ЗАЙЫРЛЫ ЕЛДЕ ЗАҢ ҮСТЕМ

Уақыты: 30.08.2019
Оқылды: 1290
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіз Республикамыз санаулы жылда өзара татулық, ынтымақ пен бірліктің арқасында орасан табыстарға қол жеткізіп, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет орнатып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында достастық елдері арасында көш бастады. Оны бүкіл өркениетті елдер мойындап отыр. Қазақстан Республикасының осындай өркендеу жолына түсуіне Конституциямыздың жасаған ықпалы өте зор. Барлық заңдардың бастауы, қайнар көзі болып саналатын Ата Заңымыздың әлеуеті  мол.


Қазір Республикамыздың қол жеткен табыстарына бүкіл Орта Азия мемлекеттері қызыға қарауда. Өркениетті елдердің барлығы да Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен басқалардан көш ілгері кеткенін ашық мойындап отыр. Бүгінге дейінгі табыстарымыздың бәрі Конституцияның арқасы. Өйткені, Конституцияны басқа барлық заңдардың атасы деуге болады. Қандай мемлекетте болсын әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруі үшін соны қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын көптеген заңдар қабылданады. Бізде де солай. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1993 жылғы 28 қаңтарда тұңғыш Конституциясын қабылдады. Бұл – Республика тарихында болған аса ерекше оқиға еді. Осы Ата Заң аясында демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру үшін әр салаға қатысты көптеген заңдар қабылданды.

Өмір бір орында тұрмайды. Бәріне уақыт төреші. Реформа тереңдеген сайын кейбір қабылданған заңдарымызды қайта өзгертуге тура келеді. Мұның барлығы Қазақстан халқының жақсы өмір сүруі үшін жасалған және алда да жалғасын табатын игілікті қадамдар. Кейіннен, яғни бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылғы 30 тамызда бүгінгі Конституциямызды қабылдадық. Тұңғыш Президентіміз кезінде атап өткендей, бұл Ата Заң елімізді қомақты табыстарға қол жеткізуге бастады.

Жамбыл атамыз баяғыда тұңғыш Конституция қабылданғанда: 
Масатыдай түрленіп,
Отанымды гүлдентті.
Бесіктегі баламды
Ана болып тербетті.
Тоқсандағы шалыңды
Шарықтатып көңілін,
Көкке құлаш серметті.
Қанат берді халқыма,
Әуелетті, өрлетті.
Ағытылған өзендей, 
Сарқыратты еңбекті, – деп қуана жырлаған екен. Біз де атамыздан кем шаттанғанымыз жоқ.

Мемлекет болған соң міндетті түрде оның болмыс-бітімін, ішкі-сыртқы саясатын айқындайтын, мүдделері мен меншігін қорғайтын негізгі заңы болады.
Алғашқы Қазақ хандығы құрылғанда ата-бабалар дәстүрімен қатар 1511 жылы 19 баптан тұратын Негізгі заң қабылданған. Оны қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осы заңдарды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз. «Жеті жарғыны» жасауға данагөй билер белсене атсалысыпты. Аты аңызға айналған атақты Төле би қайтыс болар алдында үш жүздің игі жақсыларын жинап алып: «Аттың құнын, ердің құнын, әйелдің құнын өз ақылымызша шешкен жөн», – деп кеңес берген екен. «Малға салсаң баспайтын, ұрсаң шаппайтын жабы бар да, қусаң жететін, қашсаң құтқаратын желден жүйрік тұлпар бар, екі адамның басы қосылса, өсек айтатын әйел бар да, бір елге ана, пана болатын әйел бар. Шешім айтқанда осылардың аражігін ашып, екшеп барып, құн кесулеріңді өтінем», – деп аманаттапты артта қалып бара жатқан ел ағаларына.

Бүгінгі Конституциямыздың артықшылығы, ең бірінші, мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтындығында. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп бірінші бапта жазылған. Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», – дейді.
Өткенге көз жіберсек, бұрындары халық ешқашан дәл қазіргідей еркін өмір сүрмеген. Мемлекет бұқараның еркіндігін әртүрлі жолдармен қақпайлап отырған. Ел заңды, өз құқықтарын білу үшін заман талабына сай шығарылып жатқан заңдарды мұқият әрі зерделей тұрып оқуы керек. Өз құқықтық білімдерін үнемі жетілдіріп, басшылыққа алып отыру қажет. Сонда ғана заңсыздықтардан зардап шекпейді, өзінің құқықтары мен бостандықтарын кез келген орында қорғай алады. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», – деп Мұхтар Әуезов өте орынды айтқан.

Ата Заңда анық жазылғандай, Парламент заң қабылдайды. Оларға берілген өкілеттік жеткілікті. Атқарушы билік қабылданған заңдарды іс жүзіне асырады. Ал прокуратура сол заңдардың дұрыс орындалуын қадағалайды. Ата Заңның 83-бабы бойынша прокуратура сотта мемлекет мүддесін қорғайды. Конституцияда осылайша прокуратураның және тағы басқа да органдардың  аражігі ашылып, нақты белгіленген. Енді прокурорлық өкілеттікке келсек, оның ауқымы өте кең. Өмірге қажетті қаншама заңдар бар. Кейбіреуі әлі толық мәнінде жұмыс істемейді. Міне, осылардың барлығының іске қосылып, экономиканы көтеруге, ел дәулетін еселеуге ықпал етуін қадағалап отырамыз.

Кейде заңды білмегендіктен батыл әрекет жасамай, жалтақтап отыратын кәсіпкерлер де кездеседі. Заңды белінен басатындар да бар. Біз адамның алаңсыз еңбек етуіне кедергі келтіретіндердің заңға сыйыспайтын әрекеттеріне шектеу қоямыз. Ал еңбек етемін дегендерге заңда берілген еркіндік өте мол. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты болжай айтқан тұжырымдамаларының жүйелі іске асқандығына бүкіл халықтың қолдауына ие болғандығына куә болып жүрміз. Әсіресе, жыл сайынғы Жолдауларда болашаққа деген стратегиялық міндеттер айқындалып қана қоймай, бұл мақсаттарға қалай қол жеткізуге болатындығы да көрсетілген.

Аса ірі көлемдегі экономикалық өзгерістерді жүзеге асыра отырып, мемлекетіміз тұрақты даму жолына түсті. Еліміз «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасына сәйкес ілгері дамып келеді. Ең бастысы, экономика мен әлеуметтік саланы тұрлаулы дамытудың көкжиегі ашылды. Экономикамыздың өрлеп, халқымыздың әл-ауқатының жақсара түскеніне тағы да көз жеткізіп отырмыз.

Барлығына да уақыт төреші емес пе?! Жылды жыл қуып, зырлап өтіп жатқан уақыттың еншісімен ертең-ақ 2050-дің есік қағып, халқымыздың ен дәулетке кенеліп, бақуатты өмір сүретіндігі, бейбітшіліктің үстемдік алатындығы сөзсіз. Сондықтан да біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылған Конституциямыздың өміршеңдігін ұзағынан сүйіндіргей.

Дулат МҰҚАНОВ,
облыстық прокуратураның мемлекеттік айыпты қолдау және апелляциялық сатыда қатысу басқармасының бастығы, әділет кеңесшісі