СИНГАПУРЛЫҚ ОҚЫТУ ӘДІСІ ЕНГІЗІЛЕДІ

Уақыты: 22.08.2019
Оқылды: 1345
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов сингапурлық «Maршалл Кавендиш» компаниясының өкілдерімен кездесті. Оған негіз болған математикалық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік беретін жүйені облыс мектептеріне енгізу жайы. Осы мәселені жан-жақты талқылаған кездесуге ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлеймен, «Maршалл Кавендиш» компаниясының өңірлік директоры Хайри бин Абдулла және республикалық физика-математика мектебінің басқарма төрағасы Ғабит Бекахметов қатысты. 


Ресми делегацияны ілтипатпен қарсы алған облыс басшысы Сингапурдағы математикалық білім жүйесінің әлем бойынша алғашқы сатыда тұрғандығын атап өтіп, компанияның Жетісу өңірімен ынтымақтастық жасауға ниетті болғанына ризашылығын білдірді. 

Кездесуде сөз алған Хайри бин Абдулла «Maршалл Кавендиш» компаниясының 60 жылдық тәжірибесі бар екенін, баспа бүгінгі күні әлемнің 75 еліне өз өнімдерін экспорттап отырғанын атап өтті. Электронды білім беру жүйесі арқылы пайдаланылатын оқу әдістемесін баланың ұстаз, ата-ана көмегінсіз-ақ өз бетімен оқып-үйрену мүмкіндігі мол. Бұл әдістеменің тағы бір ерекшелігі – математиканы меңгерудің балабақшадан бастау алатыны. Ең бастысы, бұл оқыту жүйесінің оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, математика бойынша білімін көтеруге тікелей ықпал ететіндігінде. 

Кездесу барысында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов бұл бағдарламаның ұстаздарға алдын ала таныстырылып, облыс педагогтары арасында оң пікір қалыптастырып үлгергенін атап өтті. Осыған орай эксперимент жүргізілетін 30 білім беру ошағы белгіленіп қойылғанын да жеткізді. Бірінші кезеңде бұл бағдарламаны балабақшалар мен бастауыш сыныптарға енгізу көзделген. Бұл орайда компания өкілдері өңір мұғалімдерін даярлауға атсалысуға ниетті. Республикалық физика-математика мектебінің басқарма төрағасы Ғабит Бекахметов бұл жүйенің тиімділігін айта келіп, өз тараптарынан оқу-әдістемелік материалдарды қазақ және орыс тілдеріне аударуда қолдау көрсететінін жеткізді. 

Кездесуді түйіндеген Амандық Ғаббасұлы: 
– Бірінші кезекте қанша педагогты оқыту қажет екенін анықтап алу керек. Математиканы оқыту әдістемесін енгізу мәселелерімен айналысатын арнайы мамандардан тұратын жұмыс тобын құру қажет. Барлық мәселелерді облыстық білім басқармасы қарастырып, зерделеуі тиіс. Бағдарламаны енгізуді алдымен балабақшалардан бастауымыз керек. Осы бағытта нақты іске кірісуді тапсырамын. Облыс оқушылары математикадан ең үздік білім алуы тиіс, – деді. 

Хайри бин Абдулла облыс әкіміне іскерлік кездесу үшін алғысын жеткізіп, «Maршалл Кавендиш» компаниясы ынтымақтастық орнатуға, математиканы оқытуда жинақтаған білімімен бөлісуге әзір екенін айтып, өз оқулықтарын сыйға тартты.

Алма ЕСЕНБАЕВА