ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 603
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс орталығындағы сәулеті келіскен, күн санап аумағы кеңейіп жатқан алтыншы шағын ауданда орналасқан Талдықорғандағы ең биік  16 қабатты үш үйдің бірінші қабатымен қапталдаса орналасқан бастапқы медициналық санитарлық көмек орталығы салтанатты түрде ашылды.


Жетісу жерінде тұңғыш, елімізде алғашқы болып іске қосылған 16129 адамға қызмет көрсететін орталық күніне 320 адамды қабылдайды. Жалпы  орталық  шағын шаһардағы алтыншы, жетінші, сегізінші және әскери қалашық тұрғындарына балалар мен ересектерді профилактикалық, скринингтік тексеру, иммунопрофилактика, амбулаторлық еммен қамтамасыз ету, негізгі созылмалы сырқатпен ауырғандарды диспансерлеу сияқты қызмет көрсетпек. Сондай-ақ жаңа нысанда ультрадыбысты, функционалды зерттеулер мен физиотерапия сынды қазіргі стандарттарға сәйкес зерттеулер жүргізіледі. Орталық кезегіне egov.kz порталы, болмаса мобильді қосымша арқылы онлайн тіркелуге болады. «Болашақ» шағын ауданындағы жаңа орталықты көпқабатты үйлермен іргелес салу идеясының авторы – Амандық Баталов. 

Ашылу салтанатында сөйлеген Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жиналғандарды құттықтап, жаңа орталықтың ерекшеліктеріне тоқталды. Бұл жерде білікті дәрігерлермен қатар дипломын кеше ғана алған жас маманның да қызмет істейтінін айтып өтті. Жаңа нысанның тұсауын қала әкімімен қатар қазақ киносының қара нары Әлімғазы Райымбекұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ және медицина саласының құрметті ардагері Тілеуберді Максимұлы кесті. 

Қали АСҚАР