ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ САЛМАҚТЫ

Уақыты: 22.08.2019
Оқылды: 877
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Cанаулы күндерден кейін  жаңа оқу жылы басталады. Осы орайда Қапшағай қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектепте болып,  білім ордасының жаңа оқу жылына дайындық барысын көрдік.


Зәмзәгүл Төлендина басшылық жасайтын білім ордасының жаңа оқу жылы қарсаңындағы басты жаңалығы - мектепке Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 29 мамырындағы №330 қаулысына сәйкес, Қапшағай қаласы әкімдігінің 03 шілде 2019 жылғы қаулысымен Қазақстанның Халық қаһарманы, халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың біртуар перзенті Қасым Қайсеновтың аты берілуі. Бұл - сөз жоқ мектеп ұжымы үшін үлкен мәртебе. Ұстаздардың ғана емес, оқушылар мен ата-аналардың да мерейін өсірді.

Білім ордасында алдағы уақытта партиоттық бағытта тәлім-тәрбие берілмек. Мектепте Қасым Қайсеновтың мұражайын ашу жоспарлануда. Жергілікті бюджет есебінен салынып біткен спорт алаңының оқушылармен қатар,  кадет сыныптарының да жоғары жетістіктерге жетуіне септігін тигізетіндігі сөзсіз.

Қапшағайдағы тұңғыш кадет сыныптары да осы мектепте ашылғаны баршаға мәлім.

Алматы облысы көлеміндегі білім беру мекемелерінде кадет сыныптарын құру облыстық ішкі істер департаментінің басшысы М. Ұрұмхановтың бастамасымен қолға алынған. Оқушылардың адамгершілік, мәдениеттілік қасиеттерін дамыту, жалпы адамдық құндылықтарды сақтауға ұмтылу және оны түсіну арқылы оқушылардың оқыту-тәрбиелеу үрдісінің тиімділігін жоғарылату мақсатындағы қанатқақты жоба облыс әкімі Амандық Баталов пен Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің қолдауымен іске асырылуда. Қазіргі таңда Іле ауданының үш, Талдықорған қаласының екі білім ордасында және 2109 жылдың қаңтар айынан бері №4 орта мектепте кадет сыныптары өз жұмыстарын жүргізуде. 

Өткен оқу жылы мәресіне жетер тұста Талдықорған қаласында облыстағы барлық кадеттер бас қосқан шеруде мектептегі кадет сыныбының командирі Елжан Қалдыбай «Үздік командир» атанып қайтты. Бұл небәрі екі тоқсан ғана тәлім алған тәрбиеленуші үшін аз жетістік емес.

Жаңа оқу жылында өзге білім ордаларының да 5-сыныпты тамамдаған оқушылары арасында кадет сыныбының тәрбиеленушісі атануға ықылас танытқандар қарасы аз болмады. Сондықтан да қабылданушылар үшін талап та жоғары болды. Жаңа оқу жылында  Іріктеу сындарынан ірікілмей өткен 50 оқушы 1 қыркүйекте кадет сыныптарының табалдырығын аттамақ.

Бітіруші түлектердің мектеп қабырғасында алған  білімдері саралаланатын ҰБТ сынағының өткен оқу жылы мәресіндегі нәтижесі де көңіл көншітеді. ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп бітірген 14 түлектің оны  жоғары оқу орнының, біреуі колледждің білім грантын жеңіп алып, ұстаздар еңбегін қайтарып отыр.Мектеп директоры Зәмзәгүл Төлендина мемлекеттік грант иегері болған білімпаз шәкірттер есімдерін біздерге шаттана тізбелеп берді.

«Дарынды шәкіртті дарынды ұстаз тәрбиелейді» дегендей бала болашағы мен қалыптасуында күш алдымен ұстаздар қауымына түсетіндігі анық. Сондықтан да педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру, біліктілігін көтеру басты назарда. Мектептегі мұғалімдердің 98 пайызы жаңартылған білім мазмұны бойынша курстардан өткен. Биология пәні мұғалімі Ақнұр Сейдаханова, информатикадан беретін Виктор Чигай «С» деңгейлі курсты тамамдап,оқушыларға ағылшын тілінде дәріс беріп жатса, жаңа оқу жылында мұндай мүмкіндікке химия пәні мұғалімі Жанар Алмас ие болып отыр

1 қыркүйекте мектепте бірінші сыныпта ашылған үш сынып-комплектке 95 оқушы қабылдану көзделуде. Жаңа оқу жылында жалпы мектеп бойынша кадет сыныптарын қоса есептегенде 54 сынып-комплектте 1525 оқушы дәріс алатын болады.

Оқушыларды шығармашылық еңбекке баулу да білім биігіне бастар жолдың бірі екенін ескерген мектеп ұжымында өткен оқу жылында робототехника, мүсіндеу, зергерлік бұйымдар жасау  үйірмелері ашылған болатын. Енді жаңа оқу жылында шахмат, тоғызқұмалақ, латын әліпбиін үйрету, хореграфия, көркем әдебиет үйірмелері ашылмақшы.

Білім ұясында жалпы саны 118 мұғалім бар. Олардың қатарын жуырда үш жас маман толықтырды. Ұстаздар қауымы өздеріне жүктелген міндетке үлкен жауапкершілікпен қарауды басты бағыт етіп ұстанған. 

Қазіргі таңда еліміз бойынша «Мектепке жол» акциясы бастау алғаны баршаға аян. Батыр партизан есімін еншілеген мектеп ұжымы да осынау қайырымдылық шарасынан тыс қалмай, көмеккке зәру жүзге жуық оқушының қамықпай, жаңа оқу жылына сақадай-сай баруы үшін  демеушілер тарапынан қолғабыс жасалуына ықпал етуді жоспарлауда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"