілсіз жауды тізгіндеу оңай болған жоқ. Өртті сөндіруге төтенше жағдай департаментінен 18 қызметкер және 4 техника, Жаркент орман шаруашылығынан 21 орманшы мен 5 техника, жергілікті атқарушы органнан 20 адам, 4 техника және «Қазавиаспас» арнайы жасағынан бір «Ми-171» тікұшағы 3 экипажымен жұмылдырылды. Бірнеше күн бойы тоқтау бермеген өрт осы азаматтардың жанқиярлық қарекетінің арқасында тізгінделді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылдың 14 тамызындағы Жарлығымен өрт сөндіру барысында ерлікпен қаза тапқан Талды ауылдық округіне қарасты Лесновка ауылының тұрғыны Айтқазы Немелтаев, Жаркент орман шаруашылығының орманшысы Еркінбек Оспанов және Талды ауылына қарасты Жерұйық ауылының тұрғыны Қанат Үсенбеков «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Аудандық әкімдікте өткен актив жиынында сөз сөйлеген облыс әкімі өңірде орын алған өртке жан-жақты талдау жасап, Республика Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда берілген азаматтардың отбасыларына «Ерлігі үшін» медальдарын тапсырды. Сондай-ақ, төтенше жағдай барысында ерлік көрсетіп, тілсіз жауды тізгіндеуге атсалысқан Жаркент орман шаруашылығы кәсіпорны басшысының орынбасары Бауыржан Түйебаев, осы шаруашылықтың орманшылары Бақтыбай Рақымжанов, Бауыржан Торғаев, жұмысшылары Ленұр Иманбаев, Руслан Мейірманов, аудан тұрғыны Сәкен Қайыртаевқа ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медальдарын тапсырды. Облыс әкімі, сондай-ақ, төтенше жағдайда ерлікпен қаза тапқан азаматтар Қанат Үсенбековтің отбасына Жерұйық ауылынан үй сатып әперіліп, Айтқазы Немелтаев пен Еркінбек Оспановтың отбасыларына үй салуға көмек көрсетілетінін, басқа да материалдық демеу жасалатынын жеткізді.    
Жиын соңында аудан тұрғындарының атынан Шәріпхан қажы Тұрғанов қария сөз сөйлеп, өрт кезінде қаза тапқан азаматтардың туыстарын сабырға шақырып, марқұмдардың ұрпақтарына жарқын балашақ тіледі.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы