МАХАББАТ МӘҢГІ ЕРТЕГІ

Уақыты: 31.08.2019
Оқылды: 1126
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Махаббат мәңгі ертегі, көңілдің күйін шертеді...» деген әуезді әнді тыңдаған сайын адам ғұмырындағы асыл сезімнің қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Махаббат деген ұлы ұғымның қасиеті де осында.


Мұны тегіннен-тегін есіме түсіргем жоқ. Жалт еткен жанарлардағы ұшқынды жүректеріне жазып, мәңгіге мәпелегендердің бақыт деген баспалдақты аялай басып, алып бәйтеректей жапырақ жайғаны, өніп-өскені бір ғанибет. Ондай жұптарға тіршіліктегі қиындықтар түк те емес. Өйткені буырқанған сезім күші, бір-біріне деген махаббат оты келеңсіздіктерді лаулатып жағып жібереді. 

Ойпырым-ай, мақаланың әлқиссасын қалай бастап кеттім өзі?.. Мына апай жасы келгенде махаббат жайлы неге тебіренеді деп қалар білетіндер. Иә, оған оқырманға махаббат жас талғамайды деген уәжді алға тартқым келеді. Сосын осы жолдарды өмірдегі көргені мен көңілге түйгені көп кейіпкерлеріме арнап отырмын. Бұл азаматты  Жетісу жұртшылығы жақсы біледі. Атпал азаматтың қайраткерлігі, елім деп еміренгені, айналасына деген құрметі, досқа адалдығы, ешқашан өзім деп өзеуремейтіні көпшілікке белгілі. Ал отбасы, ошақ қасындағы өзара түсіністігін, жары екеуінің арасындағы ерекше құрметін, балғын сезімдерін аялайтындықтарын біреу білер, біреу білмес. Бұл – олардың жан тазалығы, сезім сұлулығы.

Иә, көп созбай осы армандарын аялаған аға мен жеңгемнің аттарын атайыншы. Олар – қасиетті Қарғалының мөлдір бұлақ суынан қанып ішіп, тау-тасында асыр салып ойнап өскен Кенжебек пен жары Райхан Омарбаевтар. Бұл аяулы жандар жайлы қатар құрдастары ерекше тебіреніспен әңгімелейді. Ертегідей махаббаттарына қызығады. Қоғам қайраткері Райхан жеңгемнің қарақаттай қос жанарындағы нұр сәуле, шіркін, жас кезінде қандай болды екен деген сұрақты еріксіз есіңе салады. 

Әйелдің сұлулығы – бағалай білсе бағы деген. Рекең тән мен жан сұлулығын қатар ұстаған. Ал, өзім білетін Кенже аға – тағдыр қосқан жарын алақанындағы бақыт құсындай мәпелеген жүрегі кең, пейілі таза азамат. 

Әңгімені Райхан жеңгемнің сөзімен тұздықтайыншы.
– Кенжебек ағаңның үйі мен біздің шаңырақ аралас-құралас. Көршіміз. Екеуміз бір жылдың төлі болғанмен Кенжебек менен бір сынып төмен оқыды.

Жоғары сыныпқа келген кез. Бір күні сабақтан қайтып келе жатқанымда күтпеген жерден велосипедпен алдымнан шықты да төрт бүктелген бір парақ қағаз берді. Жанары жалт етіп велосипедтің педаліне салмағын салып, жүріп кетті. Мен аң-таңмын. Ол кезде ер балалар бірінің хатын бірі қыздарға таситын. Сондай шығар деп оңашада әлгі хатты оқыдым. Хатты төрт шумақ өлеңмен өзі жазыпты. Оқығанда екі бетім дуылдап, тұла бойымды белгісіз бір сезім баурады. Бір-бірімізді жақсы білгенмен бұрын мұндай оқиға болмаған. Осылайша бойымда осыған дейін болмаған мазасыздық пайда болды. Көз алдыма Кенжекеңнің сырт келбеті, отты жанары, қою бұйра шашы, әдемі күлкісі келе берді, келе берді. Көрген сайын бір-бірімізге ұрлана көз тастайтын болдық. Ойды да, бойды да түзей бастадық.

Содан соңғы қоңырау соғылатын кез де жетті. Мектеп бітіру кеші. Бізді оныншы сынып оқушылары құттықтауы тиіс. Ауылда гүл көп өсірілмейді. Балалар тауға гүл теруге барады. Кенжебек бір құшақ қызыл гүлді еш жүрексінбей маған сыйлады. Жүрегім шым етіп, жан-жағыма қарадым. Сосын сынып жетекшісіне берді. Әрине, біздің ішкі құпиямызды өзгелер білген де жоқ. Қыз құпиясы деген қиын ғой... 

Сенбі сайын ескі клубта кино көреміз. Кездесе бастадық. Бейкүнә сезім, бейкүнә кездесулердің соңы үлкен махаббатқа ұласқанын біз кейін білдік. 
Мен құжаттарымды Алматы медициналық институтына тапсырып, Алтын медаль иегері ретінде бар сабақтан үздік баға алып, емдеу факультетінің студенті атандым. Ал, Кенжебек соңғы сыныпта. Десе де сенбі сайын Алматыдан келетін соңғы автобустан мені күтіп алады. Келесі жылы Кенжекең мектепті үздік бітіріп, политехқа оқуға түсті. Содан кейін бес жыл студенттік шақтың қайталанбас қызықты күндерін бірге өткіздік. Жұбымыз жазылған жоқ. Затында Кенжебек көрсеқызар емес. Алған бетінен қайтпайтын ерекше қайсар мінезі бар. Жігітке осындай мінез керектігін кейін біліп жүрмін.

Институтты бітіріп, жолдаманы қолға алғаннан кейін Кенжекең «үйленемін» деген ұсынысын айтты. Бұған марқұм әкем қарсы болды.  Өйткені екеуміз де Дулат бабаның ішіндегі Жаныс руынанбыз. «Арамыз жеті атаға толған жоқ» деген үлкендердің сөзіне тоқтамадық. Екеуміз қол ұстасып 1971 жылы маусымның 22-і күні үйлендік, – деген жеңешем жастықтың қимас шағын еске алып, толқып кетті. 

– Өмірге отымыздың алды, суымыздың тұнығы Ардақ келді. Немересін алып, әкемнің алдына бардық. 

Өмір осылай басталған. Содан бері қандай қиындық болсын бірге көтердік. Азаматымның жаны жабырқап, әлденеге көңілі толмағанын анадайдан жүрісінен білемін. Қалайда көңілін көтеруді ойлаймын. «Құдайға жағам десең азанды бол, халыққа жағам десең қазанды бол» деген бабалардан қалған өсиет сөз бар. Апта сайын төрімізден қонақ кетпейді... Содан жамандық көргеміз жоқ. Жақсы жолдас, адал ниетті құда-жекжат таптық. Кенжебектің атын атамай «Кенже аға» дейтін іні-қарындасы қаншама?!

Қарап отырсақ әкім орынтағына отырғандардың қатары көп. Алайда жақсы атын сақтап, зейнетке шыққаннан кейін де айналасында көпшілік үйірсектеп жүргендері сирек. Райхан жеңгем әңгімесін жалғап, мына бір шумақты толқып тұрып оқыды.
Жалындаған жастық шақ 
жырақ қалып,
Ой-санамыз орнықты 
тұрақталып.
Кемел шақта осындай ой 
тоқтатқан,
Жарым жайлы берейін 
сыр ақтарып.

Жарым менің – өмірлік жан 
серігім,
Тірек еткен тірлікке жар сенімін.
Сол үшін де төбеме көтеремін,
Алғы күнде қалса да қанша 
өмірім.
«Жақсы жар – жарты ғұмырың» деп бекер айтылмаған. Райхан жеңгем дәрігер болғандықтан жүректің дүрсілінен, соғысынан бәрін ұғатыны аңғарылып қалды. 

Кенжебек ағаны бауырындай көріп сыйлайтындар көп. Себебі бар. Ағаның бойында адамға деген адалдық пен қамқорлықтың ерекше лебі еседі. Биік парасатын, достыққа деген көңілін бірден байқайсың. Сондықтан ағаға еліктейтіндер көп. 

«Бір күнгі жолдасқа мың күндік сәлем» деп жататын қасиетті халықпыз. Осы жағынан келетін болсақ, өзімнің көргеніме тоқталайын. Өтпелі кезеңде аудандағы басшыларға «жақпай» қалғандар алдына барғанда ойланбастан қызметке алды. Алып қана қоймай, оларға қамқорлық көрсетті. Тәрбиеледі, жауапты қызметті сеніп тапсырды. Сенім деген жақсы қасиет екенін олар да ісімен дәлелдеді. 

Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде «тікелей байланысқа» шыққан баспахана мен редакциядағы зейнеткерлер үйлерінің талай жыл жөндеу көрмегенін, құлағалы тұрғанын айтып көмек сұрады. Кенже аға екі анаға да көмек берді. Жаман үй жаңарды. Басқа да көмегін аямады. Ол жақсылығын басшы баяғыда ұмытқан шығар. Бірақ олардың ұрпақтары ұмытқан жоқ. 

Жүрек жайлы тағы бір сыр бар. Жүректе жарға деген махаббатпен қатар досқа деген  ыстық ықылас та орнығады. Кенжебек Омарбаев аға туралы қоғам қайраткері Амангелді Ермегияев: «Менің достарым көп емес. Бірақ, иншалла, бір өзі мың адамға татитындары бар. Меніңше, достардың арасындағы құрмет пен сыйластық берік болғанда ғана арада ат арылмайтын беріктік орнығатыны ақиқат. Дос жақсыны асырады, жаманды жасырады. Осылайша жұдырықтай жүрекке достық өз ұясын салады», – деген екен.

Жақсы да, жаман да жүрекке салмақ түсіреді. Кенже аға ешқашан мойымады. Жүрегіне сызат түсірмеді. Аяулы жары Райхан жеңгеміз қасында, ұл-қызы бақытты. Адамға бұдан басқа не керек?!

Тәңірге тәубе, ақындар  мен батырлар елі атанған киелі жерімізден түлеп ұшқан, жарқын жүзіне нұрлы жанары жарасқан, жазық маңдайы мен толқынды қара шашы бір көрген жанның өзін баурап әкететін Омарбаев Кенжебек аға осындай құрмет иесі.

Бүкіл ғұмыры Жетісу жұртының көз алдында. Мәселен, 1989 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл ауданынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланғанда ауданның беделді басқарушыларының бірі Кенже аға жұрт сенген өкілі болды. 1990 жылдары Ұзынағаш ауылында ұлтаралық кикілжің байқалған тұста ол асқан шеберлікпен мәмілегерлік саясат жүргізді. 1991 жылдың күзінде көпшілік аудандық «Екпінді еңбек» газетінің атауын жаңашылдық рухта өзгерту үшін аудандық Мәдениет үйінде басқосқанда да (жиналысқа марқұм ағалар Б. Қыдырбекұлы, С. Бердіқұлов сынды тарландар  қатысқан-ды) биік парасат пен салиқалы сабырдың үлгісін көрсетіп, көпшіліктің көңіл кілтін тап басқан еді... Сол сәттерді мен ешқашан ұмытпаймын.

Иә, «Асылдың сынығы, айдынның тұнығы» демекші, жаны жайсаң, жүрегі жомарт Кенжебек аға жастайынан оқуға зерек болды.  Зейінді өрен инженер-құрылысшы мамандығын алып, 1973-1983 жылдары мамандығы бойынша ауданның құрылыс кәсіпорындарында жемісті жұмыс істеп, үлкен ұжымдардың бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Ал, 1984-1991 жылдары  партия, кеңес органдарында жауапты қызметтерде болды. Атап айтқанда, Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары Алматы облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін, сондай-ақ, 1992-1996 жылдары еліміздегі Материалдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары, «Казконтракт» акционерлік қоғамының вице-президенті, 1998 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 1998 жылдың қаңтарынан 2007 жылдың аяғына дейін Алматы облысындағы Талғар ауданының әкімі лауазымын атқарып, өзін жоғары мәдениетті, кішіпейіл азамат, үлкенге ізетті іні, кішіге  қайырымды аға ретінде танытты.

 Жетісу жеріндегі көпұлтты Талғар ауданын басқарғанда ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігін тағы дәлелдеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына айрықша көңіл бөлді. Талғарлықтардың іскер басшының жақсы қасиеттерін әлі күнге жарыса айтатындары сондықтан болар. Жалпы осындай лауазымды жандарға жұртшылық жылы сөзін кейде қимай жатады, бірақ Кенже аға жайлы бөгде сөз есту мүмкін емес...

Ол «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын ұстанып, кадр тәрбиелеу мен орналастыруда өзгелерге үлгі болды. Кенже ағаның біліктілігінің нәтижесінде талай азаматтардың ел басқаруда сәтті қадамдар жасағанын жоғарыда айтып өттік. Қазір әкім лауазымындағы бір топ азаматтар өздерінің Кенже ағаның шекпенінен шыққанын жиі айтып жүреді.

Министрдің орынбасары қызметін атқарған жылдары Қазақстанның егемен ел болып өркендеуіне қосқан үлесінің қомақты болғанын да айтқан жөн. Көптеген мемлекеттік комиссиялардың мүшесі ретінде басқа елдермен қарым-қатынас орнатып, егемендігіміздің нығаюына қосқан үлесі соның айғағы болса керек. Талғар ауданын басқарған жылдары Талғар өзеніне көпір, тұрғын үй, тағы басқа күрделі маңызды нысандар салынды. Қаншама тұрғын үй, мәдениет ошақтары бой көтерді. 

2007-2009 жылдары Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы, 2010 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін облыстық мұғалімдер кәсіподағына, Алматы қалалық және облыстық кәсіподақтар одағының төрағалығына сайланып, 2015 жылға дейін еңбек етіп, кәсіподақ саласының беделін көтерді.

 Кенжебек Омарбаевтың еліне сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Айтулы азамат «Құрмет» орденімен, көптеген мемлекеттік, мерейтойлық медальдармен марапатталып, халқына қадірлі, абыройлы азамат екендігін тағы бір қырынан көрсетті. 

Елбасының арнайы «Алғысы» және «Алғыс хаттары», облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен өзге де марапаттары – көп жылғы еселі еңбегінің жемісі. Алматы облысының, Жамбыл, Талғар аудандарының Құрметті азаматы.

Кенжекең республика дәрежесінде атқарған қызметтерімен қатар отбасында аяулы жар, ардақты әке, асқар таудай ата. Зайыбы Райхан – сүйікті жар, білікті дәрігер, денсаулық сақтау ісінің үздігі, ақылман ана ретінде бізге үлгі.

Дос-жаран, ағайын-туғандары ағаның азаматтығына тәнті. Ал құдай қосқан құдасы Стақан мен құдағиы Назгүл Белғожаевтардың пікіріне де құлақ салған жөн сияқты.

– Мен білетін Кенжебек расымен бақытты жан. Отбасында ардақты әке, халқының алдында абыройлы азамат Кенжебекпен құда болып, құйрық-бауыр асасқанымызға да біраз жылдың жүзі болды. Кенжебек пен Райханның ұлына үкілеп тәрбиелеген қызымызды ұзатып, мың жылдық құда болдық. Немерелердің қуанышын көріп, бірге марқаямыз. Құдам қандай лауазымды қызмет атқармасын, баяғы қарапайым, бекзат, ақеділ адами қасиетінен айныған жоқ. Ал, құдағиымыз Райханның бойындағы әйел қауымында көп кездеспейтін асыл қасиеттер – жарына деген көл-көсір сезімі, қонақжайлығы, үлкен парасаты, үлкенге құрметі мен немере, шөберелеріне, балаларына, келіндеріне деген аналық махаббаты ерекше екенін айтқан парыз. «Ерін сыйлаған әйел пейіштің төрінде болады», – деп жатады ғой. Райханға қандай жақсы сөз айтсақ та артық емес. Үлкен шаңырақтың киесі екені рас, – дейді олар.

Мұның бәрі тегін айтылмайды. Бұл жақсылардың жақсы қасиетіне деген құрметтері. Ал отыз, қырық, елу жыл аралас-құралас достары Әбікен-Нұргүл, Жансерік-Гүлбадан, Қадыр-Мәруа, Бақыт-Ғайша, Еркебек-Меруерт, Сертай-Салтанат осы отбасындағы бақытты сәттердің куәгерлері. Олар Кенжебектің табалдырығын аттағаннан мейірім мен жылылықты, уыздай ұйыған береке-бірлікті, жанарында шаттық толған, шулаған немерелерді көріп қуанасың дейді. Үйіне барғанда «Жағдайың қалай?» десең: «Тәубе, осыған шүкір. Қоғамдағы адамдардың қатарында патша көңілде жатырмын. Осыдан артық Аллаға өтініш білдірудің өзі күнә, қорқамын», – дейді екен. 

«Үйінде бақытты адам – ең бақытты адам», – депті бір данышпан. Бұл да Райхан жеңгеміздің бақыт – әйелдің табанының астында деген ұғымға сай екенін, оны ақылман ананың шын түсінгені деп түйіндеуге болар. Сұлулығы мен кеңпейілдігі жарасқан жеңгем осындай апа, әже, аяулы жар. Махаббат деген нәзіктікті жүрегіне, балаға  деген апалық сезімін жаулығының ұшына түйген жан. 

Қызы Ардақ мектепті алтын медальға бітірген, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Бүгінгі күні республикалық «Ғылым қоры» акционерлік қоғамында департамент директоры. Ұлы Ержан – жеке кәсіпкер, экономист-заңгер. Кіші ұлы Ерлан – мектепті «Алтын белгіге», университетті қызыл дипломға бітірген, Алматы қаласы Түрксіб ауданының прокуроры.

«Келіні жақсының керегесі алтын» демекші, келіндері Айжан мен Нарқыз – білікті мамандар, бақытты шаңырақта 7 немере өсіп, өркен жайған. Рүстем – «Алтын белгі» иегері, Ұлыбританияның озық оқу орнының үздік студенті. Әлішер, Дастан – мектеп оқушылары, бүлдіршіндер Альбина мен Айару, Альсара, Айсұлтан да желкілдеп өсіп, ата-әжесін қуантып жүр. Еңбегінің зейнетін көрген Кенжебек Омарбаев шыққан биік осындай.

Кенжебек аға: «Жігіт адамның маңдайына жазылған, пешенесіне бұйырған ең басты байлығы – отбасы. Құдайға шүкір деп айтамын, егер азаматтың бағы әйелге байланысты болса, мен өзімді шексіз бақытты адаммын ғой деп есептеймін. Райхан екеуміздің қол ұстасып келе жатқанымызға елу жылдан асты. Жарты ғасыр. Аз ба, көп пе? Былай айтсам, құлай ғашық болып, сөз байластық. Райханның маған деген махаббатын, менің оған деген ынтызарлығымды достарым, туыстар біледі. Үлкен ұлым өзіме тартқан. Қызым асыл анамнан айнымайды. Жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, сөз саптауы – тура анам. Райханның өзі таң қалады. Кіші ұлым – тура әкем. Достарым бұл кіршіксіз махаббаттың белгісі дейді. Солайы солай болар. Менің негізгі байлығым – Райханым.

 Өмір деген сынақтардан тұрады екен. Жаратқан шапқылап жүргенде мені тағы сынады. Мен ауруға шалдықтым. Тексеру қорытындысына кеткен жарым жанары жасқа толып келді. Есіктен кіргеннен: 
«Бұл аурумен сен емес, менің ауруым керек еді. Сен ауырмай, мен ауруым керек еді», – деп еңірегенін көргенде жүрегім қан жылады. «Мен сен үшін, өмір сүру үшін күресемін» – дедім. Құдайға жалбарындым «осы Райханды жылатпашы» деп. Осыдан кейін не айтуға болады?! 

Райханның тілеуін Алла беріп келеді. Мен бала-шағамның ортасындамын. Райхандай күйеуін шын сүйген жары бар азаматтың қайраттанбауы мүмкін емес. Осындай әйелі бар адам, әрине, ауруды жеңуі тиіс қой. Отаға түскенде Райхан есінен танып құлап түсіпті. Мен соны ессіз жатсам да білдім. Оған Райхан таң қалады. Бұл да тұнық махаббаттың, асыл сезімнің әсері шығар. Қос жүректің байланысы болар. Сондықтан жарым менің бар бақытым, – деп күледі аға.

Иә, бұдан кейін «Махаббат – мәңгі ертегі» демей не дейсің? Кенжебек аға мен Райхан – ертегі кейіпкерлері. Олардың бойларында ескірмейтін, қартаймайтын ұлы сезімнің қасиеті мен қадірі бар. Оны түсініп, жүректерін таза ұстаған жұбайларға қарап мына өмірді мәнді, әдемі өткізгендеріне қызығасың. Олар әлі де бір-біріне ғашық, бір-біріне ынтызар. Сол сезім оларды қиын сәттерде қорғап, қоршап келеді. Әлі де солай болсын деп тіледім. Мен жақсы көретін аға, жеңге, аман болыңыздар.

Күмісжан БАЙЖАН,
ҚР Мәдениет қайраткері