БЕГЗАТ БОЛМЫС

Уақыты: 31.08.2019
Оқылды: 696
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Білім мен білігі мол, зиялылықтың үлгісіндей азаматтар арамызда баршылық. Қазақтың маңдайына біткен тұлғалар жайлы айтқанда ойымызға бегзат азамат Ақан Бижанов оралады. Парасаттылық пен мәдениет тек арқылы дариды. Өйткені, Ақанның әкесі Құсайын Бижанов Алматы облысының бірқатар аудандарында басшылық қызмет атқарған. Ол қоғам қайраткері, соғыс ардагері, өңірдің беделді азаматы еді. Туып-өскен шаңырағымен қатар білім алған ордасы, қызмет атқарған ортасы тұлғаның айтулы азамат болып қалыптасуына өз әсерін тигізгендей.

 


Еңбек жолын темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауытта инженер-электромеханик болып бастаған Ақан Бижановты әріптестері комсомол комитетінің жетекшілігіне ұсынады. Одан ары қарай аудандық комитетке ауысып, қызметі жоғарылайды. Бұл Ақан Бижановтың өмір баспалдақтарына бет алған кезі еді. Ал 1976 жылы ол партияға табан тірейді. Содан кейін Киров атындағы машина жасау зауытында партком хатшысының орынбасары, Алатау аудандық атқару комитетінің төрағасы, аталмыш ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Осы жылдар ішінде бірнеше мәрте аудандық, қалалық халық Кеңесі депутаттығына сайланып, ірі шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді шешуге үлес қосты. 

Іскерлік, ұйымдастырушылық, ұжыммен тіл табыса білу қасиеттерімен Ақан Құсайынұлы 1992 жылы Алматы қалалық халық кеңесі депутаттығына сайланды. Содан кейінгі жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде «Қазақстан халық бірлігі» одағының депутаттық фракциясына жетекшілік етті. Келесі жылы «Халық бірлігі» партиясы Орталық комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Ұйым 1999 жылы республикалық «Отан» саяси партиясының құрамына енді. Кейін еліміздегі ірі саяси ұйым «Нұр Отан» партиясы болып қайта құрылды. Саяси ұйымдардың бел ортасында жүрген азаматтың іскерлік қабілеті шыңдала түсті. 

Мұның бәрі назардан тыс қалған жоқ. Ақан Бижановты Елбасы Н. Назарбаев 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметіне шақырды. Президент Әкімшілігінде Ішкі саясат және қоғамдық-саяси бөлімнің меңгерушісі міндетін атқарды. Осы уақыт аралығында Ақан Бижанов ұлтаралық келісім мен өзара түсіністік, халықтар арасындағы татулық, Қазақстан халқының бірлігі мен демократиялық үрдістердің дамуы мәселелеріне өзіндік үлес қосты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі ретінде жанында жүргенде Ақан Бижанов әлемнің көптеген елін аралады. Талай алқалы жиындар мен мемлекеттік және ресми шаралардың куәсі болды. Мемлекет басшысының іскерлігі мен болашақты болжай алатын көрегендігіне куә болып, көптеген елдің тұлғаларымен кездескен кезінде көп тәжірибе жинады. Осының бәрі кейінгі қызметтерінде керегіне жарады. Содан кейінгі бес жылда Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қаланың әлеуметтік, мәдени дамуы, қоғамдық-саяси мәселелердің тұрақтылығы, жұртшылықтық тұрмыстық жағдайының жақсаруына қатысты өзекті мәселелерді шешуге барынша ықпал етті. 

Өмір бір орында тұрмайды. Ілгерілеу, алға жылжу табиғи заңдылық. Ақан Бижанов 2005 жылғы тамызда баламалы негізде ҚР Парламентінің Сенатына депутат болып сайланады. Сол жылы Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ақан Құсайынұлы жауапты жұмысты лайықты атқара білді. Кез келген мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылығы сыртқы факторлармен байланысты. Осыған орай, әлемде парламентаралық дипломатия барған сайын маңызды бола түсіп, жаһандану жағдайында сыртқы саясаттың бір құралына айналды. Осы тұрғыда сенатор А. Бижанов халықаралық ұйымдармен өзара қатынасты нығайту жөнінде мақсатты жұмыс жүргізе білді. 

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қызметте жүрген жылдары көптеген заңдардың қабылдануына атсалысып, тың ойлар мен ұсыныстар енгізді.  Елімізде, шетелдерде өткен ғылыми конференциялар мен әртүрлі жиындарда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, ұтымды ойлары және пікірлері жинақталып, «Өнер» баспасынан шыққан «Уроки эпохи» («Дәуір сабақтары») атты кітабында жарық көрді. Парламентте сенатор, комитет төрағасы қызметтерін атқара жүріп, Қасым-Жомарт Кемелұлымен ынтымақтаса жұмыс істеді. Ақан Құсайынұлы Сенат Төрағасымен қоян-қолтық араласып жүрген сәттерінде абзал азаматтың еңбекқорлығы, іскерлігі, білімі мен білігі, биік парасаты, терең мәдениетіне тәнті болды. Осындай азаматтың Мемлекет басшысы деген аса мәртебелі қызметке бүкіл халықтың таңдауы арқылы сайланғанын жұртшылық жылы қабылдады. Қарап отырсақ, тоқсаныншы жылдары Ақан Бижанов еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың көмекшісі болса, екі мыңыншы жылдары қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Сенат қабырғасында тығыз ынтымақтастықта қызмет атқарғанын білеміз. Демек, бұл тұлғалармен қызметтес болып, солардың ақыл-кеңестерін алып, мол тәжірибе жинақтаған жылдар ұмытылмас, қайталанбас қымбат шақтар емес пе?!

Ақан Бижанов осы жылдары екінші мамандықты меңгеріп, жоғары партия мектебін қызыл дипломмен бітірді. Гуманитарлық білім бойынша саясаттану саласының маманы болып шықты. Осыған орай, Философия, саясаттану және дінтану институтына директор болып қызметке келген соң бірер айдан кейін елімізде латын әліпбиіне көшу туралы шешім шықты. Біле білгенге қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру маңызды шара еді. Осыған дейін әлемдегі бар қазақтың біразы ескіше, төте жазып келді. Енді бір бөлігі отызыншы жылдардағы латын әліпбиіне икемделді. Ал бұрынғы КСРО қазақтары кеңестік жүйеге тиімді кирилл қарпіне көшті. Сөйтіп, қазақ бірінің жазуын бірі оқи алмайтын жағдайға жетті. Осылайша, кеңестік саясат кириллица арқылы арамызды ажыратып, алшақтатып жіберді. Міне, осы тұрғыда Мемлекет басшысы қабылдаған батыл шешім институт тарапынан қызу қолдау тауып, аз уақыт ішінде қыруар іс тындырды. Бұл игі шараның басы-қасында институт директоры Ақан Бижанов болып, көп жұмыстар атқарды. Аз уақыт ішінде бірнеше кітап, ғылыми еңбек, монографиялар жарық көрді. Ғалымдар үш топ болып бірнеше елді аралады. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің тәжірибесін назарға алды. 

Бүгінде Философия, саясаттану және дінтану институты еліміздегі танымал жоғары кәсіби ғылыми-зерттеу орталығына айналды. А. Бижанов басшылық ететін ғылыми мекемеде жүргізілетін кешенді ғылыми зерттеулер адамның сана-сезімін, рухани жетілуі мен шығармашылық жасампаздығы, білім мен ғылым мәселелерін жан-жақты талдауға негізделген. Адами капиталды әлеуметтік-философиялық тұрғыдан зерттеуге арналған бірнеше ұжымдық монография, ғылыми мақалалар соңғы жылдары көптеп жарық көруде.

Сонымен бірге, айта кететін жайт, қазіргі таңда көптеген елдермен ғылыми қатынасын өрбітіп отырған институт Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Германия, АҚШ, Түркия, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдердің ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз ғылыми ынтымақтастық орнатқан.

Кейіпкеріміздің жастар туралы пікірі де көкейге қонымды. Кейінгі толқын білімді, көп тіл біледі, ізденімпаз, бәрін үйренуге құштар. Негізгі білімді мектеп, жоғары оқу орнынан алғанымен ілімді өзің ізденіп, зерттеп, еңбектеніп, өмірден алған тәжірибеңмен ұштастырып, дамыта білуің керек. Сонда ғана айтулы ғалым боласың. Өзге елден үйренеріміз көп. Жастарымыз солардың жақсысын бойына сіңіріп, жаманынан жиреніп, басқалардың озық үлгілерін ала білсе дейміз. 

Қайраткердің жастарға үйретер тәлімі көп. Ғылымға бой ұрған жастардан күтер үміт мол. Жаңа мүмкіндіктер кезеңін қалт жібермей, уақыттарын босқа өткізбей, талаптанып, талпынып, білім нәрімен сусындап, бәріне үлгеріп қалулары керек. Қырыққа дейін уақыт өтпейді, қырықтан кейін уақыт жетпейді деген бар. Жастар, міне, осыны барынша ескерсе дейді. Біздің елде адамның өмір сүруі мен дамуына мүмкіндік бар. Білім ал да жұмыс істе. Егер сенің білімің қажет болса, жұмыссыз қалмайсың. Ал қажеттілік өздігінен-ақ материалдық жағдайыңды шешуге жол ашады. Осындай негізгі факторларға назар аударған жас назардан тыс қалмайды дегенді тілге тиек етеді. 

Ол жауапкершілікті жоғары қоя білген азамат, оқығаны, көңілге тоқығаны да жетерлік. Ақан Құсайын-ұлының ерекше бір қасиеті, көңіл-күйдің әсерімен шешім шығармайды. Жадысының мықтылығы, азаматтармен тез тіл табыса білетін қасиеттері беделін биіктете түскендей. 

Қарауындағы қызметкерлерден тәртіп, жинақылық, біліктілікті талап етеді. Өзі де көп ізденіп, кәсіби шеберлігін арттырып келеді. Бұл кісі жақсы істердің ғана емес, жақсы адамдардың да жанашыры. 

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, саяси ғылымдар докторы, академик, жаратылыстану ғылымдары академиясының президиум мүшесі, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының өкілі және Ұжымдық Қауіпсіздік келісімшарт ұйымының саяси мәселелер және халықаралық істер жөніндегі қазақстандық тұрақты комиссиясының жетекшісі қызметін атқарған, «Парасат», «Құрмет», «Содружество» ордендері мен бірнеше медаль мен Құрмет грамоталарының иегері Ақан Бижанов бүгінде кемел жасқа келіп отыр. Үлкен жетістіктер мен жақсылықтар алда екеніне сенімдіміз. 

Ақан Құсайынұлы үнемі ізденіс үстінде.Қайраткер азамат мемлекетіміздің жарқын болашағына жіті назар аударып, еліміздің өркендеп, кемел келешекке қарай нық қадам басуына тілекші. Бүгінде білімді, білікті азамат ретінде ғылымдағы жасампаз жолымен болашаққа батыл қадам жасауда.

Саясат БЕЙІСБАЙ, 
Жамбыл атындағы халықаралық 
сыйлықтың иегері