ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 01.09.2019
Оқылды: 824
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаңа оқу жылы көптеген жаңалыққа толы болмақ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлім еткеніндей, 1 қыркүйектен бастап оқушылар мен ата-аналар министрлік сайтынан 1-10-сыныптардың электронды оқулықтарын көшіріп ала алады. Бұл балалардың ауыр сөмке арқалап сабаққа барып-қайтуын жеңілдетуге, кітаптарын мектепте қалдырып, үй тапсырмасын электронды оқулық арқылы орындауға мүмкіндік ашады.


Облысымыз үшін ең басты жаңалық: жылдағыдай оқушылар, әсіресе, бастауыш сынып балдырғандары әр пәнге арналған, бағасы кітаптың құнымен тең жұмыс дәптерлерін сатып алмайды. Бұл да – біршама қаржы шығындап, балаларын мектепке даярлайтын ата-ана үшін үлкен жеңілдік. 

Жаңартылған білім беру бағдарламасының да кезең-кезеңімен енгізіліп жатқаны белгілі.  Биыл  4, 9, 10-сыныптар жаңа оқу жүйесіне көшеді. Осыған орай аталмыш сыныптарға жаңа оқулықтар сатып алынды. Ал 10-сыныптар үшін уақыт талабына сай жаңа пәндер енгізілуде. Ол – «Кәсіпкерлік  және бизнес  негіздері», «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық», «Графика және жобалау» пәндері. Сондай-ақ, пилоттық режимде «Қазақстан тарихы» қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» орыс тілінде оқытылатын болады.

Оқушыларды республикалық олимпиада, білім, ғылым сайыстарына қатыстыруда да айтарлықтай өзгеріс бар. Бұрын олимпиадалар ауданда, одан соң облыста өтіп, оның жеңімпаздары ғана республикалық сынаққа баратын болса, ендігі жерде оқушы онлайн өтініш қалдыру арқылы айтулы білім сайыстарына қатыса алады. Бұл оқушылардың мүмкіндігін шектемеуге әрі білім сайыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашпақ.

Жаңа оқу бағдарламасына орай былтырдан бастап оқушылар бес күндік оқу жүйесіне көшкен болатын. Ал ұстаздар алтыншы күні сабақ өтпесе де жұмысқа келуге міндеттелген. Биылғы оқу жылынан бастап мұғалімдер үшін де бес күндік жұмыс аптасы енгізілді. Бұл ұстаздардың бос уақытын өз игілігі үшін пайдалануға беріліп отыр. Тек айына бір рет сенбі күні мұғалімдер жиынын, басқа да шаралар өткізу үшін мектепке жиналуға болады.

Өткен жылдан мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі белгіленген. Биыл оған да өзгеріс енгізілді. Ендігі ретте ұстаз қай кезде тест тапсыратынын өзі белгілейді. Ол мұғалімнің дайындығына қарай жүзеге аспақ. 

Бұған дейін білім саласын бақылау департаментінің мамандары білім ошақтарын аттестациядан өткізу кезінде кемшіліктерді анықтап қана келген болса, ендігі кезекте олқылықтарды түзету бойынша әдістемелік көмек көрсетпек. Бұл да білім шаңырақтары үшін зор көмек. 

Жаңа оқу жылында 49 мыңға жуық бүлдіршін 1-сынып табалдырығын аттайды деп күтілуде. Биыл облысымызда    8 мектеп  салынып, пайдалануға берілмек. Оның бесеуі 1 қыркүйекте оқушылар үшін есігін айқара ашпақ.

Алма ЕСЕНБАЕВА