ЖАҢА ҒИМАРАТ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 1912
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Аудан орталығы – Қаскелең қаласында орналасқан Керімбеков атындағы орта мектептің оқушылары мен ұстаздары Білім күнін ерекше қуанышпен қарсы алды. Себебі, бала санының еселеп артуына байланысты үш ауысыммен оқуға мәжбүр болған олар енді 300 орынды жаңадан салынған кең әрі жарық жапсаржай ғимаратын пайдаланады.


Білім күні мен жаңа оқу жылының ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Жандарбек Далабаев мектеп ұстаздарын, оқушылар мен ата-аналарды айтулы мерекемен құттықтап, болашақ ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында ауданда атқарылып жатқан ауқымды шараларға тоқталды.

Ағымдағы жылы аудан аумағында бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізіліп, қайта жаңғыртылуда, – деді Жандарбек Ермекұлы сөзінің басында. – Әйтей ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде 1200 орынды мектеп құрылысы жүргізілуде. Үшауысымды оқуды жою мақсатында Керімбеков атындағы орта мектепке 300, Абай ауылындағы орта мектепке 600, М. Мәметова атындағы мектепке 300 орынды жапсаржай құрылысы жүргізіліп, қолданысқа берілді.

Білім беру саласына жасалып отырған жағдай үшін  аудан әкімі Жандарбек Ермекұлына жұртшылықтың алғысын жеткізген мектеп директоры Қанат Әбдімүтәліпұлы білім мен тәрбие саласында қол жеткен табыстарын айта келіп, саналы да жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу жолында ұстаздар  ұжымы қажымай еңбек ететініне сенім білдірді. Ал ата-аналар атынан сөз алған Жадыра Шаймерденова балаларға жасалынып отырған қамқорлық үшін ел ағаларына алғыс білдіріп, ұстаздар қауымының білімді әрі қайырымды түлектер тәрбиелеуіне тілектестігін білдірді. 

Дәстүр бойынша бірінші сыныпқа келген бүлдіршіндер тәтті тілдерімен тақпақтарын оқыса, оларға жауап ретінде 11-сынып оқушылары кішкене бауыр-қарындастарының білімге басқан қадамдарына сәттілік тіледі. Салтанатты шара аудандық, облыстық, халықаралық байқауларда жүлде алып жүрген мектептің өнерпаз шәкірттерінің ән шашуымен  жалғасты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ