ТӘЛІМГЕР ҰСТАЗ

Уақыты: 01.09.2019
Оқылды: 899
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өзінің өміршең хадистерінің бірінде: «Өмір бойы бала оқытып, шәкірт тәрбиелеумен айналысқан адам – өмір бойы бақша өсіріп, өзге жұртқа алуан түрлі жеміс ұсынған бағбан секілді»  деген екен. Сол тәрізді саналы тірлігін бір ғана сала – бала тәрбиесіне арнап келе жатқан жандар жиі ұшырасады. Солардың бірі – Шонжы ауылындағы Ж. Құдайбергенов атындағы орта мектептің тәлімгер тәрбиешісі, ұлағатты ұстазы Қанышайым Сағатбекқызы. 


Ұстаздың өмір жолы  тағылымды әрі мазмұнды. Ол Жаркент педагогикалық училищесінде, одан соң Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында білім алады. Ал ұстаздық еңбек жолы 1987 жылдан басталды. Аттай он жылдан астам табан аудармай балабақшада тәрбиешілік қызмет атқарды. Осы жылдардағы тынымсыз еңбек оны өз биігінен көрсетті. Ұстаз еңбегі елеусіз қалмады. Бірінші дәрежелі тәрбиеші лауазымына қол жеткізді. Ауданнан тартып, облыс, тіпті, республика көлеміндегі түрлі марапатқа ие болды. Ұстаз тек тәрбие жұмысымен ғана шектелмей мекеменің материалдық жағынан көркеюіне де көп көңіл бөлді. Атап айтқанда, 2005 жылы өзі қызмет істеген мектеп-интернатының заманауи дәрежеде безендірілуіне атсалысты. Сол кездегі «Асар» партиясының көмегіне жүгініп, миллионнан астам қаржылай көмек алуының арқасында мектеп-интернат үйінің барлық бөлмесі, оқу, тәрбие залдары тотының қанатындай түлеп, жаңғырып шыға келді. 

2010 жылдан бастап аталған білім ошағының мектепалды даярлық саласына ауысып, өз мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. Ұстаз сабақ оқытудың заманауи жаңа тәсілдеріне баса назар аударды.  Соның нәтижесінде «Саусақпен сурет салу» әдістемесіне қол жеткізді. Көп ұзамай бұл тәжірибесі аудан, облыс көлеміне озық тәжірибе ретінде таратылды. Осының аясында түрлі семинар сабақтар өткізді. 

Өтілетін материалдар негізінен алғанда электрондық тақта арқылы жүзеге асты. Сыныпта компьютерлік жүйе іске қосылды. Көптеген халық ертегісі осы әдіспен оқушы жүрегіне жол тапты. «Ертегілер елі» атты техникалық бағдарлама сабақтың басты бағытына айналды. «Сиқырлы әліппе», «Сиқырлы сандар», «Түрлі геометриялық пішіндер», одан өзге де толып жатқан бейнероликтер сабақтың мазмұнын аша түсті.

Ұстаз мұнымен шектелмей  оқушыларға ермексазбен түрлі бейнелер жасау тәсілдерін үйретті. Ұлттық қолданбалы өнерге деген қызығушылықтарын арттырды. 

«Рухани жаңғыру» да ұстаз назарынан шет қалмады. Осы бағыт бойынша ол сынып ішінде оқушыларға туған өлкеге саяхат  сабақтарын өткізді. Бұл саладағы еңбегі де аудан мектептеріне озық тәжірибе ретінде таратылды. Қанышайым Сағатбекқызы еңбек еткен мек-      тепалды даярлық аудиториясы заманауи озық тәжірибе тарататын үлгілі білім орнына айналды. Ұстаздың білері де көп, тәжірибесі де жеткілікті. Ол өз бойындағы педагогикалық құндылықтарды өзгелерге  үйретуден әсте жалыққан емес. 

– Кімнің болмасын еңбегін бағалап, оның абыройын асыратыны өзі еңбек еткен орта, қызмет атқарған мекемесі. Сол секілді менің де жарқ еткен жаңалығымды танытқан – өзім еңбек еткен ұжым.  Кезінде ұстаз болып қалыптасуыма  К. Есжанова, Г. Тышқанбаева сынды тәжірибелі ұстаздар үлкен әдістемелік көмек көрсетті.  Мен осындай аяулы ұстаздарды және өзім жұмыс жасаған мектепті әрқашан мақтан етемін.  Толып жатқан ізбасар шәкірттерім бар. Олар озық тәжірибе мен жаңалық атаулыны өзімен бірге жалғастырып келеді. Өмір жалғастығы, тіршілік сабақтастығы деген осы деп білемін, – деп ой топшылады бізбен әңгімесінде Қанышайым Сағатбекқызы.

Біз де бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан ұстаздың еңбегіне толайым табыс тіледік.

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ
Ұйғыр ауданы