Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТУҒАН ЖЕРДЕЙ ЖЕР ҚАЙДА?

Уақыты: 25.08.2019
Оқылды: 643
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Сағым жүзген сайын далада жұпар иісі аңқыған жусан атты өсімдік бар. «Бір қозы туса, бір түп жусан айыр шығады»  деп тұжырымдаған қазақтың дүниетанымына салсақ ырыстың, берекенің, игіліктің белгісіндей болған жусаннан ең алдымен туған топырақтың дәмі мен иісі шығады. Оны көбіне жыраққа кетіп, елі мен жерін сағынған адам жақсы түсінеді. Әлем жұртшылығын алаңдатқан Сириядағы лаңкестер құрмақшы болған қара тулы халифат басшыларының шақыруына еріп, шетел асқан қазақтардың осы сезімді басынан өткергені анық.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен биыл жыл басында Түркия шекарасына жақын орналасқан босқындар лагеріндегі отандастарымызды елге жеткізуді мақсат еткен «Жусан» операциясының көпшіліктің назарын аудартқаны белгілі. Үш рет өткізілген «Жусан» операциясы кезінде 137 әйел мен 357 бала туған жерге табан тіреді. Балалардың бірқатары жетім қалған. Солардың қатарында «Жусан-2» операциясының нәтижесінде атамекеніне оралған Панфилов ауданы, Дарбазақұм ауылының тумасы Айдана Рақымбекова да бар. Қазір туған ауылында, ата-анасының қолында тұрып жатқан Айдана Шам өлкесіне қалай барғанын, ондағы көрген қиындығы мен азабын әңгімелеуден тартынбайды.

Арман қуып Алматыға аттанған 17 жастағы бойжеткен осы шаһарда болашақ күйеуімен танысып, тұрмыс құрады. Арада біраз уақыт өткен соң, яғни  2012 жылы жұмыс істеу үшін Дубайға кеткен күйеуінің соңынан әйелі де аттанады. Алып қалада әлдебір танысының офисінде жұмыс істеп жүрген ерінің дүниетанымының, діни ұстанымының өзгере бастағанын байқаған Айдана оны Мысырдан келген ресейліктерден сабақ алуымен байланыстырады. Ақырында жат ағымның жетегімен соғыс өрті тұтанған Сирияға жиһадқа қатысу үшін баратынын айтқан күйеуі өзіне бойұсынуы керектігін алға тартады. Осылайша қара тулы халифат құру жолында бейбіт жатқан Шам өлкесін ту-талақай қылған ДАИШ-тың ордасына тап болған келіншек екі баласымен бір үйді мекен етіп, сыртқа шықпай бұйығы тірлік кешіп жатады. Тіршіліктің түйткілімен ерте кетіп, кеш оралатын күйеуі сондағы муаскараға қызмет етеді. Әдеби сөздікте «әскери шатыр» деген мағына беретін муаскара ол жерде жергілікті әскери ұйым есебіне жатады. Яғни, лаңкестердің орталығы іспетті. Арнайы кеңесшілері мен қызметкерлері бар муаскара әмірі сырттан келгендерді қандай шаруаға жегетінін немесе қай соғысқа жіберетінін өзі шешеді. Әйел үшін жұмыс аталғанымен шындығында Айдананың күйеуі соғысқа жұмсалатын. Олар тұрған қала ауыр соққының астында қалғанда күйеуі аяғынан жараланып, бір айдай үйде жатады. Муаскара әмірі күйеуінің жарасы толық жазылмағанына қарамастан қайтадан соғысқа жібергенін еске алғанда мұңайып қалды. 

Осылайша өзге ұлттармен араласып, көбіне арабтардың қатарында жүрген күйеуі 2017 жылдың көктемінде қазақтардың катибасына кіреді. Катиба сөзі «әскери отряд» деген мағына береді. Сонда жүріп, шегара күзетуге шыққан жұбайы екінші рет жараланады. Бұл жолы да соғыс қимылының өршігенін алға тартқан әмір күйеуін көп ұзатпай ұрысқа аттандырады.

Қазақстандық әйелдермен араласып, өзара байланыс орнағанына қуанған Айдана бір аптадан соң күйеуінің қаза тапқанын естиді. Соның ертесінде-ақ бұлар тұрған үйді босатуды талап етіп, мұны жесір әйелдер тұратын мадафаға ауыстыратынын айтады. 

 Алайда басқа біреулер келіп, келіншекті төрт баласымен үйден қуып шыққандай етіп көшіреді. Көрші үйде қонып шығуға рұқсат алып, онда екі түнейді. Үшінші күні күйеуімен бірге қаза тапқан жігіттердің әйелдерімен кездесіп, бірлесе тіршілік кешуге келіседі. Сонда барып жағдайдың  бұлар ойлағаннан мүлде басқа екендігін, Сирияда ешқандай да халифат құрылмайтынын, мұндағылардың бұларды жек көретінін, аш қалса да көмектеспейтінін ұғынады. Өзі секілді әйелдерге ілесіп өзеннің арғы бетіне өтіп, қараусыз қалған үлкен үйге орналасады. 

 Бала-шағасын ерткен 150 шақты әйел кірген бес бөлмелі үйде не жарық, не су жоқ еді. Азық-түлік таусылған. Баласы үшін кез келген қиындықты еңсеретін ана байғұс аштан қалмаудың жолында сыртқа шығып, тамақ боларлық нәрсе іздейді. Бірақ қазақ әйелдерінің бұлай жүргені жергілікті арабтарға ұнамайды. Олардың ойынша әйел үйден шықпай, қамалып отыруы шарт. Өңкей жесірдің талабы мен қажетін өтеудің қиын екендігін ұққан жергіліктілер бұларды топ-топқа бөліп, жан-жаққа әкетеді. Тағдырдың жазуымен өзара жақын араласқан қазақстандық 6 әйел бір-бірінен ажырамауға келіседі. Сөйтіп, аштық қысқан келіншектер бала-шағасын ертіп, зекет тарататын жерлерді жағалайды. Алғашында аздаған азық-түлік алып, қуанғанымен келесі барғанында жергілікті халық түк татырмай қояды. Олардың айтатындары: «Сирияға неге келдіңдер? Соғысты бастаған сендерсіңдер!» деген айыптау. 

 Ұнның бағасы күн санап өсіп жатыр. Ақырында малға беретін кебек жемді арзан бағаға алып, талғажау етті. Осылайша Ракка, Шаддат, Мосул, Кишма, Суса қалаларының аралығында босқан жұрт әскери шабуылдың әсерімен ығыса беретін. Ақырында Бағұз елді мекеніндегі төрт қабырғасы ғана қалған үйге қоныстанады. 

Сол үйге түскен снарядтан ауыр жарақат алған Айдана жатып қалады. Дәрі-дәрмек жоқ. Жергілікті халыққа берілетін көмек сырттан келгендерге мүлде көрсетілмейді. Осылайша өлместің күнін көрген келіншек тағы бір елді мекенге қоныс аударады. Сөйте жүріп әуе шабуылына тап болғанын ұмытпайды. Жазық далада қалған өңкей жесір бала-шағасын атылған оқтан сақтау үшін жерді үңгіп, окоп қазып алуға тырысатын. Сол күндердің ауыртпалығын еске алған Айдана:
– Бізді әбден алдаған екен. Онда күйеуім жиі айтатын шариғат заңдары ескерілмейтін. Бізді мүлдем жақтырмайтын. Көрген жерден кірпіше жиырылып, теріс айналатын. «Өй, мыналар тағы келді, соғысты бастаған осылар. Тамақ тек жергілікті халыққа беріледі. Сендерге жоқ! Не үшін келдіңдер?» – деп тепсіне сөйлейтін. Соның бәрі жалған ағымның жетегіне ергендік-тен екен, – деп терең күрсінді. – Ақырында Бағұз қаласында да әуе шабуылы үдеп, бас көтере алмадық. Сөйтсек, қалың адамның арасында оқ-дәрі салынған жүк көлігі бар екен. Әлгі жарылып, айналамыздағы жарылыстан көз аша алмай қалдық. Баламның қолына снарядтың жарықшағы тиіп, жарақат алды. Көз алдымызда адамдар құлап жатыр. Қазып алған окопымыз қорған болды. Әйтпегенде түгел қырылып қалар едік. Дәрігерлік көмек көрсету мүмкін емес. Сондайда адамның адамдығы анық көрінеді екен. Тереңірек окоп қазып алғандар шырқырап жалынсаң да кіргізбейді. Сол күнгі жарылыстан бізге бермей қызғанған азық-түлік қоймасы жарылды. Ұшып жатқан оққа қарамастан еңбектей жүріп, балаларға талғажау болар нәрсеге таластық. Сондағы алғаным бір қорап печенье мен бұршақтан жасалған ботқа.

Тағдырдың жазуымен Шам өлкесіндегі соғыстың зардабын басынан өткерген қалың әйел күрдтердің қолына өз еріктерімен беріледі. Олар ұзақ әрі мұқият тексерді. Сол аралықта далаға қонған сәбилердің біразы таңға дейін шетінеп, қыстың ызғарынан талай бала ұйқыдан оянбады. Жиырма шақты жеткіншекті жатқан жеріне жерлеген күрдтер бұларды көліктерге тиеп, жолға шықты. 20 сағатқа созылған сапардан соң лагерьге жеткен босқындар дәрігерлік тексеруден өтіп, аздаған азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонда жатып Қазақстан Республикасының «Жусан» операциясымен әйелдер мен балаларды қаңтар айында елге әкеткенін естіді. Сәуір айының ішінде келген қазақстандықтар бұларды есепке алып, алдағы күнде «Жусан-2» операциясымен елге әкететінін айтады. 
Мамырдың 6-сы  күнін Айдана еш ұмыта алмайды. Өйткені, бар көрген ауыртпалығын артқа тастап, туған елге оралған күні болатын. Содан бері Елбасына, Отанына рахмет айтудан танбай келеді.

– Алғысымыз шексіз. Бізді бұлай қарсы алады деп ойламаған едік. Бізді ойлағаннан да жақсы қарсы алды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен рахмет айтамыз. Өз басым білімсіздіктің, қараңғылықтың зардабын тарттым. Намазды Ханафи мазхабымен бастасам да күйеуімнің айтуымен салафилік-уаһһабилік ағымның жетегіне түсіппін. Оның дұрыс еместігін елге келген соң білдім. Алғашында Ақтауда оңалту орталығында жатқанымызда теолог мамандар сабақ беріп, ненің не екендігін ұғындырды. Сол арқылы қателігімізді білдік. Мысалы, уаһһабилік ағым өкілдері намаз оқымайтын адамды кәпір деп санап, оны өлтіруді, мал-мүлкін тонап алуды халал есептейді. Соның дұрыс еместігін осында келіп білдім. Ал Сирияға барғандар Ислам шариғатын мүлде ұстанған жоқ. Нешетүрлі сұмдықтар орын алып жатқанын естідік. Тіпті, гомосексуализммен айналысқан баланың жазаланбағаны көп әңгіме болды. Соған қарап ешқандай шариғат шарттарының орындалмағанын білдік. Менің ең басты қателігім – білімсіздік екен. Күйеуімнің айтқанына ілесіп жүре беріппін. Бір кітаптың бетін ашып көрмеппін. Ендігі жастарға айтарым – іздену, білім алу басты міндет. Біреуді ұстаз тұтсаң басқа да еңбектерді оқып көр. Ең алдымен, іздену керек және өзімізге етене мазһабты ұстанған дұрыс. Сонда ғана адам адаспайды екен, – деген Айдана алдағы күндеріне алаңдайды. Ес біліп қалған балаларын жеткізуді,  солардың оқып, білім алуын армандайды. Өз басына түскен ауыртпалықты өзгелердің көрмеуін тілейді.

Иә, бір тағдыр – бір әлем! Шалыс басқан қадам иесін сы-нап-мінеп, кемсіте беру жақсылық әпермейді. Керісінше, халқымыздың «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген қанатты сөзімен оларға қолдау көрсетіп, демеу беру керек. 

Бұл тақырыпқа біз алдағы уақытта қайта оралып, Шам өлкесінен оралғандар жайлы жазып тұрмақпыз.

Мәди АЛЖАНБАЙ