ЖОЛДАМА САРАПҚА САЛЫНДЫ

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 776
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «JETYSU INTERNATIONAL BATTLE» би фестиваліне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараны ұйымдастырушы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Алматы облысының жастар ресурстық орталығы. 

БАҚ өкілдерімен кездескен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас, фестивальдің ұйымдастырушысы Бауыржан Сейфуллин, Франциядағы «Fusion Concept» фестивалінің бас ұйымдастырушысы Kanon Akessa Raoul Xavier және Франциядағы Fusion Concept фестивалінің менеджері Clementine Marie Dagousswt шараның барысы мен маңыздылығына  кеңінен тоқталды. Фестивальді ұйымдастырып отырған Бауыржан Бақыт-ұлы еліміздегі жастарға өз өнерлерін көрсетіп, Францияда өтетін үлкен фестивальге жолдама алуға зор мүмкіндік туып тұрғанын айтты. Баспасөз мәслихатының ертеңіне би жарысы басталды.Қазақстанда тұңғыш рет өтіп отырған, әлем елдерінің назарын өзіне қаратқан «JETYSU INTERNATIONAL BATTLE» халықаралық би фестивалі Жетісу жерін бір серпілтіп тастады. Әлемнің 10 мемлекетінен келген 50 команда құрамындағы 300-ден астам биші және еліміздің әр аймағынан келген қатысушылар заманауи би өнерінің 7 бағытынан сынға түсті. Ауқымды жобаға танымал әлемдік деңгейдегі мамандар төрелік етті. Нақтырақ айтқанда Италиядан Panzera Simone, Франциядан  Kanon Akessa Raul-Xavier, Украина елінен  Bboy Stany The Real. 
Талдықорғандық жанкүйерлер жауып тұрған нөсер жаңбырға қарамастан жерлестерімізге өз қолдауларын көрсетті. Бишілер бар өнерлерін салып, жиылған халыққа тамаша әсер сыйлады. Бәрінің бір ғана мақсаты – Францияда өтетін «FUSION CONCEPT» әлем чемпионатына жолдама алу. Қатысушылардың бәрі өнерлі, қай-қайсысы да жолдаманы алуға әбден лайықты. Аталған жобаның бас ұйымдастырушысы, төрешілердің бірі  Kanon Akessa Raul-Xavier бұл жарысқа: «Қазақстанда өткен фестиваль барлық іріктеулердің үздігі болды. Орта Азияның қанша мемлекетінде болсақ та дәл осындай белсенділікті, қызу тартысты алғаш рет көріп отырмыз», – деп жоғары баға берді.
Сонымен, әр бағыт бойынша жеңімпаздар анықталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Freestyle 2x2 бағыты бойынша жеңімпаз атанып, бас жүлде – Францияда өтетін «FUSION CONCEPT» әлем чемпионатына жолдаманы Алматы қаласынан келген «Almas&Alik» жұбы иеленді. Еліміздің намысын қорғап, Көк туымызды Парижде көтеретін биші азаматтарымызға тек қана сәттілік тілейміз. 
Шараның мақсаты – жастардың заманауи өнерге деген құлшынысын дамытып, белсенді жастардың басын қосу. Ұйымдастырылған жоба ойдағыдай өтіп, есте қаларлық күн болды.

Мадина Нұғыманова