МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

Уақыты: 01.09.2019
Оқылды: 1885
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған» ұстаздарға бәріміз де бас иеміз. Міне, осындай ұлағатты жандар қатарында Пенжім ауылындағы іргелі қара шаңырақ А. Розыбакиев атындағы мектепте талай жылдар еңбек еткен ерлі-зайыпты зейнеткер ұстаздар Ахметжан Надыров пен Гүлжаһан Розиеваны даралап айта аламыз.


Өзім еңбек еткен осы шаңырақта бірлігі жарасқан қазақ-ұйғыр аралас мектебінде Ахметжан Надырұлы білікті басшы болса, Гүлжаһан Шавдинқызы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. Талай шәкіртке білім берген бұл ұстаздарды білмейтін жан кемде-кем шығар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде олардың еңбегі зор. Өз істеріне шынайы берілген, адамгершіліктері мол, қарапайым, білімді әрі талапшыл ұстаздар болды. Басшы болған кезінде Ахметжан ағай оқушылардың білім сапасына, тәлім-тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарады.

Гүлжаһан апайдың сабақтарына қатысып тәжірибесін үйренетінбіз. Сабағын өте тартымды өткізіп, өзіндік юморымен оқушыларды баурап алатын. Апайдың еңбегі бағаланып, Мәскеуге барып, съезд делегаты болды. Менің 1992 жылы жазған алғашқы мақалам да Гүлжаһан апайға арналды. Ұстаздықтың қыр-сырын осы тәжірибелі тәлімгерлерден үйрендім, әлі күнге ұстаздарымды құрметтеймін. Ата-анасының жолын қуған ұлы Радик Надыров – осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, келіні Махирам Аршиева ұйғыр тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Тағы бір ұлы Рустам да жоғары білімді. Қызы Зухра ағылшын тілі мамандығын бітіріп, магистратурада оқуда. Кіші қызы Ділназ – оқу озаты. 

Бүгінде бұл отбасын жапырағын жайған бәйтерек деуге болады. Ахметжан ағай – ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы. Пенжім ауылы құрметтейтін отбасының әрбір ісі көпке үлгі. 

Тоқтаргүл КИІЗБАЕВА,
зейнеткер-ұстаз 
Пенжім ауылы,
Панфилов ауданы