АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ

Уақыты: 01.09.2019
Оқылды: 1319
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Білім  шеті мен шегі жоқ телегей теңіз болса, сол теңіздің сәнін келтіріп, байыппен ғана әр шәкірт жүрегіне жол тауып, соның кілтін аша білетін ақ желкенді кеме – ардақты ұстаздарымыз. 


Он бірінші сыныпқа дейін білім беріп, есімізді толық білмейтін, әр жайт түсініксіз болып көрінетін сәтімізде қолға қалам ұстаудан бастап, әр ғылым саласының қыр-сырын үйретіп, жетік меңгерткен, еліміздің бір кірпіші болып қаланатын азамат болуға тәрбиелеген алтын ұя мектебімнің айнасы – құрметті ұстаздар қауымына алғысым шексіз.

Менің ойымша, шын ұстаз мұғалім болуды балалық шақтан армандайды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтан өтеді. Олай деу себебім, әр сабағына жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай емес. Уақытпен санаспай, балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасағанда ғана еңбек еш кетпейді деп түсінемін. 

Оқушысын өз баласынан артық көріп, бар назарын соларға аударып, уақытының көп бөлігін мектепте өткізетін ұстаздардың шәкірттері үлкен шыңдарды бағындырғанда еңбегі ақталары сөзсіз. Осылай жанкештілікпен еңбек ететін ұстаздарды құрметтеп, сыйлай білейік, жас буын.

Аспан әлемін бағындырған ғарышкер де, еліміздің Көк байрағын көкке желбіретіп жүрген спортшыларымыз да ұстаздан тәлім-тәрбие алған. Мұғалім  өнегесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. 

Нұрайлым НҰРМҰХАНБЕТ,
№34 орта мектеп-гимназиясының түлегі
Талдыбұлақ ауылы, 
Талғар ауданы