ДАМУ ДИНАМИКАСЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 741
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаровпен бірге «Атек Агро» ЖШС жұмысымен танысты. 


Кәсіпорын интенсивті технологияларды қолдану арқылы алма бақтарын өсіреді. Жоба құны – 850 млн. теңге. Қаражат ЖШС және «Аграрлы несиелі корпорация»  АҚ тарапынан бөлінді. Әр гектардан 30-45 тонна өнім алу жоспарда. Бақты тамшылатып суаратын құрылғылар Израильден сатып алынған. Аталмыш агробизнес субъектісіне мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы және Сапархан Кесікбайұлы «Empire Food» ет өңдеу кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде: 
– Кәсіпорын Елбасы тапсырмасын орындау аясында инвестиция мен жаңа технологияларды тарту нәтижесінде құрылды. Айта кетерлігі, республикадағы жалпы ауылшаруашылығы өнімінің 20 пайызы біздің облыста өндіріледі. Миллион бас ірі қара болса, ұсақ мал 4 миллион басты құрайды. Заманауи технологияларды қолдану арқылы етті терең өңдеуді жолға қою және экспортқа бағдарланған өнім өндіру – басым бағыттардың бірі, – дей келе, зауыттың салынуына ұйытқы болған инвесторларға алғысын жеткізді. 

Өз кезегінде Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров: 
– Ет өңдеу кешенін ашу – Елбасының ауылшаруашылығын экономиканың драйвері етіп жасау, АӨК-тегі еңбек өнімділігін арттыру, қайта өңдеу, ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау тапсырмасының орындалуының айғағы. Алматы облысы ауылшаруашылығы саласында даму динамикасын көрсетті. Қант қызылшасының егіс алқабы жылдан-жылға артып келеді. Қант зауыттары қалпына келтіріліп, қарқынды жұмыс жасауда. Мал шаруашылығы да жетекші орында, – деді. 

Иран Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Маджид Самадзаде Сабер зауыттың ашылуымен құттықтап, Иран мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың екі ел бизнесінің өсуіне оң әсер ететініне сенім білдірді. Ал, «Empire Food» ЖШС басшысы Джавидан Фарман Джавад жоба мемлекеттік қолдаудың, облыстық әкімдіктің жәрдемдесуінің арқасында жүзеге асқандығын атап өтті. Оның айтуынша, жыл басынан бері 332 тонна өнім өндірілді. Иран Ислам Республикасына және Бахрейн Корольдігіне 73 тонна өнім жіберілді. Жыл соңына дейін 640 тонна ет өнімдерін экспорттауға ниетті.

Құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын ет өңдеу кешенінің бас инвесторы – «Аграрлы несиелі корпорация» АҚ. Жергілікті халықтан 80 адам жұмысқа тартылған. 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Жамбыл ауданы