АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Уақыты: 21.08.2019
Оқылды: 733
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаздың әр күнін жылға азық санаған диқандар өткен айдың екінші аптасында-ақ арпа-бидай оруды бастаған. Ерте көктемнен қызу еңбек еткен диқандар алажаздай төккен тердің өтелер уақыты жақын деген сенімде.


Жалпы биыл ауданда 7030 гектар жерге арпа-бидай егілді. Бүгінде осы егістіктің 5558 гектары шабылып, 5528 гектары бастырылды. Әзірше әр гектарынан 21 центнерден өнім жиналуда. Көрсеткіш егін орағы аяқталғанша көтеріледі деп болжанып отыр. Арпа-бидай орағының ойдағыдай аяқталуын көздеген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов және осы мекеменің бас маман-агрономы Айбар Ардақұлы қарқынды еңбек етіп жатқан диқандардың жұмысын көру үшін «Бірлік агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты № 3 бөлімшесінің егістік алқабына келді. 

Аталмыш шаруашылық биыл өздеріне қарасты 5447 гектар егістік алқаптың 1646 гектарына күріш, 2166 гектарына көпжылдық шөп, 1633 гектар жерге арпа еккен. Егілген арпаның бүгінде 1463 гектары шабылып, бастырылған. Аталмыш шаруашылық жетекшісінің орынбасары Аршан Жақыпов биыл егіннен мол өнім алуға мүмкіндік бар екенін айтты. Дер кезінде егілгендіктен болар, жазғы жауын аз болса да арпа дақылының өсіміне көз тояттайды. Әзірше егістіктің әр гектарынан 26 центнерден өнім алу жоспарланып отыр. 

Арпа-бидай орағының ойдағыдай атқарылуы жауапты науқанға жұмылдырылған техниканың тоқтаусыз жұмыс істеуіне де байланысты. Әрине, техниканың жұмысқа сақадай сай болуы білікті механизаторлардың арқасы. 

Жалпы аталмыш шаруашы-лықта арпа-бидай орағына 17 комбайн тартылған. Техниканың жанар-жағармайы мен қосалқы бөлшектері де жеткілікті. Бұл диқандардың жыл сайын атқаратын жұмыстарының бірі. Егін орағына күні бұрын дайындалғандықтан бұл науқанның да еш кедергісіз өтеріне сенім мол. Ауылшаруашылығы бөлімі мамандарының болжамынша арпа-бидай ору науқаны алдағы аптаның соңына дейін аяқталмақ.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы