КӨКӨНІС, ГҮЛ ӨСІРЕДІ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 676
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеген ауданындағы Қарқара ауылында Ізтелеу Нүсіпқожаев деген азамат тұрады (суретте). Оны білікті фермер, бағбан әрі гүл өсіретін азамат деп айтуға болады. «Айбол» атты шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жоғары білімді агроном соңғы жылдары айналысатын кәсіптерін ұлғайтып, үйінің айналасын көз тоятын дүниелермен көмкерген.


 Ол алғаш ауданда «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, арнайы сертификат алған соң гүл өсіретін жылыжай салуды қолға алған. Игілікті ісі оңынан болып, облыс әкімінің 1 миллион теңге грантына ие болды. Екі метр тереңдікте қазылған жылыжайында гүл өсіріп, көктем мезгілінде аудандық әкімдік пен бірнеше ескерткіштің алдын гүлмен толтырды. Жалпы, оның гүлін көптеген мекеме мен мектептер алып, пайдаланып келеді. Біз Ізтелеудей іскер, еңбекқор азаматтың гүл өсіретінін бұрында жазған болатынбыз. Енді ол үйінің екінші жағынан көкөніс өсіретін  жаздық жылыжай салыпты. Ені 6 метр, ұзындығы 20 метр жылыжайда қияр, қызанақ өсіреді. Екеуі де жеміс беріп тұр. Жылыжайдың жанында қырыққабат, сәбіз, сарымсақ, картоп, тағы басқалары жайқала көз тартады. Ізтелеудің қияр, қызанақ, сарымсақтарын көршілері де сатып алады. 

– Қарқара ауылдық округі аумағынан 1,5 гектар жер алдым. Ауылды, ауданды қамтитындай үлкен жылыжай салуды жоспарлап жүрмін. Әзір қаражат жағынан қиналып тұрмын. Қысы-жазы істейтін жылыжайда қияр, қызанақ, капуста, қырыққабат өсірсем деген ойым бар. Оның шапағаты елге тиетін еді. Бұрыннан айналысып жүрген шаруаларымның бәрі тәжірибе жинау. Үлкен іске дайындалу, – дейді Ізтелеу алдағы жоспарларын сөз етіп. 

Рас, ауданда үлкен жылыжай жоқ. Оған бел буып жүрген азаматқа қалайда көмек, қолдау көрсету керек. Өйткені, қолға алған ісінің нәтижесі көрініп тұр. 10 миллион теңгедей қаражат керек екен. Жобасы іске қосылған кезде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.  Міне, нағыз агроном! 

Оның сырт жақта 15 гектар арпасы, 5 гектар картобы бар. Жердің қасиетін білетін агроном жігіт осындай жемісті жұмыстар жасап келеді. 

Жалпы, оның әр күні еңбекке толы. Ауылда жұмыс жоқ дейтін жастарға үлгі. Ізтелеу Нүсіпқожаевтың зайыбы Тұрған Бұқабаева ағылшын тілінің мұғалімі. Үй шаруасынан қолы қалт еткенде агроном жұбайының көкөністерін күтуге көмектеседі. Екі ұл өсірген. Келіні, 3 немересі бар. Шалғай ауылда өзінің мамандығы бойынша гүл, көкөніс, картоп пен дән өсіріп, игілігін көріп келе жатқан азаматтың қолы қуатты, өмірі шуақты бола бергей!

Қанат БІРЖАНСАЛ